Мәдениет

Ұлт ұстазын ұлықтады

Астана қаласының Білім беруді жаңғырту орталығы мен Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның ұйымдастыруымен ұлт ұстазының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық мұрасы және «Жаңа Қазақстанның» білім жүйесі» тақырыбымен қалалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Конференцияға белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, алаштанушы ғалым Сағымбай Жұмағұл, аталған университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Қайырбек Кемеңгер, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тіл саясатын үйлестіру бөлімінің басшысы Нұрзила Қасқатаева қатысты.

Жиын пленарлық отырыспен басталып, әрі қарай «А.Байтұрсынұлы мен Алаш қайраткерлерінің сабақтастығы» және «Оқыту процесіндегі А.Байтұрсынұлы мұрасы: идея, әдістеме және жаңашылдық» атты екі бағыттағы секциялық тәжірибе алмасуға ұласты.

Елорданың Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Қошке Кемеңгерұлы, Қайым Мұхамедханов атындағы мектептердің мұғалімдері Ахаң мен Алаш азаматтарының тұлғасын байланыстыра отырып, баяндама жасаса, екінші бағыттағы секция алаңында Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығын мектеп бағдарламасына сай оқытудың әдістемесі талқыланды.

Елорданың Білім беруді жаңғырту орталығы және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM school мектеп-лицейі бірлесе ұйымдастырған ұлт ұстазының 150 жылдығына арналған «Ахмет және ұлттық болмыс» атты республикалық танымдық-шығармашылық фестивальдің ашылу салтанаты да өтті. Аталмыш шараға Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы қатысты. Республикалық фестиваль бір ай көлемінде жүргізіледі. «Ахмет жаққан шамшырақ» атты республикалық драматургиялық қойылым байқауы (оқушылар арасында), «Даналық ойдан дән ізде» атты Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын насихаттауға бағытталған әлеуметтік желілерде шақыру тастау (челлендж, ата-аналар арасында байқау) атты кезеңдерден тұрады. Фестиваль
«А.Байтұрсынұлы мұраларының заманауи білім берудегі орны мен маңызы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен түйінделеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button