Құқық

Ұлыңыз әскерге дайын ба?

Қазір Астана қаласының әскери комиссариатында күзгі әскерге шақыру нау­қаны жүріп жатыр. Он сегіз жасқа толған немесе белгілі бір себептермен әскери қыз­меттен кейінге қалдырылған жас жігіттерді Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру – үлкен жауапкершілікпен әрі жан-жақты дайындықпен атқарылатын мемлекеттік маңызды шаруа.

Мәні зор міндет

Кейінгі кезде Қазақстан армия­сындағы орын алып отыр­ған жағ­дайға байланысты халық балаларын әскерге жіберуден қорқып қалған тәрізді. Айына бір-екі рет ана жерден бір, мына жерден бір «жас сарбаз өзіне-өзі қол жұмсапты, жас сарбаз өзін-өзі атып өлтіріпті» деген адамның зәре-құтын ұшыратын хабарлар естіліп жатса, ата-аналарды да түсінуге болады.

Оның үстіне «Қазақстан әскері қатарында қызмет ету бір жылдан бір жарым, екі жылға дейін ұзартылуы мүмкін» деген әңгіме тағы тарап отыр.

Міне, осыған байланысты облыстық, қалалық, аудандық қорғаныс істер жөніндегі департамент, басқармалары мен бөлімшелеріне осының жай-жапсарын түсіндіріп беруді сұраған хаттар мен қоңыраулар көптеп түсетін көрінеді.

– Менің немереме Астана қаласының әскери комиссараты жанындағы жинақтау қосынына шұғыл жету керектігі жөнінде хабарлама келді. Жасы өткен шілде айында он сегізге толып еді. Әскерге тұңғыш шақырылушы ретінде баратын болғасын ілесіп бардым. Алайда лейтенант шеніндегі Ф.Әміров деген азамат «немереңізді міндетті түрде медициналық бақылаудан өткізіп, психикалық жағдайын тексереміз. Бұл – міндетті рәсім. 18 бен 27 жас аралығындағы жас жігіттер өтуі тиіс» деп басқа ештеңе айтпады. Басқа сұрақтарыма жа­уап бермеді, – дейді қала тұрғыны Ермек Жұмағазин.

Осыған орай біз Астана  қаласы­ның Қорғаныс істері жөніндегі департаментіне хабарластық. Онда тек бір анықталғаны, әскери қызметке байланысты заң жобасы ҚР Парламенті Сенатының қарауында жатқан көрінеді. Тағы бір түсінгеніміз, Қазақстан Рес­публикасы Қорғаныс министрі, армия генерал-лейтенанты Руслан Жақсылықов «Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу және әскери есепке кімдер алынатынын нақтылау жөніндегі Ережеге өзгерістер енгізу туралы» бұйрық шығарған болды.

– Биыл әскерге 2006 жылы туған жас жігіттер шақырылып отыр. Олар әскери комиссаратқа барлық қажетті құжатын алып, дәл уақытында келуі қажет. Әскерге шақырылу куәлігі (приписное свидетельство) – әскери билет сияқты маңызды құжат, – деп түсіндіреді шұғыл ұйымдастыру жұмыс­тары департаменті бастығының орынбасары Азамат Досымов.

– Ол әскерге немесе запасқа жіберілгенше жарамды. Ал әскери есепке алынғасын әскери билет беріледі де, шақыру куәлігін жергілікті әскери орган алып қалады.

Бір айта кетерлігі, енді әскерге шақырылғандардың жауапкершілігі тек қана әскери комиссарға ғана емес, баланың ата-анасына да, өзіне де мықтап жүктеледі. Сондықтан шақырылған әр жас жігіт медициналық бақылау мен психологиялық тексерістен өткеннен кейін оны қатыстыра отырып, ата-аналарымен жеке-жеке әңгіме өткізіледі. Барлық тұрмыстық-әлеуметтік, ағайындық қарым-қатынастары зерделенеді, зерттеледі. Алған мамандығы, адамгершілік-іскерлік қасиеттері, діни көзқарасы, бұрын әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылды ма, жоқ па, сол жағы көбірек ескеріледі, – деді ол.

Сылтау іздеп, жалтаратындар көп

– Нұрлан – Рабиға Сәлімованың жалғыз ұлы. Үлкен қызы тұрмыста басқа қалада тұрады. Міне, ол Ақтау мен Тараздағы сарбаздардың оқиғасын естігеннен бері баласын қалай да әскерден алып қалудың жолын іздеп жүр екен.

– Шынымды айтайын, Қазақ­стан армиясындағы әлімжеттікті естігеннен бері түн ұйқым төрт бөлінді.

Біліп жатамыз, естіп жатамыз, қол жеткендер балаларын әскери техникалық мектепке (ӘТМ-ВТШ – военно-техническая школа) жіберіп жатады. Мен де соның жолын қарастырып жатырмын. Ұлым өткен жылы мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырып еді, балы жетпей түсе алмай қалды. Енді әскерге қайта-қайта шақырады…

Біз бұл туралы ҚР Әскери қызметті шұғыл ұйымдастыру департаментінің өкілінен сұраған едік. Ол былай деді: «Жасыратыны жоқ, әскерден жалтарушылар аз емес. Осы тұрғыда заңды қатайту туралы да ұсыныстар түсіп жатыр» дейді ол.

Әскер қатарына шақырылып жатқан жастардың көбінің денсаулықтары нашар. Майтабан, асқазан жарасы мен жүрек-қан тамыры ауруларына шалдыққандар көп. Тіпті соңғы уақытта «тоқішекке ет өскен» деген сырқат түрі пайда болды. Мұндай кеселі бар адамды армияға алуға болмайды. Ол бір қауіпті де ауру емес. Ота жасалса, екі-үш айда жазылып кетеді. Алайда бізде ондай қаражат қарастырылмаған. Ал әскерге міндетті жас жігіт «қаржым жоқ» деген желеумен өздігінен ота жасауға асықпайды. Міне, сол себепті де қазір Қазақстан әскерінде сарбаз тапшылығы анық байқалып отыр.

Биыл көктемгі шақырылымда әскерге 17000 адам алынды. Олардың 6500-і ҚР Ішкі істер бөлімдері мен бөлімшелерінде қызмет етіп жүр.

Әскери техникалық мектеп төңірегінде түрлі әңгімелер айтылуда. Солардың ең бастысы, ӘТМ – қысқартуға ұшырауы мүмкін деген сөз. Қорғаныс министрлігінің бюджетіне айтарлықтай салмақ салып отырған құрылымды жылдар бойы зерттеп келе жатқандар мұның тиімділігі аз деп тұжырым жасаған көрінеді. Оның орнына әскери-оқу орталықтарын дамытса, анағұрлым пайдалы болар еді деген пікірлер немесе әскерилерді дендеп дайындайтын, оқытатын оқу құралдарын шығарса, қаржыны соған жұмсаса деген ұсыныстар орталық штабқа көптеп түсіп жатқан көрінеді.

Әлімжеттік пе, әлде?..

Өткен жылы әскери қызметшілердің өзін-өзі өлтіруіне қатысты 16 қылмыс тіркелсе, биылдың өзінде осы негізде сегіз қылмыстық іс қозғалды.  Бұның негізгі себебін әлі тап басып ешкім айта алған жоқ. Көбі әскердегі әлімжеттікке әкеліп тірегенімен, өзін-өзі бастан атқан сарбаздың қасында ешкім болмаған көрінеді. Психологиялық ауытқушылық болуы мүмкін деген пікір де айтылып қалып жатыр. Ал ондай болса, ол құзіретті комиссия сүзгісінен, психологиялық тексеруден қалай өткен?

Осы жерде «бүгінгі күні Отан қорғауға аттанған жігіттердің көбі әлсіз, шыдамсыз әрі сылбыр. 18 жасқа дейін еңбек етіп, өмір талабына сай икемделіп, шынығып үлгермегендер сәл қиындықты көтере алмайды. Әскерге барар-бармастан үйін сағынып, еркіндікті аңсайды. Өз қатарластарымен байланыс орнатуда қиналады. Осының барлығы өзекті өртейтін жайттарға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан әскердегі әлімжеттікті тыю үшін ата-аналар мен қоғамның бақылауын күшейтіп, жастардың жігерін жану керек» деген пікірдің жаны бар сияқты.

Отан алдындағы парызды өтеу – әрбір  азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан жас сарбаз сабырлы мінезімен қоса, адами құндылықтарды дәріптеп, әскери ортада шыңдала білсе дейміз. Оған о бастан-ақ темірдей тәртіп, жинақылық, тазалық, өзін-өзі ұстай білу қасиеті тән болуы керек. Сонда ғана ол елін қорғайтын азамат бола алады.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button