Басты ақпаратЕлорда тынысы

Ұстаз мәртебесін биіктетті

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Ұлт шамшырағы – ұстаздар» атты мерекелік концерт өтті.

Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдас­тыруымен өткен кешке Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, елорда әкімі Алтай Көлгінов пен республиканың әр аймағынан шақырылған білім беру ұйым­дарының қызметкерлері, ардагер ұстаздар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов құттықтау сөзінде Президент Жол­дауының міндеттерін айтып, ұстаз мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстардың маңызын атап өтті.

– Мемлекет басшысы балабақша тәрбиешілерінің мәртебесін көтеру және жүктемесін азайту бойынша тапсырма берді. Осыған байланысты келесі жылы қаңтар айынан бастап 100 мыңға жуық тәрбиешінің жалақысы өседі. Педагогтардың жалақысы 25%-ға көтеріледі, – деді министр.

Білім беру саласында аянбай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздардың еңбегін бағалап, қоғамдағы педагог мәртебесін арттыру мақсатында Жолдаудың орны айрықша екенін қала әкімі Алтай Көлгінов те атады.

– Бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз ТМД елдері педагогтарының VII съезімен тұспа-тұс келіп отыр. Президентіміз білім саласына ерекше көңіл аударып келеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа мектептер салу жөнінде арнайы бағдарлама қабылдады. Жоспар бойынша жұмыстар атқарудамыз. Себебі елордамыз қарқынды даму үстінде. Жыл сайын балалар саны артып жатыр. Мәселен, он жыл бұрын мектептерде 70 мың бала оқыса, қазірде олардың саны 250 мыңға жақындап қалды. Олардың бәрін тәрбиелеп оқытатын өздеріңіз. Мектептерді салуын салғанмен, мұғалімдерді дайындау керек. Сондықтан Астана қаласында арнайы педагогикалық институт салу жоспарда бар.

Елордамыз – бас қалада сіздерге артылатын салмақ үлкен. Шығармашыл жолдарыңызда қайраттарыңыз қажымасын. Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді қала әкімі.

Мерекелік кеште бір топ мұғалімдер «Астана қаласының құрметті педагогы», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілермен марапатталып, ұстаздарға 1 млн теңге көлемінде арнайы сертификат табысталды.

Солардың бірі – №82 ­«Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Гүлшара Дүйсенова «Астана қаласының құрметті педагогы» атанды.

– Бүгін – барша мұғалімдер қауымы үшін ерекше күн. Өз басым үшін бұл марапат күтпеген сый болды. Ұстаздарға жасалған ерекше мүмкіндіктердің негізінде жетістікке жеткен оқушыларымды тәрбиелей алдым деп ойлаймын, – деді Гүлшара Дүйсенова.

Мерекелік концертті Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткерлері Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, «Қорқыт» этно-ансамблі мен «Жастар» театрының әртіс­тері қойылыммен әсемдей түсті.

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button