Елорда тынысы

Әлем қауымдастығы ерекше назар аударды

Әлем қауымдастығы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясына қатысуына ерекше назар аударды.

Американың күнделікті жарық көретін The Washington Post газеті «БҰҰ басшысы әлемнің орасан зор жаһандық әрекетсіздікпен тежелгенін мәлімдеді» деген мақаласында Қазақстан басшысының «Жаһандық санкциялардың таралуы, Ресей мен Америка Құрама Штаттары сияқты ірі державалар арасындағы бәсекелестіктің жанама өнімі жаһандық жеткізілім тізбегі, баға және азық-түлік қауіпсіздігі проблемаларының ішінара себебі болып саналады. Қауіпсіздік архитектурасы бұзылуда. Әлемдік державалар арасындағы өзара сенімсіздік тереңдей түсуде» деген сөзін келтіреді.

USAID-тің ресми сайтында USAID әкімшісі Саманта ­Пауэрдің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі аталып өткен.

Тараптар Қазақстанның экономикалық жаңғыруын жеделдетуді, азаматтық қоғамды қолдауды және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағдарламасында баяндалған процестер мен мақсаттарды ілгерілетуді, соның ішінде инклюзивті және ықыласты демократиялық басқаруды кеңейтуді қоса алғанда, АҚШ пен Қазақстан арасындағы екіжақты әріптестіктің негізгі басымдықтарын талқылады.

Anadolu Agency ақпараттық агенттігі «Қазақстан Президенті бәсекелестіктің күшеюіне, ядролық мемлекеттердің риторикасына қатысты дабыл қағуда» атты мақаланы жариялады.

Мақалада Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-дағы «Біз екі буыннан кейін алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келдік» деген мәлімдемесіне баса назар аударылды.

Атап айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Қазақстанның «ядролық державалар арасында күшейіп келе жатқан бәсеке мен текетірес­ке алаңдайтындығын» айтты.

Мақалада ҚР Президентінің «Бұған дейін Қазақстан ядролық қару сынақтарынан көп зардап шекті. Сондықтан, ядролық державалар арасындағы текетірестің күшею қаупін жақсы түсінеміз. Осыған орай, ядролық қарусыздану Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды қырына айналды. Біз ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы күресімізді жалғастыра береміз» деген сөзі келтірілген.

Сонымен қатар, ҚР Президентінің «біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың жалпы конференциясы аясында ілгерілеу жоқ екеніне алаңдаймыз» деп атап өткені көрсетілген.

Қазақстан Көшбасшысы: «Әлем геосаяси қайшылықтар күшейіп келе жатқан жаңа кезеңге қадам басқан секілді. Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып отыр. Тежемелік және тепе-теңдіктің жаһандық жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қала алмады. Қауіпсіздік архитектурасы келмеске кетіп барады. Әлемдік алпауыттар арасындағы өзара сенімсіздік жылдам арта түсті. Әлем жаңа әскери қақтығыс ошақтарының құрбанына айналды. Біз екі буыннан кейін алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келдік» деп ескерткен.

BIG ASIA мен Interfax басылымдары Қазақстан ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропалық комиссия­ның басшысы Урсула фон дер Ляйенмен сейсенбі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы аясында жүргізілген келіссөздеріне және оны Қазақстан Республикасына ресми сапармен келуге шақыруына назар аударды.

Тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамыту перспективаларын талқылады. Қазақстан Президентінің 2021 жылғы қарашадағы Брюссельге ресми сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ден қойды. Атап айтқанда, энергетика және көлік-логис­тика салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қозғалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Урсула фон дер Ляйен стратегиялық әріптестікті одан әрі жан-жақты нығайтуға өзара бейілділігін растады.

Өз кезегінде, Еуропалық комиссияның басшысы Қазақстан Президентінің басшылығымен елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды жоғары бағалады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button