Елорда тынысы

Әлеуметтік нысандар газға көшірілді

Қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жеңілдетуге бағытталған ауқымды жобаның бірі – Астананы газдандыру. Бүгінде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс аз емес.

Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, жекеменшік тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды газға қосу жұмысы жалғасып жатыр.

– Әлеуметтік нысандарды газға қосудамыз. Елорданың елді мекендерінде автономды жылу көздері арқылы жылытылған әлеуметтік нысандар бар. Олар автономды жылу көздері арқылы, яғни көмір немесе бірнеше есе қымбат дизель отыны арқылы жылытылды. Қазіргі кезде қаладағы Алматы және Сарыарқа аудандарында орналасқан барлығы 20 әлеуметтік нысанның 13 нысаны газға ауыстырылды, қалған 7 нысан бойынша іске қосу-жөндеу жұмысы жүргізілуде. Олардың қатарында елді мекендердегі бірқатар көпқабатты тұрғын үйлерді жылытқан 3 аудандық жылу қазандығы да бар. Бұл объектілерді газға ауыстыру есебінен жалпы үнемдеу жылына 1 млрд теңгеден асады, – деді А.Көлгінов.

Бұған дейін, мәселен, қаладағы №40 мектеп дизельдік отынмен жылытуға жылына 160 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсаса, енді нысанды газбен жылытуға көшкелі бері бұл сома шамамен 4 есеге азайды. Ал «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы газға қосылу арқылы жылына 60 миллионнан астам теңге қаражатты үнемдеп отыр.

Астанада газдандырылған үйлердің саны күн сайын артуда. Бүгінде газға 6 мыңнан астам үй қосылды. Сарыарқа және Алматы аудандары газбен толық қамтамасыз етілді. Ол үшін 680 км астам газ тарату желілері салынып, орамішілік желілер жөнделді. Ал Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын салу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы аудан қазандықтарына «Тұран», «Тельман» және «Ильинка» («Үркер»), «Өндіріс», «Тельман», «Пригородный», «Family Village», «Garden Village» шағын аудандарына газ тарту желілерінің құрылысы басталды. «Шұбар» шағын ауданында жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Тұрғын үйлерді газға қосуды жеңілдету үшін бұған дейін бірқатар шаралар қабылданды: үйлерді газға қосу үшін құжаттар тізімін екі есе қысқарттық; халықтың мұқтаж санаттарына бөлетін соманы екі есе, 430 мың теңгеге дейін ұлғайттық; газды есептеу аспаптары – есептегіштер үй иелеріне тегін берілуде; үйді газдандыру үшін бөліп төлеу және банктер арқылы пайызсыз несие беру қарастырылған. Елорданы газдандыру – Мемлекет басшысының бақылауында, – деді әкім.

Расында да, тұрғын үйлерді көмірмен жылыту азайған сайын тұрғындардың тірлігі жайлы бола бастады. Бұл қаланың экологиялық тазалығына да айтарлықтай әсер етуде.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button