Басты ақпаратМәдениет

Ән базары – Қараөткел

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы «Ән базары – Қараөткел» атты тарихи-музыкалық кешін өткізді. Кештің бұлай аталуы тегін емес, кешегі Қараөткел, бүгінгі елорда ХІХ ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың басына дейін үлкен сауданың ғана емес, ән-жырдың да орталығы болған. Қазіргі «Астана» концерт залының орнындағы жәрмеңкеге небір дүлдүлдер мен бұлбұлдар жиналып, өнер жарыстыратын. Әйгілі әнші, халық композиторы Балуан Шолақ сол жерде қымыз сатып тұрған ғашығы Ғалияны алғаш көріп, ынтыққан деген дерек те бар. Филармония әртістері мен шақырылған өнерпаздар Қараөткелдің ән базарын жаңғыртып, асыл мұраға айналған әндерді шырқады.

Академик Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» еңбегінде Арқа әнінің бір биігі Қосымжан Бабақовтан жазылып алынған тарихи дерек кездеседі. Соны сөйлетсек, 1915 жылы Ақмоланың атақты көпестері Қосшығұловтар үздік әнге бәйге жариялап, осы жерге Арқаның әр атырабынан әншілерді жинайды. Бәрі әнші әрі ақын Ғазиз Файзоллаұлының шаңырағында бас қосады. Осы жерде кеңесіп, ән шырқайды.

Олардың арасында «Қанатталды» әнінің авторы Сәтмағамбет, Қапаш, Тұрсынбай, Сәлкен, Кәкімжан, гармоншы Қарақас, Ахмет, Исабай сынды сол заманның үлкен әншілері болады. Жиырма жасқа енді толған Қосымжан да сол ортадан табылып, Біржан салдың «Айтбай», Жаяу Мұсаның «Көгаршын», Ғазиздің «Шалқыма» әндерін айтады.

Жалпы, бір ғасыр бұрын өткен бұл басқосуда Ақан сері, басқа да халық композиторларының туындылары әуелейді. Бертінде осы әндерді Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, т.б. өнер саңлақтары іліп әкетіп, өз шәкірттеріне үйретті.

Филармония кешінде өнерпаздар тарихты тірілтіп, әуелете ән салды. «Ғазиздың әні», «Шәмсиқамар», «Сүржелгенше», «Майраның әні», т.б. баға жетпес ұлттық мұраның інжу-маржаны саналатын шығармалар жаңғырды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Сарина, Айгүл Қосанова, мәдениет қайраткерлері Амандық Көмеков, Секен Сыздық,  Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Ұлағат Шалғынбекұлы, Бауыржан Нұрмұханов, Жандос Иманбай, Берік Омаров, Данияр Мұқан, Бейбіт Мұсаев, Жәнел Қуатова, Жақсыгелді Маясаров, Арафат Ысқақов, Тельман Нұркенов, Өзгеріс Шерікбай, Нұржан Мейір­хан, Елбол Қуанбек, Айнұр Қонысбаева, Сәулежан Тағзия, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі мен «Шалқыма» халық би ансамблі өнер көрсетті.

Кештің өтуіне Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де атсалысып, «Тарих беттері сыр шертеді»  атты көрме ұйымдастырды. Бұл көрмеге Ақмола тарихы, Қараөткел жәрмеңкесінің тарихы, жәрмеңкеге қатысқан өнер майталмандары туралы материалдар, Ақан сері, Әміре Қашаубаев, Иманжүсіп Құтпанұлы, Сәтмағамбет Ахметов, Майра Уәлиқызы, тағы басқа да әншілер мен халық композиторлары жайлы кітаптар қойылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button