Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпарат

Адамзатты тітіренткен алапат

Ақмола өңірінде саяси қуғын-сүргін тарихы материалдарының зерттелу барысы қандай?

XX ғасырдың 20-40-жылдары кеңестік тоталитаризмнің саяси қуғын-сүргіні бұрынғы КСРО, тіпті әлем тарихындағы адамзатты тітіренткен алапат құбылыс болды. Зерттеушілердің деректеріне қарағанда, осы мерзім ішінде «тап жауларын құрту», «буржуйлардың көзін жою», «бай, кулактардың тамырына балта шабу», «алашордашыларды талқaндау», «троцкийшілерді», «бухариншілерді», «ұлтшылдарды», «панисламшыларды», «шетел тыңшыларын» әшкерелеу т.б. деген біріне бірі жалғасып жатқан тұтқындаулар, айдаулар мен атулар 20 миллиондай жазықсыз жандардың өміріне, отбасына, олардың ағайын-тумасына жазылмайтын қасіреттер әкелген екен.

Сол жылдардағы «Халық жау­лары» деп таңбалағандардың, қазір жеке даралары болмаса, ешкімі де қалмады. Тіпті, олардың балаларының өзі өте азайды. Солардың ұрпақтары қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларын аңсап, көз жастарын көл етеді, жазықсыз атылып айдалғандарына күйінеді. Олар кезінде, «Отанын сатқан опасыздардың», «контрреволюционерлердің, «ұлтшылдардың», «алашордашылардың», Германия немесе Жапония «тыңшыларының» тұқымдары деп кінәланған еді. Сол кездегі идеология уыттарымен демделгендер оларға теріс қарады. Ал оларға бұл рухани жағынан өте ауыр салмақ болды.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасындағы №456 Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңды және саяси тұрғыдан ақтау мақсатында Мемкомиссия құрылып, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының іс жүзінде ақталмаған категорияларын ақтау ісімен айналысып жүрміз.

1937-1938 жж. үлкен террор бүкіл Кеңес Одағы халықтарының басына қасірет әкелді. Басқа елдермен қатар, қазақ халқы да зардап шекті. Қазақстандағы нағыз үлкен террор 1929-1932 жылдарды қамтиды. Мұның салдарынан қазақ елінің жартысы қырылды. Неміс тарихшысы Р.Киндлер «Қазақстан ашаршылық тарихын зерттеп білемін десе, ең алдымен, тарихи шындықты қабылдауға дайын болуы керек, өйткені қазақтар үшін тарихи шындық ауыр болуы мүмкін» деген пікірін де естен шығармаған абзал. Ашаршылық тарихын зерттеп жүрген шетел мамандары ғылыми қолданысқа «қазақ ашаршылығы» және «қазақ қасіреті» деген терминдер мен ұғымдарды енгізгенін, Қазақ даласындағы ашаршылықтың Кеңес Одағының басқа аймақтарында болған ашаршылықтан ерекшелігін анықтауға күш салғандығын да ескерген жөн. Академик Манаш Қозыбаевтың басшылығымен 1993 жылы құрылған комиссия ақиқатты түсіндіру үшін көп жұмыс істеді. Сол кезде қуғын-сүргінге ұшырағандардың кейбір санаттарын оңалту туралы Заң және әділдікті қалпына келтірген нормативтік актілер топтамасы қабылданды. Бірақ сол кезеңде «сот істері» бойынша «жазаланғандар» ғана ақталды. Уақыт көрсеткендей, шаруалар, зиялы қауым өкілдерінің көптеген санаты, тіпті соғыс майдандарында әскери шайқастарға қатысушылар ақталмаған, олар «соттан тыс» деп аталатын шешімдер негізінде қуғын-сүргінге ұшыраған, яғни оларды тұтқындаған және түрмеге қамаған. Бүкіл өркениетті әлемде қабылданғандай, соттардың шешімімен емес, ОГПУ немесе басқа жазалау (үштіктің) органдарының шешімдері. Зерттеулер көрсеткендей, біздің көптеген замандасымыз әлі күнге дейін қуғын-сүргін кезеңінде азаматтардың тағдырын соттар емес, партиялық комитеттер немесе «соттан тыс органдар» деп аталатындар ОГПУ-дің кейбір «екілік», «үштік» шешімдері прокуратураның, адвокаттардың және сот органдарының қатысуынсыз қабылданғанын білмейді.

Міне, жуырда Мемлекеттік кеңесші – Мемлекеттік комиссия төрағасы Е.Қариннің басшылығымен (жалпы редакция­сын басқарған), ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен «ХХ ғ. 20-50 жж. саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссия материалдары» серия­сымен 31 жинақ жарияланды (екеуі – монография, 29-ы – құжаттар мен материалдар жинағы, оның 14-і – өнімді болуына республикалық ғылыми-зерттеу топтары, ал 15-і өңірлік комиссиялар тарапынан әзірленді).

Бұл көптомдықтың «Ақмола өңірі – архив құжаттарында (ХХ ғ. 20-40 жж.)» деп аталатын 23 томын Астана қаласы бойынша өңірлік комиссия дайындады. Жинаққа 222 құжат топтастырылды. Мұнда Ақмола өңірінің әкімшілік-аумақтық бөлінісі мен жергілікті басқару ісінің ерекшеліктері, кеңестік-партиялық мекемелер мен құрылымдардың бұйрықтары, нұсқаулықтары, уездік, округтік комиссиялардың қаулылары мен шешімдері жүйе­ленді. Осы ресми құжаттардың күшімен жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі санаттағы адамдардың орталық және жергілікті билік өкілдеріне жазған арыз-шағымдары мен талаптары қоса берілді. Біраз арыз-шағымдар арабша жазылған, бәрі дерлік осы уақытқа дейін ғылыми айналымға енгізілмеген деректер болып табылады.

Хронологиялық жағынан құжаттар кеңестік кезеңмен шектелмейді, алаштық жүйеден кеңестік жүйеге өту кезеңіндегі қоғамдық-саяси оқиғалар да қамтылады. Өйткені бұл екі жүйенің оқиғалары – сабақтас, бөліп қарастыру мүмкін емес.

Ішкі істер министрлігі Ақпараттық-талдау орталығы арнайы архивінің мәліметтерінде Ақмола облысы және Ақмола қаласында 1920-1950 жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандар саны – 6 832, соның ішінде ақталғаны – 6 216, ақталмағаны – 616 адам.

Қазақстандық тарихшылар Қазақстанда 1918-1920 жылдардан басталып, 1986-1991 жылдары аяқталған репрессия­лау саясатын 5 кезеңге бөліп қарастырады. Оның шарықтау кезеңі 1937-1938 жылдарда болғаны да тарихтан белгілі. Кеңестік биліктің қуғын-сүргін саясатының салдарынан ұлт мүддесін алға тартқан қазақ зиялылары айыпталып, олардың үстінен «Алаш ісі» қозғалды. Ақмола аймағы бойынша тәуелсіздік жылдарында жарияланған архив материалдары мен құжаттары негізінде Алаш қозғалысына қатысқандар мен ниеттестер саны анықталды, олардың жалпы саны 40 адам және зерттеу барысында бұл санмен шектелмейтіні байқалады.

Еліміздің қазіргі елордасы – Астана қаласы өткен ХХ ғасырдың 1930-1940 жылдары Ақмола қаласы және Ақмола облысы орталығы болып тұрған кезде, бұл өлкеге көптеп жер аударылған, депортацияға ұшыраған халықтар қатарынан алдымен, поляктар, немістер, шешен-ингуштер мен балқарлар мен қарашайлар, қырым-татарлар болды. Депортацияланған халықтардың геноцидтік қысым көрген этностар ретінде қарастырылуы тиіс. Олардың тағдырына жауаптылық тікелей тоталитарлық жүйе мойнында.

Архив құжаттарының мазмұны әрқилы. Солардың ішінде жиі кездесетіні – Ақмола облыстық кеңесі атқару комитетінің арнайы қоныстандырылғандарға қатысты деректер сақтайтын ресми құжаттар. Л.Берияның И.Сталин мен В.Молотовқа жолданған құпия хатында Қазақстан аумағына – 477809 адам, ал Қырғызстанға 124384 адам Солтүстік Кавказ аймақтарынан халықтар, оның ішінде барлығы, шешен мен ингуш – 496460, қарашай – 68327, балқар 37406 адам жер аударуы жоспарланғаны айтылады. «Ақмола облысына 60 мың шешен және ингуш қоныстандырылады. 1930 жж. соңынан бастап Қазақстан «сталиндік халықтар абақтысына» айналды (М.Қ. Қозыбаев). Қазақстанның әрбір бесінші тұрғыны әлеуметтік, сондай-ақ саяси себептермен жер аударылған арнайы қоныстандырылған адам болды. Күштеп қоныс аударту НКВД басшылығымен жүргізілді. Қазақстанға күшпен қоныс аударылған халықтар мен арнайы қоныс аударушылар өлімінің динамикасы жайында мәліметтер бар. Мысалы, 471971 арнайы жер аударылған шешен-ингуш халық өкілдерінен 646 адам жолда қайтыс болғандарға жатады.

Сталиндік саясат оларды еңбек әлеуетін жетіспеуі, яғни жұмыс істейтін тегін жұмысшы қажет мақсаттарға бағыттады деп бағалаған болса, сонымен қатар қазақ халқын өз жерінде азшылық қатарына ұшыратып, еліміздің тарихи қалыптасқан унитарлы сипатын жоюға бағыттады.

Жылдар жылжып, айлар ауысса да қазақ үшін қастерлі күннің тарихы ешқашан ескірмейді, қуғын-сүргін көрген ата-бабаларымыздың есімдері ел жадынан өшпейді.

Самат ЕСҚАЛИЕВ,

тарих ғылымдарының кандидаты А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының профессоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button