Мәдениет

Азияда – үздікпіз

Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт сарайында парадзюдодан Азия чемпионаты өтті. Құрлық біріншілігіне 11 елдің 100-ге жуық мықтысы қатысып, командалық және жекелей сында өнер көрсетті.

Салтанатты шараға Мәде­ниет және спорт министрі Асхат Оралов, IBSA Дзюдо төрағасы (Дүниежүзілік Пара Дзюдо Ұйы­мы) Янош Тардос және Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, параспортшыларға сәттілік тіледі.

Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасы Азия чемпионатының командалық жарысында топ жарды. Айналмалы жүйе бойынша өткен бәсекеде ел құрамасы қарсылас шақ келтірмеді.

Альфия Тілекқабыл (J1 -57 кг), Даяна Федосова (J2-70 кг), Зәуре Айтек (J1 +70 кг), Ақмарал Науатбек (J2 -70 кг) және Динара Кужулова (J2+70 кг) құралған әйелдер құрамасы финалда Өзбекстан командасынан басым түсті. Үндістан дзюдошылары үздік үштікпен жарысты қорытындылады.

Азия чемпионатындағы орталық белдесу Олжас Оразалы мен Токио Паралимпиадасының чемпионы Феруз Саидов арасында өтті. Екі балуанның белдесу қосымша уақытқа ұлас­ты. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауынан жігерленген Олжас ұтымды әдіс қолданып, жеңіске жетті. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Осы кездесуде елордалық Ерғали Шамей, Жанбота Аманжол, Ерлан Өтепов те өз кезегінде қарсыласынан басым түсті.

Командалық сында Қазақстан ерлер құрамасында Ерғали Шамей (J1-73 кг), Жанбота Аманжол (J2-90 кг), Ерлан Өтепов (J1+90 кг), Олжас Оразалыұлы (J2-73 кг), Абылай Әділбеков (J1-90 кг), Ерлан Конкиев (J2 +90 кг) ел намысын қорғады. Ерлер арасында Өзбекстан құрамасы екінші орыннан көрінсе, Моңғолия мен Үндістан спортшылары үздік үштікпен түйіндеді.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының жекелей жарысында төрт алтын, төрт күміс және алты қола жүлде жеңіп алған болатын.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button