Ел тынысы

Аймақтық диалог күшейеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия Президенттерінің Шолпан-Ата қаласында өткен «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» форматындағы екінші кездесуіне қатысты. Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіске қарамастан, аймақтық диалогты күшейткеніне ризашылығын білдірді. Оның пікірінше, бұл істе Еуропалық Одақтың атқарған рөлі зор.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Орталық Азия мен ЕуроОдақ арасындағы ынтымақтастықтың перспективасы мол.

– Өткен жылдың қорытындысы бо­йынша Еуропадан Қазақстанға тартылған инвестиция 23 пайызға артып, 12,5 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдарында біз шетелден 350 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарттық. Оның жартысына жуығы ЕуроОдақ елдеріне тиесілі. Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Біздің сыртқы саудамыздың 40 пайыздан астамы осы ұйымның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстанның ЕуроОдақ елдерімен өзара тауар айналымы 40 миллиард долларды құрады. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 миллиард долларға жеткізу үшін бізде барлық мүмкіндік бар деп санаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанда Shell, Eni, Total, Air Liquide, Alstom, Siemens және басқа да трансұлттық корпорацияларды қоса алғанда, еуропалық капиталдың үлесі бар үш мыңнан астам компания жұмыс істейтінін атап өтті.

– Біздің жан-жақты серіктестігіміз сирек кездесетін металдарды және «жасыл» сутегіні өндіру стратегиялық маңызды әрі перспективті салалардағы жаңа келісімдермен нығайып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Svevind неміс-швед компаниясы Қазақстанда жел және күн электр станцияларын орнататын және үш миллион тонна «жасыл» сутегін өндіретін зауыт құрылысын бастады. Бұл – серпінді жобалардың бірі, сондай-ақ ЕуроОдақтың осы өнімге деген қажеттілігінің шамамен 20 пайызын құрайды. Былтыр қараша айында Еуропалық Комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйенмен бірге Тұрақты шикізат, аккумуляторлар және жаңғыртылатын сутектің құнын жасақтау тізбегі бойынша стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойдық, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір елдері үшін стратегиялық маңызы бар ынтымақтастықтың басым бағыттарын ұсынды. Президент, ең алдымен, тауар айналымын ұлғайту мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, негізгі міндет – сауда номенклатурасын кеңейту арқылы экспортты ұлғайту.

– Қазақстан машина жасау, темір және болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі секілді салалар бойынша құны 2,3 миллиард доллар болатын 175 шикізаттық емес тауар түрі бойынша ЕуроОдақ елдеріне экспортты ұлғайтуға дайын. Ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықтың келешегі зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы көлік-логисти­калық инфрақұрылымды дамыту мәселесін екінші басымдық ретінде атады. Президенттің пайымынша, қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағыты стратегиялық маңызға ие.

– Бұл бағыт өңірлеріміз арасындағы қарым-қатынас деңгейін айтарлықтай күшейте алады деп санаймын. Жуырда Қытайға жасаған мемлекеттік сапарымның аясында қытайлық серіктес­терімізбен бірге Сиань қаласында логистикалық терминалдың іргетасын қаладық. Бұл порт Орталық Азия территориясы арқылы Еуропаға тікелей контейнерлік пойыздарды жіберу үшін маңызды хаб болмақ. Сондай-ақ біз Транскаспий бағытын Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен ұш­тастыруға уағдаластық, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы басқа бағыттар бойынша жеткізілетін мұнай экспортының перспективаларын айқындап берді.

– Мысалы, биыл жыл басынан бері Қазақстан мұнайын «Ақтау – Баку – Тбилиси – Джейхан» бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна көлемде жөнелту жұмысы басталды. Орта мерзімді перспективада біз «Ақтау – Батуми» бағыты бойынша Транскаспий бағытының құбыры арқылы жөнелту көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге Қазақстан «Дружба» құбыры арқылы Германияға мұнай жеткізу ісін жүзеге асыра бастады. Биыл жыл басынан бері 90 мың тонна көлемінде мұнай жеткізілді. Бұл көрсеткішті 1,2 миллион тоннаға дейін жеткізуге ­әлеуетіміз жеткілікті және оны келешекте арттыруға мүмкіндігіміз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент цифрлық даму туралы айта келе, бұл бағытта ынтымақтастық мүмкіндіктері мол екеніне тоқталды.

– Биыл наурыз айында Microsoft компаниясы Қазақстанда озық технологияларды тарту орталығына айналатын Мультиөңірлік хаб ашқаны туралы жарияланды. Біз 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT маман даярлау міндетін қойдық. Сондықтан Еуропа университеттерін Қазақстанда, оның ішінде маңызды өңірлік IT алаңға айналған Astana Hub технопаркі базасында филиалдар ашуға шақырамын. Жалпы, біз цифрландыру саласындағы өз әзірлемелерімізді кеңейтуді және өңірлік деңгейде цифрлық хаб ретінде тәжірибемізді бөлісуді жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын ілгерілетуде және ауқымды демократиялық өзгерістерді жүзеге асыруда Еуропалық Одақтың көрсеткен қолдауына жоғары баға берді.

Саммит барысында Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишель, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және Түрікменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Нұрмұхаммет Аманнепесов сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша жиынға қатысушылар Бірлескен баспасөз-коммюникесін қабылдады.

***

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммиті аясында Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельмен кездесу өткізді.

Президент Шарль Мишельге ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестікке баса мән беретінін атап өтті. Еліміздің Еуропалық Одақпен жасаған Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімі берік қарым-қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашты. Бүгінде Еуро­Одақ – Қазақстанның жетекші сауда серіктесі және экономикамыздың ең ірі инвесторы.

Өз кезегінде Шарль Мишель Еуро­Одақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бірлесе жұмыс істеу керек екенін атап өтті. Сондай-ақ олар жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button