Басты ақпарат

Айналаң таза болса – көңіл жарқын

Елордада 17 қыркүйек пен 15 қазан аралығында жыл сайынғы қысқы кезеңге дайындық және жасыл желектерді отырғызу бойынша «Бірге таза Қазақстан» жалпықалалық күзгі экологиялық айлығы өтуде. Сонымен қатар «Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day 2022» экологиялық акциясы аясында өткен сенбіде елордада жалпықалалық сенбілік өтіп, оған қатысқан мемлекеттік мекемелер қызметкерлері мен қала тұрғындары тал отырғызу, тазалау жұмыс­тарын жүргізді.

Акцияның мақсаты – қоғам назарын табиғатты сақтаудың маңыздылығына аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Айлық шеңберінде өтетін сенбіліктерде коммуналдық қызметтер және мердігерлік ұйымдар қоғамдық аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру, саябақтар, скверлер, аллеяларды жөндеу және қалпына келтіру, кварталішілік абаттандыру, балалардың ойын және спорт алаңдарын жабдықтау, төселген тастарды, жиектастарды, шағын сәулет нысандарын қалпына келтіру, көпірлер мен жол өтпелерінің құрылымдарын, қоршауларын жуу, аялдамалардағы павильондарды жөндеу және тазалау, контейнер алаңдары мен қоқыс контейнерлерін санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, экологиялық айлық аясында 10 мыңнан аса жасыл желек отырғызу жоспарланған.

Сенбіде басталған күзгі сенбілік айлығында Кіші Талдыкөл айналасына 500 түп ағаш отыр­ғызылды. Мұндағы жұмыстарды Астана қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы ұйымдастырды. Қоғамдық жұмысқа әлеуметтік сала қызметкерлері, студенттер мен еріктілер және оқушылар да қатысты.

– Бүгін міне, бүкіл әлемде Халықаралық тазалық күні өтіп жатыр. Соған қоса 15 қыркүйектен бастап қаламызда Экологиялық айлық басталды. Соның аясында әр сенбі сайын қаланың барлық жерінде сенбіліктер өтеді. Ал біздің басқарма бүгін осы кіші Талдыкөл су қоймасының айналасына 500-ден астам тал отырғызады.  Жоспарымызда 2000 талға дейін отырғызу бар, – деді аталған басқарма басшысының орынбасары Жанар Бескемпірова.

Сенбілік аясында «Мемлекеттік күзет қызметі» ардагерлер одағы» өңірлік ҚБ әскери патриоттық «Жас қалқан» клубының жастары да  ағаш отырғызуға атсалысты. Клуб жетекшісі Бақберген Керей­дің айтуынша, мұндай шаралардың балаларға патриоттық тәрбие беруде маңызы зор. Қоқыс сұрыптаумен айналысатын «Clean City NC» ЖШС қоғаммен байланыс қызметі бөлімінің басшысы Бақытжамал Әубәкірова балалар арасында экологиялық ойын өткізіп, сол арқылы қоқыстарды қалай сұрыптауды үйретті. Сонымен қатар олар белсенді жастарды Алғыс хаттар және экосөмкемен марапаттады.

Бұл күні Қаржы министрлігінің қызметкерлері Сарыарқа ауданындағы Ә.Кенжин көшесінен Тілендиев даңғылымен айналма жолдағы көпірге дейінгі аумақты тазалады.

– Жыл сайын әлем бойынша тазалық күні атап өтіледі. Біздің министрлік жалпықалалық сенбілікті назардан тыс қалдыра алмады. Бүгін осы жерде біздің бөлімшенің барлық қызметкерлері бар.  Қоршаған орта бұл – біздің үлкен үйіміз және ол әрқашан таза болуы керек. Әр сенбі сайын бізге бекітілген аумақты тазалап шығуды жоспарлап отырмыз. Адамдар демалғанды ұнатады, содан кейін қоқысты тазартуды ұмытып кетеді. Мұндай іс-шаралар қоршаған ортаны құрметтеу, оған ұқыпты қарау қажеттігін айқын көрсетеді, – дейді мемлекеттік аудит комитетінің басқарма басшысы Балтабек Халық.

Демалыс күніне қарамастан, сенбілікке 20 мыңнан астам Алматы ауданының тұрғындары қатысты. Мемлекеттік қызметкерлер, шағын және орта бизнес өкілдері, әлеуметтік нысандар қызметкерлері өздеріне бекітілген жерді таза ұстау үшін барлық қажетті заттармен қамтылды. Белсенділер қоқысты жинап, адамдар көп жиналатын жерлерді тазалады. Жиналған қалдықтарды шығару үшін жүк машиналары тартылды.

– Бүгін күзгі сенбілік айлығы басталды. Біз оларға мектеп оқушылары мен студенттердің қатысқанын қалаймыз. Бүгінгі таңда экологиялық мәселе бірінші орында, сондықтан тазалықты сақтау және табиғатты қорғау маңызды. Қаланың көркеюіне әр адам үлес қоса алады, – деді Еуразия ұлттық университетінің қызметкері Әбдіқаһар Сламқұл.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары мен 90-нан аса студенттер Есіл өзенінің бір арнасы Ақбұлақтың жағалауын және сол маңдағы парктер мен демалыс аумақтарын тазалады. Байқоңыр ауданы әкімі аппаратының өкілі Арсен Абдрахмановтың сөзінше, студент жастардан бөлек, шағын және орта бизнес өкілдері, әлеу­меттік сала қызметкерлері, өндіріс орындарының мамандары сенбілікке қатысты. Әр саналы азамат өзі тұратын қаланың, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек. «Ауылына қарап, азаматын таны» деп осыдан айтылған емес пе?! Меніңше, біздің ауданның тұрғындары тазалық жұмысына белсенді қатысуда, – дейді мемлекеттік қызметкер.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button