Басты ақпарат

Академик Қирабаев және Алаш мұраты

Көрнекті әдебиеттанушы, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академия­сының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Қирабаевтың екінші ғұмыры басталғанына бір жылға жуықтады. Өмірінің соңғы жылдарын елордада өткізген ғалым Ұлттық пантеонда жер бесікке бөленді. Биыл академиктің туғанына 95 жыл. Астана қаласында ардақты есімін елдің есінде қалдыру жұмыстары да қолға алынған.

Адам мұраты мен адамшылық жол – білім мен білікке, өмір өнегесіне, тәлім-тәжірибе негізіне әкеліп саяды. Бұл, әсіресе өмір тағылымы мол, еңбекпен есейген, білім-ғылым нәрімен сусындаған, қалың көптің алғысына бөленген өнегелі  жандар табиғатына тән болып келеді. Осы реттен келгенде, академик Серік Қирабаевтың адами әлемінен, біліми бағыттарынан, ғылыми Һәм шығармашылық мұрасынан айқын аңғарылатын айрықша құбылыстардың бірі – Алаш ұранды жұртының біртұтас мұраты мен руханиятын, көркемдік әлемін зерттеу еңбектерінің асыл арнасы, басты арқауы етуі еді. Ол, әсіресе орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарында, біліми-ғылыми бағыттардағы іргелі ізденістерінде, маңызды мақала мен зейінде зерттеулерінде кең көлемде көрініс береді.

Тақырыпты кең түрде ашып, ізденіс арналарын алуан салыстыруларға құрып, маңызды бағыттарға мән беріп, біліми-ғылыми талдаулар жүргізіп, асыл сөздің жанр жүйесіне, қаҺарман болмысына, көркемдік құпиясына еркін еніп, эстетикалық құндылықтар мәйегіне, мәтін құрылымына, тілдік-стильдік құбылыстарға зор маңыз беріп, жіті ден қояды. Байыпты бағалау мен талдаулар жасайды. Жазушы еңбегі мен шығармашылыққа еркін енеді.

Академик Серік Қирабаевтың өмір мұраты мен іргелі еңбектерінің тұтас табиғатынан – ұлттық құндылықтар қайнары, қазақ руханиятының маңызды мәселелері айқын аңғарылады. Алаш мұраты мен оның қайраткер-қаламгерлерінің шығармашылық мұрасы, кеңестік кезең тұсындағы сөз өнерін қарастыру, қазіргі әдеби үдерістің түйінді тұстарын баяндау мен бағалау, тану мен талдау, саралау мен салыстыруларға арқау етіледі.

Оның орта және жоғары мектепке арналған оқулықтар мен оқу құралдары, «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің» қысқаша очеркі, «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты көптомдықтың жалпы редакциясын басқаруы – ұлт пен ұрпақ алдындағы адамдық Һәм азаматтықтың, адалдық пен жауапкершіліктің, ғылым мен ғалымдықтың табиғи үйлесімі, көркем де шынайы үлгісі, бедерлі белгілерінің бірі. Сондай-ақ, ұлттық әдебиеттану мен сынның өзекті мәселелері, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің әр кезеңіне арналған әдеби-ғылыми зерттеулер, мәдени мұра мен оны оқыту жайы, қазіргі айтыстың тарихы мен тағылымды тұстары, білім-ғылым жүйесі, елдік-ерлік сипаттары т.с.с. кең көлемде ашып, кешенді түрде қарастырады. Артық-кем тұстарына тоқталып, оның арғы-бергі сипаттарын айқындап, өзекті мәселелерін қазіргі кезеңнің талап-тілектері тұрғысынан байыпты бағалайды. Жаңа бағыттары мен даму үрдістерін айқындайды.

Академик С.Қирабаев жас ұрпақты келешекті оқу-білімге үйрету мақсатында орта мектепке оқулықтар да жазды. Айталық, қазақ мектебі тарихында факультативтік курсқа қазақ әдебиеті оқулығының алғашқы авторы, сондай-ақ ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті (Б.Кенжебаевпен бірге) мен қазіргі кезең әдебиетінен (М.Қаратаев, Т.Нұртазинмен бірге) жоғары мектепке арналған оқулықтар жазуға қатысты. «Қазақ әдебиеті және мектеп», «Қазақ әдебиеті оқулығына методикалық нұсқау» (Қ.Мырзалиевпен бірге) атты еңбектері сөз өнерінің оқыту мәселелеріне арналып, қазақ елінің бірнеше буынына рухани қызмет етті

Академик С.Қирабаев жас ұрпақты келешекті оқу-білімге үйрету мақсатында орта мектепке оқулықтар да жазды. Айталық, қазақ мектебі тарихында факультативтік курсқа қазақ әдебиеті оқулығының алғашқы авторы, сондай-ақ ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті (Б.Кенжебаевпен бірге) мен қазіргі кезең әдебиетінен (М.Қаратаев, Т.Нұртазинмен бірге) жоғары мектепке арналған оқулықтар жазуға қатысты. «Қазақ әдебиеті және мектеп», «Қазақ әдебиеті оқулығына методикалық нұсқау» (Қ.Мырзалиевпен бірге) атты еңбектері сөз өнерінің оқыту мәселелеріне арналып, қазақ елінің бірнеше буынына рухани қызмет етті.

Ұстаз-ғалым С.Қирабаевтың кеңестік жүйе тұсындағы әдебиеттің жай-күйін қарастырған кітаптарының бірі – «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті» деп аталады. Кітаптың басты ерекшелігі – кеңес кезеңіндегі қазақ әдебиетінің көкейкесті мәселелері (адам құқы, ұлттық сипат, парасат пен саясат, тіл тұғыры, т.б.) ағартушылық идеямен, көркемдік ізденіс, іркілістерімен қатар көрсетіледі. Заман шындығы, уақыт рухы қатар көрініс береді. Және бір аңғарылар жайт: кітап мазмұны («Кеңестік қазақ әдебиеті дамуының алғашқы кезеңі», «Отызыншы жылдардағы қазақ әдебиеті», «Соғыс кезіндегі қазақ әдебиеті», «Соғыстан кейінгі дәуір әдебиеті», «Жаңғыру кезіндегі қазақ әдебиеті», «Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуірі») кеңес кезеңіндегі қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесіндегі автордың көзқарас жүйесін де аңғартары анық. Оқу құралының тұтас табиғатынан кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиетінің қоғамдық-саяси, әдеби-тарихи негіздері өмір-­уақыт шындықтарымен өзара сәйкестікте сөз етіледі. Осы кезеңдегі ұлт тарихы, мәдени-рухани құндылықтар артық-кем сипаттарымен бірге көрсетіледі. Кеңестік жүйе қысымының әсер-ықпалынан ел тарихы мен руханиятынан тыс қалған – Алаш мұрасы, оның танымал тұлғалары жаңа уақыт талаптары тұрғысынан әділ бағаланып, жіті зерделенеді.

Профессор С.Қирабаев шығармашылығында, әсіресе «ақтаңдақ әлем» сырлары мен ұлттық-азаттық күресті, халықтық мұрат-мүддені, дербес­тік-тәуелсіздікті аңсаған – Алаш арыстарын ардақтауға арналған зерттеу, еңбектері («Қазақтың тұңғыш революционер-демократтары», «Ақжолтай Ағыбай батыр – ұлт-азаттық қозғалысының қаһарманы», «Абайтанудың кезекті міндеттері» «Жеңістер мен қателіктер сабағы» секілді мақалалар мен «Жүсіпбек Аймауытов», «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері», «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет» т.б. еңбектері ерекше маңызға ие деп білеміз. Нақтырақ айтсақ, «Жазықсыз жазаға ұшырап, республикада отызыншы жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың» құрбаны болған – А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытұлының шығармашылық мұраларының материалдарын жинап, жүйелеу ісіне азамат-ғалым ретінде де, үкімет комиссиясының мүшесі әрі М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры міндетін атқара жүріп, белсенді түрде үлес қосқандардың бірі – академик Серік Қирабаев болатын-ды.

Академик С.Қирабаев еліміз тәуелсіздік алған қысқа мерзім ішінде Алаштың арыс-азаматтарының (Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы т.б.) есімі мен еңбектерінің халқына қайта оралуына белсенді түрде қатысты. Мақала-ізденістерімен, арнайы кітаптарымен біліктілік танытты. Азаматтық-ғалымдық қырларымен көп үлестер қос­ты. Ең негізгісі, Алаш мұрасы хақында кең көлемді ізденістер жасап, зерттеулер жазды. Қазақ зиялыларының (Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатов, М.Жұмабайұлы, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин т.б.) қоғам мен тарихтағы орнын айқындап, өмірі мен шығармашылығын кеңінен сөз етті. Ұлт мұраты жолындағы ерен еңбектерін, сөз өнері алдындағы жауапкершілігі мен мақсат-мұраттарын тап басып көрсетті. Тәуелсіздік мұраттарын, егемен елдің алдындағы асқаралы іс-жұмыстарды ұлт зиялыларының өмірі мен қоғамдық қызметтерімен жүйелі байланыстырды. Кәделі іс, озат ой, тәлімді тәжірибелерін қазіргі кезеңде де кеңінен қолдануға болатынын алға тартты.

Академик С.Қирабаевтың тәуелсіздік жылдары жарық көрген «Жүсіпбек Аймауытов», «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері», «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті», «Ұлт тәуелсіздігі және қазақ  әдебиеті», «Өмір тағылымдары» атты кітаптары бірнеше қырымен назар аударатынын айтқан орынды. Бұдан басқа, әрине  «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты көптомдықтың  (10 том) жалпы редакциясын басқарды. Кеңес әдебиетінің тарихы үш кезеңге бөлініп (1917-1940;  1956;  1956-1990), жеке томды құрады. «Қазақ көркем сөзінің шеберлері», «ХХ ғасыр әдебиетіндегі тәуелсіздік идеясының көркем шешімі», «Қазіргі әдебиеттегі жалпыадамдық құндылықтар» атты ұжымдық монографияларды жазуға қатысты.

Академик С.Қирабаевтың Алаш ардақтыларын зерттеп, тану ісі – жазушы Ж.Аймауытұлына қатысты ізденіс, еңбектерімен толыға, тереңдей түсті. Бұл ретте «Елі үшін күйген» – Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен шығармашылығын арнайы қарастырып, бес томдық еңбектерін құрастырып, бастыру ісіне жетекшілік етті. Жазушы мұраларының бір томдығына алғысөз жазды. «Жүсіпбек Аймауытов» атты еңбегі «Білім» қоғамынан, «Ана тілі» баспасынан жарық көрді. Біздіңше, бір тақырып төңірегіндегі алуан ізденіс, мақала-еңбектер сөз жоқ табандылық пен тұрақтылықты, адалдық пен әділдік сынды сипаттарды өзек етуімен ерекшеленеді. Бұл бағыт білім-ғылым жүйесінде әр алуан ізденістерге арқау етіліп, кандидаттық, докторлық диссертациялар арқылы кең өріс алды.

Алдымен айтарымыз, «Жүсіпбек Аймауытов» атты еңбекте қаламгердің кезеңі мен қызметі, өмірі мен шығармашылығы, әдеби үдеріс арналары алғаш рет кең көлемде қарастырылады.

Зерттеу еңбектің мазмұн жүйесіне назар аударсақ («Өмірінен деректер», «Алғашқы ізденістер», «Реалистік драма жолында», «Үлкен прозаның тұңғышы», «Ақбілек», «Күнікейдің жазығы», «Жан-жақты, талантты»), өзара байланысты, ортақ мұраттарды аңғарар едік.

Алаш алыптары арасында кер заманға кез болып, елі үшін күйген даңқты тұлға, көпқырлы қаламгер, сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі Ж.Аймауытұлы ұлт руханиятын, қазақ сөз өнерін әр алуан жанрдағы жауҺар туындыларымен байытып, қымбат қазына қосты. Жазушы еңбегі мен шығармашылық мұрасы тақырыптық ерекшелігі, жанрлық жүйесі, көркемдік кеңістігі, эстетикалық құндылығы, стильдік құбылыстары, тілдік мүмкіндіктері тұрғысынан да қалың көпшіліктің қызығушылығын туғызып, біліми-ғылыми арналарды байытып, зерттеу мен зерделеу ісінің негізгі нысанына айналып, басты бағыттарының асыл арқауы болды. Бастысы, көпқырлы қаламгер Ж.Аймауытұлының өмірі мен шығармашылығы қоғамдық Һәм кезеңдік көріністермен сабақтас­тықта сараланып, Алашшыл жүрек иелері – А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров, С.Сәдуақасов т.б. әдеби-рухани бағыттарымен өзара байланыстырылып, азаттық-теңдік жолындағы әрекет-қимылдары көрсетіліп, ұлт пен ұрпаққа қатысты ортақ мұраттары, басты белгі, ұстанымдары айқындалады.

Академик С.Қирабаев бастысы, білім-ғылым жүйесіне, оқу-ағарту ісіне, мәдени-рухани Һәм тәрбие бағытында ерен еңбек етті. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы еңбектері де жұрт жадында. Қазақ әдебиеті тарихының барлық саласында іргелі ізденістер жасап, жүйелі де жемісті, өнімді еңбек етті. Алаш мұрасына, ондағы сөз өнерінің басты тұлғаларының шығармашылық еңбектеріне еркін енді. Кеңес дәуіріндегі ел әдебиетінің бел-белестерін, даму үрдістерін де жіті танып, байыпты зерделеді. Тәуелсіздік кезеңінде жарық көрген – «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері» (1995), «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет» (2001), «Тәуелсіздік рухымен» (2002), «Тарих және әдебиет» (2007) т.т. бірқатар еңбектерінде жаңа уақыттың бағыты мен бедері, рухы анық аңғарылады. «Әдебиетті қайта оқу» еңбегінде (2010) көркем әдебиет мәні мен оның мәңгілік сипатын, мәдени-рухани әсерін кең түрде айқындады.

Академик С.Қирабаевтың білім бағыттары мен ғылым қағидаттары хақындағы айтып-жазған сөздері мен еңбектері де жеке кітаптары мен көптомдықтарында кең көлемде орын алғаны анық. Ұстаздары мен замандастары Һәм шәкірттері туралы естелік пен мақалаларында, сұхбаттарында да жан-жақты көрініс тауып, мәнді  де жүйелі жеткізілді.

«Ғылым туралы» заңды талқылаған алқалы жиындағы сөзі менің есімде қалып қойыпты. Академик бастапқы тұстан-ақ қазіргі ғылымның жағдайын кең көлемде сөз етті. Қ.Сәтбаев құрған Академияның одақ көлеміндегі  жаңалық-жетістіктерін, орын-үлесін де тілге тиек еткен-ді. Тиісті тұста, арғы-бергі ғылым жолына, даму үрдістеріне де тоқталып, «…ғылым жағдайына жанымыз ауыратыны рас» дегенді екпін түсіріп айтқан-ды.  «Ғылым туралы» заңның жоба-мазмұнымен таныстығын айтып: «…Негізгі бағыттары мен қағидаларына қарсылығым жоқ» дегенді алға тартып, бүгінгі күннің басты Һәм бірқатар маңызды мәселелерін ортаға салып, кеңінен тоқталады.

Осы орайда, әдебиеттанушы әрі ғылым саласындағы көп шәкірттерінің бірі ретінде бірнеше басым бағыттары барын атап айтар едім.

Аңғарғаным:

– өмірі өнегеден, ұлағаттан, тағылымнан тұрады. Ақыл-парасатқа жүгінеді. Ұстаздарына адал, тұстастарымен тең. Ар-иманы – өлшем. Дәстүр, дінге берік. Бағыты айқын, ұстанымы берік, дүниетанымы терең.

Байқағаным:

– филологиялық бағыты айқын. Ұстаздық қызметі жарқын. Ел әдебиетін, тарихы мен сынын кең түрде зерттеп, зерделейді. Алаш алыптарын ардақтайды. Жазушы еңбегі мен шығармашылық үдеріске еркін енеді. Көзқарас мұраты мен қолтаңба мәнері айқын. Жолы ашық та кең еді.

Көз жеткені:

– әдеби әлемі мәнді, ғылыми мұрасы нәрлі. Ұстаздық ұлағаты арналы. Өмірі өрнекті, өнегесі өрісті. Ой-сөз жүйесі мәнді, тәжірибесі тәлімді.

Тұғыры:

– ел мұратының қазыналы биігіне көтерілді. Ұлт руханиятының тамыршысына айналды. Қазақ әдебиеттану әлемінің корифейі атанды…

Бұл – байтақ әлем,

қазыналы биік!

Бұл – ғаламат құбылыс,

өрнекті ұлағат!

Бұл – бедерлі белес,

бүтін болмыс!

Асылы, академик С.Қирабаевтың әдеби Һәм ғылыми мұрасы, ұстаздық жолы осы талап пен талғамға сай келеді. Өйткені, ол – ел әдебиетінің қамқоры Һәм ұлт руханиятының тамыршысы! Ұлт әдебиетінің бағыт-бағдары мен даму үрдістерін жіті бақылады. Басты барометрі болды. Білім-ғылым жүйесін, ұлттық әдебиеттану мен сын саласын да зерттеп-зерделеді. Алаш мұрасына адалдық танытты. Оның қайраткер-қаламгерлері хақында еңбектер жазып, зерттеу нысаны етті. Ел мүддесі мен ұлт руханияты – басты ұстанымына айналды. Азат елдің білім-ғылым ісіне сүбелі үлес қосты.

Қазыналы биіктің кең арнасы, өрнекті өрісі осыған келіп саяды.

Рақымжан  ТҰРЫСБЕК, 

филология ғылымдарының докторы, профессор

СЕРАҒАМ…

Ай да адасып

жатқанда

Күн де адасып,

Абыз еді көңілі нұрға ғашық.

…Асыл көшіп барады

аспан жаққа

Ғасыр кетіп барады

қырдан асып.

 

Бұйыртпайды жаратқан

жасыққа бақ,

Қаршадайдан ертеңге

асық талап.

Санамызға құйғаның сан жаңалық

Сырсандығын Сәкеннің ашып

қарап.

 

Жарқ еткенде жасының

жарқылдаған,

Тұма іздеумен өттіңіз

әр тұнбадан.

Ғасыр болып,

сөйлесең Қасым болып,

«…Домбыраңда бір күй бар

тартылмаған»

 

Жаз көрдіңіз ғұмырда,

Көрдіңіз күз,

Шегенделген шеменге

шерлі күнбіз.

…Қараөткелге қазанда

ағып түсті

Алыптар шоғырынан соңғы

жұлдыз.

 

Жарқыраған санада самаласы,

Көне менен жаңаның белағашы.

…Керуеннің басынан сен де

кеттің,

Есі бүтін қазақтың СЕРАҒАСЫ!

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button