Басты ақпаратРуханият

Алаш ардақтыларын алаңдатқан ашаршылық

ХIХ ғасырдың екінші жартысынан алып аймақты алып жатқан қазақ елі түгелдей патшалық Ресейдің отарына айналды да, жергілікті әкімшілік орындары ұлтымыздың тілі мен дініне тиісті, ежелден келе жатқан әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілік салтын күштеп өзгертуге бағыт ұстады. Бұрын негізінен көшпенді өмір салтындағы халық еріксіз отырықшылыққа бағытталып, артық жерлер жаңадан көшіп келушілер қорына ығыстырыла бастады. Бұл толып жатқан қайшылықтар тудырып, жергілікті халықтың әлеуметтік өмірін төмендетіп, күрделі қиыншылықтарға душар етті. Ең қиыны, әрине, халықтың аштыққа ұшырауы болатын.

Рас, Ұлы дала табиғатының қаталдығы, қуаңшылықтан егіннің өнім бермеуі, тіпті шықпай қалуы, жайылымдарда шөптің болмауы, малдың жұтқа ұшырауы сияқты объек­тивті факторларға дау жоқ. Алайда отарлық саясат бұл ­факторларды күшейте, арттыра түсті. Халық жан-жаққа үдере көшіп, мыңдаған адам аштыққа душар болды. Мұны Алаштың алғашқы ардақтылары да білді, бұл тақырыпқа арнайы қалам да тартты.

Қазақтың тұңғыш ағартушысы әрі ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов 1864 жылғы 26 наурызда Омбыдан Батыс Сібір генерал-губернаторының атына жолдаған «Қырғыздардың қоныстары жөнінде» атты ресми хатында бұрын ата-бабалар қыста малын айдайтын Ертістің сыртына енді орыс казактарының жібермейтіні, соның салдарынан Төртуыл болыстарының қазақтары мүлдем қыстаусыз қалғаны, олардың қысқы қолайсыз ауа райы мен қалың қардан көбірек зардап шегетіні, содан осындай шарасыз жағдайдан олар өзін асырайтын азық табу үшін басқа округтерге қоныс аударуға мәжбүр болып отырғанын жазған болатын.

Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық өміріне бірден күшпен өзгеріс жасауға болмайды, отырықшылық тұрмыс­тың артықшылығына халықтың көзін жеткізе отырып, бірте-бірте әкелген жөн деп санаған тамаша кәсіби педагог Ыбырай Алтынсарин «Қазақ даласындағы аштық туралы» атты мақаласында былай деп жазды: «Шынында да, дала адамдарының халықтық өмірін жасанды түрде төңкеруге кіріспес бұрын бұл халықты, оның өмірін танып білу әлдеқайда ақылдырақ болар еді. Қатерлі қателік жасамау үшін бұл халықта аграрлық мәдени дамудың нышандары бар ма екен, отырықшы үстем халықпен арадағы тікелей қатынастан қаншалықты әсер ала алады екен, бұл халық қоршаған табиғаттың қандай жағдайында орналасқан және т. б. осы сияқтыларды біліп алған жөн». Саяси сергек те тұғыр­лы тұлғаның пікірінше, тұтас ұлттың тұрмысын ықтиярсыз өзгерту бұл ұлтты, кейде ол қандай қабілетті болғанымен, енжар ұлтқа айналдыруы мүмкін дей отырып, бұған башқұрт халқын мысалға келтірген еді.

Осыларды айта отырып, қазақ халқының басына түскен, мезгіл-мезгіл қайталанып отырған ашаршылықтың төркінін патшалық Ресейдің отарлық саясатынан басталғанына тағы да дәлел келтіргіміз келеді. Бұл, әсіресе, 1916 жылғы Түркістандағы көтерілісті басушы жазалаушы отрядтар мен Ресейден қоныс аударғандардың әртүрлі озбырлығы қалжыратқан халық 1917 жылғы елдегі саяси дүрбелеңдерді тағы да ерекше қайшылықтармен қарсы алды. Мұның үстіне көп ұзамай тарих сахнасына шыққан большевиктер қоғамды бір-біріне қарсы екі тапқа бөлуімен, кедейлерді байытудың орнына, байлардың дүние-мүлкін тәркілеуі, реквизиция, жергілікті жағдаймен санаспай жаппай ұжымдастыру, национализациялау, кәмпескілеу, т. б. саяси-әлеуметтік әрекеттерімен бұрын онсыз да қиналған тағдырды асқындыра түсті. Ең қиыны – халық тоз-тоз болып, әлсін-әлсін ашаршылыққа ұшырады. Бұл мәселелерді Алаштың кейінгі толқын арыстары білмеді емес, жақсы білді, бірақ көсіліп жаза алмады. Дегенмен Мұстафа Шоқай ашаршылық тақырыбын 1917 жылғы 8 қарашадағы «Бірлік туы» газетінің №14 санындағы «Алаш ұранды қазаққа!» атты мақаласында көтерген болатын. Онда қытай жеріне ауған 164 мың қырғыз-қазақтың сексен үш мыңының аштықтан, жалаңаштықтан қырылғанын және бұл мағлұмат бірінші шілдеге дейінгі екені жазылған еді.

Түркістандағы қазан төңкерісіне еңбегі сіңген басшыларының бірі Тоболин ­ТүрОАК-нің бір отырысындағы былай дейді: «қырғыздар (қазақтар), марксистер көзқарасы бойынша экономикалық жағынан әлсіз, сондықтан олар бәрібір өлуі керек, сол себепті революция үшін қаржыны ашаршылықпен күреске емес, майданды қолдауға жұмсағанымыз тиімді»

Кеңес өкіметі Түркістан Мұқтариятын қанды қырғынға ұшыратып, Мұстафа Шоқай елден кетуге мәжбүр болғаны белгілі. 1919 жылы Тифлиске жетісімен бұл тақырыпты қайта қолға алды. «Вольный горец» газетінің 1920 жылғы 19, 26 шілде және 3 тамыз айларындағы сандарында өзбек тілінен аударылып басылған «Советтік Түркістанда» («В Советском Туркестане») атты мақаласында М.Шоқай 1918 жылы Ташкентке келген қазақтар қала ортасында нан ала алмай, оған тек шет аймақтарда ғана қол жеткенін, ал бір қаладан екіншіге көшіп келген өзбектерге мүлдем азық-түлік карточкасы берілмегенін, «ондаған, жүздеген мың қазақтар мен сарттар қырылып жатқанда» Орынбор-Ташкент теміржолы бойында жүздеген вагон бидай мен ұн із-түзсіз жоғалатынын жазған еді.

1921 жылы Грузияны кеңес өкіметі басып алғаннан соң, Мұстафа Шоқай Түркияға ауысты. Осында келген бойда-ақ түбі бір түрік халқын хабардар ету үшін жазған «Қырғыздар (қазақтар – Ә.Б.) Совет өкіметінің қол астында» («Киргизы под Советской властью») деген мақаласында таптық күрес пен қалалық өндіріс пролетариатының диктатурасын қолдаған Ресей большевиктері тапқа бөлінбеген қазақ қоғамының табиғи, тарихи және тұрмыстық ерекшеліктерімен санаспай, қиратушылық рөл атқарды деп жазды.

Мұстафа Шоқай Түркияда да тұрақтай алмады. 1921 жылдың мамыр айында Францияға жетті. Парижде орналасқаннан соң бұрыннан жақсы білетін осындағы кешегі Уақытша үкімет басшылары болған А.Ф.Керенский және П.Н.Милюковтің «Дни» және «Последние новости» газеттерінде Түркістан халқының ашаршылық тағдырына қайта оралды. Осы басылымдарда 1926 жылға дейін он шақты мақала жарық көрді. Мұның басты себебі кеңес өкіметінің саясатынан туындаған елдегі ашаршылықтың жалғаса түскені болды.

1921 жылғы 26 қарашадағы «Последние новости» газетінің №495 санында жарық көрген «Қырғызиядағы (қазақтардағы) ашаршылық» («Голод в Киргизии» атты мақаласында Мұстафа Шоқай 1921 жылғы қарашаның 16-сында Берлинде шығатын «Новый мир» журналының 244-санында жарық көрген А.Байтұрсынұлының шағын мақаласы туралы сөз болады. Бұл, М.Шоқайдың ойынша, көшіріліп басылған материалда қазақ жеріндегі ашаршылықтың себебін жұтпен, 1920 жылдың қатал қысымен және бірнеше жыл қатарынан шөп шықпау сияқты табиғи апатпен түсіндірілген. Ал Мұстафа Шоқайдың өзі 1918 жылы бүкіл жаз бойы және 1918-1919 жылғы қыста Торғай, Орал және Закаспий облыстарында қазақтардың ортасында болып, көзімен көргенін айта келе, мақаланың 99 пайызы советтік цензураның жұмысы екенін атап көрсетіп, аштықтың қазақ ауылдарындағы негізгі себебі «қоғамдастыру», тәркілеу» мен қазақ шаруаларының малдарын Қызыл Армия­ның пайдасына тартып алу деп түсіндіреді. Қорытындыда Ахмет Байтұрсыновтың өзі туралы былай деп жазған: «Ол – әйгілі қазақ жазушыларының бірі. Ол қандай лагерьді жақтаса да, біз, қазақ зиялылары, оның көзқарасының мөлдір екеніне күмән келтірмейміз». Осылай тек ашаршылық тақырыбын ғана сөз етіп қоймай, сонау Францияда жүріп Алаштың айрықша ардақтысына деген өзінің ерекше ықыласын да танытады. 1919 жылдың 12 ақпанында Ташкентте өткен Жоғарғы революциялық совет пен Түркістан Республикасының ОАК отырысында жасаған баяндамасында «Ашаршылықпен күрес комиссия­сының» төрағасы Т.Рысқұлов мұсылман жұртшылығынан аштыққа ұшырағандар бір миллион, ал есепке алынбағандар бұдан да көп» деп мәлімдеген. 1923 жылғы 31 наурыздағы «Последние новости» газетінің №904 санында жарық көрген «Түркістандағы аштық» («Голод в Туркестане») атты мақала 1921 және 1922 жылдары Ферғана облысындағы аштық туралы хабарлар бере отырып, оның себебін егін егетін жерлердің азайып кетуімен, мал басының кемуімен түсіндірген. Ашыққандарға Ресей тарапынан еш көмек жоқ. Жергілікті жерлерде мүмкіндігінше асханалар ашылып, көмек көрсетілуде. Алайда бұл мардымсыз. Мақала соңында егістік жерлердің елеулі қысқаруы, егіннің егілмей қалуы, су жүйелерінің жарамсыздығы, мал басының кемуі, тұқымның жетіспеуі, мұның үстіне өте жоғары салық, міне, мұның барлығы келер 1923 жылы да аштықтың жалғасатынын байқатады деген қорытынды жасалған. 1926 жылдың 19 қаңтарында «Дни» газетінде басылған «Қырғыздардағы аштық» («Голод у киргиз») атты мақаласында Мұстафа Шоқай Ташкенттен Сырдария облысының ашаршылыққа тап болғаны туралы қысқаша хабар алғанын мәлімдей отырып, облыста мұның нышаны 1925 жылы байқалғанын жазады. Егін егуге жарамды жердің жетімсіздігі, судың кемістігінен тиісті өнімнің болмауы туралы шағымдар жасалғанмен, жағдайды білуге міндетті мемлекеттік статистикалық басқарма Сырдария облысында астық бітік, тіпті артық болды деп өтірік ақпарат берген. Осындай мәліметтерге сүйенген Қазақстан өлкелік партия комитетінің хатшысы Голощекин Сырдария облысы сегіз миллион пұт астық береді десе, ал «Еңбекші қазақ» газеті шындығында осынша көлемдегі астықты сырттан әкелу керек болып тұр деп жазған. Осылардың барлығын айта келе, Мұстафа Шоқай егіннің болмай қалуына толықтай кеңес өкіметі жауапты емес шығар, дегенмен жұртшылық егінді уақытылы жинап алуды күні бұрын өтінгенде, шаралар қолданбауына кінәлі деп түйіндейді.

Кеңес өкіметінің экономикалық саясатын да сынға алып, Мұстафа Шоқай мұның саяси астары Түркістанның тәуелсіз өмір сүру мүмкіндігін біржола жою екенін, оны Ресейдің шикізат көзіне айналдыруға бағытталғанын көре білді. Орталық үшін қажет мақтаны зорлап еккізіп отырғанын айтып, Өзбекстан мен Түркістандағы ашаршылықтың мәнді бір себебін дәнді дақылдар егетін жерлердің мақта егісіне берілгенімен түсіндіреді.

«Ашаршылықпен күрес комиссия­сының» төрағасы Т.Рысқұлов мұсылман жұртшылығынан аштыққа ұшырағандар бір миллион, ал есепке алынбағандар бұдан да көп» деп мәлімдеген

Мұстафа Шоқайдың ашаршылық туралы жазған шығармаларының ішінде өзінің маңызымен ерекше орын алатын «Түркістандағы Совет өкіметінің ашаршылық саясаты» («Тұрар Рысқұловтың куә болуы») («Голодная политика советской власти в Туркестане» («Свидетельство Турара Рыскулова») атты еңбек. Бірақ мұның қашан жазылғаны белгісіз. Дегенмен Тұрар Рысқұловтың «Революция және Түркістанның тұрғын халқы» («Революция и коренное население Туркестана») деген еңбегі Ташкентте Өзбек мемлекеттік баспасынан 1925 жылы жарық көргеннен соң көп ұзамай жазылған сияқты. Өйткені мұндай еңбекті Мұстафа Шоқай – табиғатында кейінге қоймайтын қайраткер публицист. Мақалада 1891 жылы Ресейді өте күшті ашаршылық жайлағаны, орыс өкіметі онымен күресуге дәрменсіз болғаны, содан зордан жеке қоғамдық ұйымдар ашаршылыққа ұшырағандарға көмек беруіне келіседі. Мұстафа Шоқай атап көрсеткендей, барлық уақытта және барлық жүйеде орыс үкіметі орыс халқының зиялы қауымын халыққа жақын жібергісі келмеді. Интеллигенция ішінде де ашаршылыққа ұшыраған, көпшілікке көмек көрсетуге қарсы шыққандар болды дейді. Олар ашаршылықты Түркістанда кеңес өкіметін орнатудың құралы ретінде қарады. Астық та, оны әкелетін теміржол да, армия да қолында болған совет өкіметі көзге көмек комитеттерін ұйымдастырған сияқты болғанмен, шындығында, мұсылман аштарға көмекке кедергілер келтіріп отырған. Бұл мұсылман қауымын жою үшін және Түркістанда өз үстемдігін орнатуға оның қарсы тұру мүмкіндігінен айыру үшін жасалған. Мұстафа Шоқай осындай ресми мәліметтеріне сүйене отырып, Түркістан мұсылмандары арасында ашаршылықты совет өкіметінің өзі ұйымдастырды деген қорытындыға келеді. Мұндай тұжырымдарды большевиктер теріске шығаруға тырысты. Алайда Мұстафа Шоқай бұған мынадай жаңа мәлімет ұсынады. Бұрынғы Түркістан совет үкіметінің басшысы, сол кезде РСФСР халық коммиссариаты төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов 1918-1919 жылдарда сөйлеген сөздері мен баяндамаларының басты-бастысын арнайы жинақ етіп шығарған. Осы кітапта жазылғандай, «Түркістандағы қазан төңкерісіне еңбегі сіңген басшыларының бірі Тоболин ТүрОАК-нің бір отырысындағы былай дейді: «қырғыздар (қазақтар), марксистер көзқарасы бойынша экономикалық жағынан әлсіз, сондықтан олар бәрібір өлуі керек, сол себепті революция үшін қаржыны ашаршылықпен күреске емес, майданды қолдауға жұмсағанымыз тиімді». Мақалада Тұрар Рысқұловтың Жоғарғы революциялық кеңеске – ТүрОАК-не өлке халқының жартысы аш, бірақ кеңес өкіметінің жергілікті органдары аштықпен күресу ісіне жанашырлықпен қарамайды, сол себепті аштықпен күресу үшін халықтың мүлікті топтарына салық салу туралы жарлық жариялауды ұсынғаны айтылады. Алайда Түркістандағы кеңес өкіметінің жоғары органдары бұл ұсынысқа жанашырлық танытып, тиісті қолдау көрсетпеген. Өзінің көзімен көргендерді және Рысқұловтың сұрақ-жауаптарында, тағы басқа көтерген мәселелерді талдай отырып, Мұстафа Шоқай мынадай қорытынды жасаған: «1918-1922 жылдардағы ашаршылық совет үкіметінің Түркістандағы мұсылман жұртшылығымен күресте әлеуметтік одақтасы және құралы болды».

Сонау Францияда тұрса да, Мұстафа Шоқайға өлке жағдайынан өте мазасыз және үрейлі мәліметтер, халыққа аштық қаупінің нақты төнуі туралы түрлі дерек жетіп жатты. Сондай материалдың бір тобы «Түркістанға ашаршылық төніп тұр» («Туркестану угрожает голод») атты мақалаға негіз болған. Кеңестік Өзбекстан, Қазақстан басылымдарынан алынған деректер арқылы төніп келе жатқан аштық апатының ауқымы көрсетіледі. Осыларды жаза отырып, автор тек Мәскеу билігінен құтылғанда ғана Түркістан түріктері өз елінің қожайыны бола алады деген пікір білдіреді. Ал келесі түскен мәлімет бойынша Ақмола уезі түгел аштыққа ұшыраған, ашыққандар даланы кезіп қолға түскен мысық, иттерді жеуге мәжбүр болған. 1922 жылдың наурызында белгілі қазақтың қоғам қайраткерлері (аттары аталмаған) Орталық кеңес үкіметінен жәрдем етуін, «Көмек комитетін» құруға рұқсат беруін сұраған. Өтініштеріне жауап ала алмағаннан соң, олар ашыққандарға көмек ұйымдастыратын жергілікті комиссиялармен бірлесіп, көмек жинауға елеулі үлес қосады. Ал үкімет жауаптың орнына Ресейден шетелге экспортқа астық жіберіп жатады. Бұл мәліметтер 1924 жылы 5 шілдеде «Дни» газетінде жарық көрген «Аштық» («Голод») деген мақалада жазылды.

1924 жылғы 5 шілдеде «Дни» газетінде жарияланған «Ұлттық мәселе зертханасы» («Түркістан тәжірибелерінен») («В лаборатории национального вопроса» («Из туркестанского опытов») деген мақалада бірден «кеңес эксперименттерінің» нәтижесінде Түркістанда 1917 жылдың 1 маусымында 8084700 адам болса, 1922 жылы бұл көрсеткіш 5029512-ге төмендегені келтірілген. Бұдан әрі мақалада советтік баспасөздің өзі мұсылмандардың өліміне (ресми аштыққа көмектесуден бас тарту, қатыгез қудалау) кінәлі деп көрсеткендер мүлдем жазасыз қалды немесе Түркістан шегінде тиімді орындарда орналасты деген мәліметтерді зертхананың сәтсіз «тәжірибелері» деп аталған.

Мұстафа Шоқайдың Түркістандағы ашаршылық туралы мақалалары Еуропаға ғана емес, басқа шетелдерге де белгілі болады.

Парижге келген бойда Мұстафа Шоқайдың қарқынды публи­цистикалқ қызметі, Түркістандағы большевиктердің озбыр саясатын барынша сынап, шынайы шындықтың бетпердесін ашқан осындай материалдары кеңес көсемі И.Сталинге жетіп жатты. Әйтпесе ол 1925 жылдың 29 мамырында РКП (б) Қырғыз (Қазақ) өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне «Ақ жол» газетін қайта құру туралы жолдаған хатында «ақгвардия­шылдар баспасөзінде белгісіз емес» Мұстафа Шоқай туралы былай деп жазбас еді: «Бiз өкiметтi, жастарды саяси және идеология­лық тәрбиелеудi партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен және еш қалдықсыз коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда, Қырғызстанда (Қазақстанда – автор) шоқайшылардың жеңiске жетуi әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы (Қазақстандағы – Ә.Б.) коммунизм­нiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең».

Осындай мақсатты ұйымдас­тырылған, халқымыздың миллиондаған перзентінің ғұмырын жұтқан, олардың келешегін де қиған, зардаптары халық жадында мәңгілік қалған ашаршылық – сонау Ресейдің отарлық дәуірінен бастау алған, қоғам мүшелерін тапқа бөліп, бірін-біріне қарсы қойған советтік-тоталитарлық жүйенің сипатынан күшейе түскен ­саяси-әлеуметтік құбылыс. Сондықтан Түркістандағы ашаршылық совет үкіметінің 1930 жылдары жолдан тауып алған «дүниесі» емес, оның жеке билікке негізделген саяси табиғатынан туындағанын ескеру қажет. Ал жеке билік ешуақытта жақсылыққа жетелей алмаған. Бұған мемлекеттер тарихынан сан мысал куә бола алады.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдар докторы, профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button