Тұлға

Алыптар аласармайды

Елордада академик Қаныш Сәтбаевтың еңселі ескерткішінің жанынан ғалымның замандастарының сөзі жазылған ескерткіш тақталар ашылды.

Іс-шараға Парламент Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Алтынбек Нухұлы, Динар Нөкетаева, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Астана қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Несіпбек ­Айтұлы, Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміренов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баймахан Сәтбаев және т.б. қатысты.

Қуаныш Ерғалиев Ғылым және жоғары оқу министрі Нұрбек Саясаттың құттықтау хатын оқып берсе, ақын Несіпбек Айтұлы арнау өлеңін оқыды. Өзге қонақтар Сәтбаевтың өтпелі кезеңдерде елдің дамуына сіңірген еңбегін саралады.

Жалпы Сәтбаев феномені асқақ, Сәтбаевтың тұлғасы биік! Оның болмысын биіктетіп, бітімін ерекшелейтін құбылыс – өтпелі кезеңдерде Қазақстанды дамудың жаңа жолына түсіріп, өзінің ұлтын өзінен биік санаған қасиетінде.

Құрметті меймандар академиктің тарихта қалған таңбалы бастамаларын саралап, жастарға үлгі етіп, әрі отандық ғылымды дамытуда Сәтбаев­тың таным-талғамын бағдар етудің маңызын сөз етті.

Қ.Сәтбаев инженер-геолог ретінде елдің шығысы мен батысы, солтүстігі мен оңтүстігі және орталығындағы ірі-ірі өндіріс орындарын ашуға бастамашыл болды. Әсіресе Жезқазған даласын түлетіп, Қарағанды облысына аяқ судың жетуіне сіңірген еңбегі мол. Қазақстанның жерасты қазба байлығының картасын жасады.

Оқу-ағарту саласында да белсенді іске кірісіп, алғашқы математикадан оқулық жазды, қаншама жастарды ғылымға тартып, бағын ашты. Қазақ тарихына, мәдениетіне, руханиятына сіңірген еңбегі орасан зор. Оның ішінде дәстүрлі ән өнеріне дем бергенін айту керек.

Ғылым дамымай, ел өркендемейді. Сәтпаевтың сара жолынан осындай тағылым аламыз. Елдің алдында ғалымдардың құрамын жасарту, зерттеліп біткен жұмыс­тарды өндіріске енгізу және т.б. міндеттер тұр.

Міне, ғұлама ғалымның еңселі ескерткішінің аясында мәртебелі меймандар осындай ой-тұжырымдарын ортаға салып, жастарға өнегелі сөз айтты.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button