Басты ақпаратЕлорда тынысы

Аналар үйінің жылуы

Елордадағы «Аналар үйі» қоғамдық қоры он жылдық мерейтойын атап өтті. Салтанатты іс-шараға ҚР Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Сәркенова және т.б. қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Түрлі жағдайлардың әсерінен жетім қалған балаларға қамқорлық ғана емес, тұрмыстың тауқыметін тартқан отбасыларды қолдау мақсатында құрылған «Ана үйі» он жылдан бері баласынан бас тартпақ болған аналарға психологиялық көмек көрсетумен айналысып келеді. Қайырымдылық қорының негізін қалау­шы Анар Рахымбаева қазіргі уақытта еліміз бойынша барлығы 21, оның ішінде Алматыда  3 және Астанада 2 «Ана үйі» жұмыс істейтінін атап өтті.

– Перзентханада жұмыс істеп жүргенде мен ата-аналары тастап кеткен балаларды жиі көретінмін. Олардың көпшілігі үнемі ыңырсып жылап отыратын. Соны көргеннен кейін әлемде ешбір бала жыламауы үшін мен не істей аламын деген ойға келдім. Бұл менің жүрегімде терең із қалдырды. Содан кейін мен бас тартқан сәбилерге ана болғым келді. Бірақ өзіме мүлде бейтаныс балаларды жақсы көре аламын ба деген сұрақ туындады. Көп ойланып, қиын өмірлік жағдайға тап болған қыздарға жағдай жасау туралы шешім қабылдадым. Осылайша, 2013 жылдың мамырында Астана қаласында алғашқы «Аналар үйі» есігін айқара ашты. Сол кезде біз перзентханалармен тығыз қарым-қатынас орнатып, баласынан бас тартқысы келетін бойжеткендермен жұмыс істедік. Кейін бізге жүктіліктің соңғы апталарында жүрген жүкті әйелдер келе бізге жүгіне бастады. Мұнда олармен мамандар арнайы кеңестер жүргізеді. Жүкті аналардың босанып, балалары ширағанша қалуына мүмкіндік қарастырылған. Біздің Қор жұмыс істеген уақытта «Аналар үйінің» қабырғасында барлығы 5 мыңға жуық бала дүниеге келді, – деді Анар Рахымбаева.

Мереке қонақтарының бірі елорда әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Сәркенова болды.

– Бүгін біз астаналық «Ана үйі» ұжымын мерейтойымен құттықтауға келдік. Осы он жыл ішінде Қор өмірлік қиын жағдайға тап болған 1000-нан астам әйелге қолдау көрсетті. Адамдардың көптеген тағдырлары құтқарылды және балалар отбасыларда қалды. Осы жылдар ішінде Қор жұмысының арқасында 8 мыңнан астам бала ата-ана тапқанын атап өткім келеді. «Ана үйінде» жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Бұл әлеуметтік қызметкерлер де, психологиялық және құқықтық қолдау көрсететін психологтар да балаларды қалай тәрбиелеу керектігін біледі, аналардың балаларымен бірге тұруына жағдай жасайды. Қорға өркендеу, балаларға бақытты балалық шақ тілеймін. Сынған тағдырлар мен тастанды балалар аз болса екен деп тілеймін, – дейді Қарлығаш Саркенова.

Іс-шара барысында осыдан он жыл бұрын орталыққа қиын жағдайда түскен Нұрасыл атты бала «Ана үйінің» қыз­меткерлеріне алғысын айтса, анасы Зәуреш әннен шашу шашты.

«Ана үйінде» жүрген жас келіншектердің бірін әңгімеге тарттым. Аты-жөнін айтудан үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ пікір білдіруге қуана келісті.

«Мұнда, негізінен, өмірлік қиын жағдайларға тап болған әйелдер келеді. Мен де солардың бірімін. Жүктілігімнің соңғы айларында жігітіммен ұрысып қалдық. Некеге тұрмадық. Таныстарымнан осындай орталықтың барын естіп, осында келдім. Қазір жағдайымыз жақсы, бөпем өсіп жатыр. «Ана үйі» ұжымының арқасында қиындықтар артта қалды. Өмірде ештеңеден қорықпау керек екен. Сіңлілеріме айтарым, қандай жағдай болса да балаларыңды тастамаңдар» деді көзіне жас алған келіншек.

Іс-шара соңында осы орталықта өсіп жатқан бір бүлдіршін қырқынан шығарылып, тәй-тәй басып жүрген келесі қошақанның тұсауы кесілді.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button