Сараптама

Анимация – идеология құралы

Газеттің биылғы жылғы №36 (4469) нөмірінде «Келешегіңді ойласаң, анимацияңды түзе!» атты мақала басылды. Сараптамалық мақаланы Мәдениет және спорт министрлігі назарға алып, жауап берді.

Қоғам қайраткері Әмен Қайдаров негізін қалаған отандық анимация саласы жарты ғасырдан асты. 1967 жылы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» түсірілсе, содан бері 200-ден астам анимациялық фильмі экрандалды.

Бұл ретте, 2022 жылы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «40 өтірік» анимация­лық фильмі Ресей мемлекеттік кино қорында цифрландырылғанын айту керек. Оған қоса «Қазақфильм» киностудиясының базасында мемлекет қаражаты есебінен реставрациядан өтті.

2009-2019 жылдар аралығында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Ер Төстік және айдаһар», «Қазақ елі» «Күлтегін» 3D, «Мұзбалақ» 2D толықметражды фильмін шығарды. Сондай-ақ 49 қысқаметражды анимациялы өнім дайындады.

Осы бағытта мемлекеттік тапсырыс пен тапсырмалар шеңберінде ұлттық фильм­дер шығару, оның ішінде, анимациялық фильмдерге басымдық берілуде.

Бүгінде әлем елдері анимация саласына қатты көңіл бөліп, жаһанданудың бір элементіне айналдырды. Оның айқын дәлелі – түрлі деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерді тұрақты өткізіп, өз өнімдерін насихаттауды жолға қойды. Халықаралық фестивальдерде отандық анима өнімдер жүлде алып, ұлттық таным мен тағылымды дәріптеуде. Мәселен, Германияда өткен халықаралық ХХІV Schlingel фестивалінде «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмі сыншылардың жоғары бағасын алып, «Үздік анимациялы фильм» жүлдесіне ие болды.

2019 жылы министрліктің тапсырысы бойынша 4 анимациялық фильм аяқталды. Соның қатарында көрерменге ерекше ұнағаны «Менің атым Қозы» және «Батыл қояндар» қысқа метражды анимациялық фильмі бар. 2020 жылы пандемия­ға байланысты анимациялық фильмдер түсірілген жоқ. 2021 жылы 3 анимациялық фильм жарыққа шықты.

Әлеуметтік желілер адамдарға педагогикалық-психологиялық тұрғыда әсер етуі кеңейіп келеді. Әсіресе, жеткіншектердің қалыптасуында YouTube пен TikTok-тың ықпалы зор. Мұны мойындаймыз. Осы себепті телеарналар мен студиялардан бөлек, азаматтық қоғам әлеуметтік желіде жасөспірімдерге арналған сапалы контент шығаруға мүдделік танытуы керек. 2019 жылдан бері «Қазақфильм» киностудиясы өзінің ресми YouTube арнасында өздерінің төл өнімін таратып келеді. Бүгінде көрермендер тегін 20 мультфильмді көре алады, олардың ішінде төрт толықметражды анимациялық фильм бар.

Бұдан басқа, 2022 жылы «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында өскелең ұрпақтың патриоттық және рухани тәрбиесіне ықпал ететін балалар үшін сапалы отандық анимациялық киноны дамыту және қолжетімді ету мақсатында «Қазақ­анимация» шығармашылық бірлестігі құрылды.

Жоба аясында 150-ден астам Қазақстанның шығармашылық жоғары оқу орындарының студенттері мен анимация саласының мамандары арнайы шетелдік анимация саласының жетекші мамандарының тәжірибелік сабақтар мен мастер-кластарынан өтті. Нәтижесінде, 20 есептік анимациялық жоба жарыққа шықты.

«Қазақанимация» – Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы анимациялық контент өндіру бойынша ірі анимациялық клас­тер. Бірлестік анимация саласы мамандарының біліктілігін арттыру және шетелдің білікті мамандарымен тәжірибе алмасуда интеграция­лық қызмет атқаруда. Яғни елдің анимациялы компанияларының шығармашылық әлеуетін біріктіруге және сапалы анимациялық жобалар дайындауға мүмкіндік беретін әмбебап өндірістік және білім беру алаңына айналды.

2021-2023 жылы киностудия­ны жаңғырту бойынша жұмыс жүргізілуде, оның шеңберінде арнайы жоғары технологиялық жабдықтар сатып алынды, бұл жоғары сапалы анимациялық фильмдерді қысқа мерзімде жасауға мүмкіндік береді.

«Қазақфильм» киностудиясы мен өзге анимациялық студиялар арасында тәжірибе алмасу және сабақтар мен мастер-кластар жиі өткізіледі. Осылайша, қазақстандық студенттер мен жас мамандар анимациялық өнімді жасауда теориялық және практикалық дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік алды.

Бюджет қаражатының жалпы көлемінің шамамен 70 пайызы бәсекелестік ортаға, конкурс­тық негізде елдің анимациялық киностудияларына, отандық анимация­лық студияларды дамыту үшін олардың пилоттық анимациялық жобаларын қаржыландыру түрінде жіберілетінін атап өтеміз.

Жалпы анимацияны идеология құралы ретінде дамытып, жеткіншектерді сапалы контентпен қамтамасыз етуді басымдық етуге мән беріп келеміз. Бұл істе әрбір отандас жауапты екенін де жақсы білеміз. Шетелдің тәжірибесіне сүйенсек, жеке тұлғалар YouTube арналарды бизнес құралына айналдыруда балаларға қажетті өнімдерді түсіретінін жақсы білеміз. Сөйтіп, бір жағы, қаржы табады, екінші жағы, сапалы контент өндіріп, елінің келешегіне инвестиция құюда.

Нұрқиса ДӘУЕШОВ,

Мәдениет және спорт вице-министрі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button