Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Аруақтар неден жазықты болды?!

Қазіргі Дін басында отырғандарға тым қиын-ау. Былай десе «салафит», «уахабист» дейміз, былай десе «сопы» деп күстәналап жатамыз. Шын мәнінде «сопылық» екінің бірінің қолы жете бермейтін, екінің бірі түсе алмайтын жол еді. Оның да биігіне жетпей, білімсіздігімізден аяқ­асты еттік.   

Жарайды, қазақтың бәрі сопы болған жоқ, бірақ сол сопылардың жалғасы ишанға қол беріп, жүрегін тазалап, жолын түзеп, бағытын айқындаушы еді. Одан да айырылып қалдық. Оған да көніп, мүмкін заманына қарай келген амалы шығар деп жүргенбіз. Алайда мына оқиғадан кейін айтпасқа амалымыз қалмады. Осыдан бірнеше күн бұрын бас мүфтиіміз батагөйлерді жинапты. «Хан айтқанды қара айтады, аузының жоқ дуасы» деген де бар. Жарысқа түскен батагөйлердің дұғасы да аузы да қаншалықты дуалы екенін білмейміз, бірақ батаның көркі болған «аруақ қолдасын!» деген сөзге тыйым салғаны болмаған екен. Қап-ай, қазағымның батасының «біссмілләсі» болған мына шумақты бата күткен жұрт естімеген екен-ау деп қалдық.

«Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстау­да – Пір Бекет. Уа, Жаратқан, хақ Алла, Тілегімді қабыл ет!». «Түркістанда – түмен бап, Отырарда – отыз бап, Сайрамда – бар сансыз бап, баптардың бабы – Арслан бап!» та батадан түсіп қалыпты.

Жаңақорған өңіріндегі Ақтас мешітінде көп жыл азаншы болған Досжан деген өтіпті. Сол кісінің Мәткәрім деген баласы бар екен. Сол Мәткәрім соғысқа барғалы жатқанда өңірге белгілі Айқожа ишан ұрпағы Әззам ишан мен бір бата беріп кетейін дей келіпті. Батасын беріп кетеді. Айтайын дегенім, Алланың шеберлігін қарасаңызшы, Мәткәрім майданға барып Қазақстанда өскен, қазақтың жақсылығын көрген командирдің қол астына түседі. 17 жасында әскерге барған бозбаланы бір жылдай штабта ұстапты. 18-ге толғаннан кейін артиллерияда, кейіннен танкіге отырады. Шайқас күндерінде экипаж бір жерде тамақтанып отырғанда, мұны махорка алып кел деп жұмсайды. Мәткәрім танкіде қалған темекіні алмаққа ұмтылғанда снарядтың дауысын естіп, танкіні құшақтап жата қалған. Сонда снаряд анадай жерде отырған экипаждың үстінен түсіп, үшеуі бірдей тіл тартпай кетіпті. Басын көтерсе, гимнастеркасының иығынан бастап жеңіне дейін снарядтың жарықшағы тіліп өткен. Бірақ денесіне жетпеген. Соғыстан аман келген майдангер «Әуелі Алла, сосын Әззам ишанның батасынан қалдым-ау» дейді екен.

Жалпы, «Ақ сақалдан бата алған, Құдайдың рахметіне жолығар» деген халық «Құдай ұрған оңалар, аруақ атқан оңалмас» деп те айтады. Аруақтар неден жазықты болды, түсінбедік.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button