Елорда тынысы

Астана атауын ұсынды

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында Қазақстан елордасын Астана деп қайта атау мәселесі қаралып, бекітілді. Қала әкімінің орынбасары Есет Байкеннің қатысуымен өткен жиында негізгі баяндаманы шаһардың Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жасады.

– Еліміздің астанасын, Нұр-Сұлтан қаласының атын өзгерту мәселесі – соңғы үш-төрт жылдың көлемінде жиі көтерілген мәселелердің бірі. Мұны әлеуметтік желілерден, интернеттегі әртүрлі платформалардан, баспасөз беттерінен, тіпті оффлайн форматта болып жатқан әртүрлі кездесулерден өздеріңіз де естіп, көріп, біліп жүрсіздер, – деді Сәкен Есіркеп.

Оның айтуынша, осы жылдың басынан бері қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына және қалалық ономастика комиссиясына Нұр-Сұлтан қаласын Астана қаласы деп қайта атау туралы ресми түрде 17 ұсыныс келіп түскен. Сонымен қатар Парламент Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» аталатын арнайы депутаттық топ елорданың бұрынғы атауын қайтару жөнінде үндеу жасады. Осы ұсыныстар ескеріліп, 14 қыркүйек күні өткен Нұр-Сұлтан қаласының ономастика комиссиясында мәселе талқыланып, мақұлданды. Бүгін өткен қалалық мәслихаттың қоғамдық тыңдауларында да бұл ұсыныс қолдау тапты.

Қалалық мәслихаттағы Amanat партиясы фракциясының жетекшісі Азамат Айтхожин «Астана» атауы брендке айналғанын атап өтті.

– Мен – Астана қаласының тумасымын. Халықпен кездесулерде өз басым да, өздеріңіз де қала атауы қайтадан Астана болсын деген ұсыныстарды естіп жүрсіздер. Өзім жиырма жылдан астам спорт саласында жұмыс істеймін. Қазір бізді төрткүл әлем Астана деп таниды. «Астана» велоклубы, «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы бүгіндері бүкіл елдің аузында. Меніңше, астанамыз қайтадан Астана атауын иеленуге лайық, – деді Азамат Айтхожин.

«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан қалалық мәслихатқа сайланған Асқар Смағұлов астана атауын ауыстыру әлемдік практикада бар екенін айта келе, ұсынысты қолдады. Қазақстан халық партиясының қалалық мәслихаттағы өкілі Нұрдәулет Оразханов та қолдайтынын жеткізді. Қалалық мәслихаттың депутаты Владислав Сергеев бұл тарихи күн екенін айтты.

Сессиясы түйіндеген қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов осы жиынның алдында өткен қоғамдық тыңдауларға Фейсбук арқылы қатысқан азаматтардың барлық пікірлері ескерілгенін жеткізді.

Енді бұл ұсыныс Үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияға жолданады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button