Денсаулық

Аурудың алдын алу акциясы

Жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісінде дүние жүзінде ЖИТС-тен, яғни жүре пайда болатын иммун тапшылығынан қайтыс болған адамдарды еске алу күні өткізіледі. 1983 жылы алғаш рет жарияланған бұл күн бүгінде 115 елде атап өтіледі. Осыған орай кеше Астана қаласы әкімдігінің «Astana polytechnic» жоғары колледжінде студент жастардың қатысуымен кең ауқымды акция ұйымдастырылды.

Астана қалалық АИТВ инфекция­сының алдын алу орталығының мұрындық болуымен өткізілген іс-шараға қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Білім басқармасы, Қалалық оқу орындарының студенттері және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Акция барысында концерттік ойын-сауық бағдарламалар көрсетіліп, жастар арасында түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар келген тұрғындар мамандардан тегін кеңес алып, АИТВ, яғни адамның иммун тапшылығы вирусын анықтауға жедел тестілеуден өтті және соның нәтижесіне 15 минутта қол жеткізді.

– Біздің орталық Халықаралық ЖИТС құрбандарын еске алу күніне орай биыл 15-21 мамыр аралығында елордада апталық жариялады. Астана қаласында АИТВ-инфекциясын анықтауға жыл сайын 300 мыңнан астам адам тексеріледі. Жылына халықты АИТВ-ға тестілеудің көлемі орта есеппен 12-15%-ға ұлғаюда. Ерте тестілеудің арқасында 84% жағдай аурудың 1-2 сатысында анықталуда. Соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде антиретровирустық терапияның арқасында елордада АИТВ-мен ауыратын әйелдерден 280 дені сау бала дүниеге келді, әрі АИТВ-инфекциясы созылмалы жұқпалы аурулар қатарына еніп, өлім-жітім азайды. Қазіргі таңда Астана қаласында 1968 науқас диспансерлік есепте тұр. Емдеуге қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы соңғы 10 жылда әлемде ЖИТС-тен өлім-жітім 47%-ға қысқарды, – дейді орталық директорының орынбасары Салтанат Мусина.

18 мамыр айтулы датаның шеңберінде қалалық медицина мамандарының қатысуымен  «АИТВ-ның анадан балаға жұғуының алдын алу» тақырыбында семинар-тренинг өтеді. Іс-шара барысында мамандар тәжірибе алмасып, ой бөліседі. Биыл 21 мамырда ЖИТС құрбандарын еске алу күні қарсаңында қаламыздағы басты көрнекі ғимараттар «Бәйтерек» монументі мен «Ханшатыр» СОО және ҚТЖ компаниясы бас кеңсесінің ғимараттары кешкі уақытта АИТВ-мен күресу символы қызыл лента болғандықтан, толық қызыл түске боялып жанады. Бұл шаралардың барлығы қоғам назарын аудару арқылы ЖИТС-тың алдын алу және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды қолдау мақсатында ұйымдастырылуда.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button