Басты ақпаратЕл тынысы

Ақиқаттың алдаспаны

күрескер тұлға Иманжүсіп Құтпанұлының ән мұрасы жаңғырды

Өз заманында ноқтаға басы сыймай өткен күрескер ақын, әнші, халық композиторы Иманжүсіп Құтпанұлының туғанына биыл – 160 жыл. Өр рухты тұлға жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде бірталай қуғын көріп, «халық жауы» атанды. Жетпіске таянған жасында Әулие ата жерінде атылды. Арада алпыс жыл өткенде ғана ақталды. Бірақ әлі күнге дейін ән мұрасы елге толығымен жетпей жатыр. Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония­ның «Халық әні» бөлімі мен «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы халық композиторының мерейтойына арнап «Иманжүсіптің әні» атты әдеби-сазды кеш өткізді. Онда тұлғалық қасиеттері айшықталып, ел әлі ести қоймаған бірнеше әні ұсынылды.

Кешті Астананың Музыкалық жас көрермен театрының әртістері сахналық қойылыммен ашып, Иманжүсіптің дүниеге келіп, өмірден өткенге дейінгі маңызды кезеңдерді қамтыды. Даңқты балуан Қажымұқан Иманжүсіпті аға тұтып, алдынан кесе-көлденең өтпеген. Иманжүсіптен бір жас қана кіші халық композиторы Балуан Шолақ та сөзін тыңдаған. Әсіресе, осы үш кейіпкердің қатысуымен өткен көрініс әсерлі шықты.

Иманжүсіптің немересі, атасының мұрасы мен тұлғасын отыз жыл бойы зерттеп келе жатқан философия ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Раушан Иманжүсіп кешке құрметті қонақ болып қатысты. Тұлғаның ұрпағы мен астаналық филармонияның «Халық әні» бөлімінің көркемдік жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Тельман Нұркенов арасында сұхбат өрбіп, бірталай мәліметтер айтылды.

– 1992 жылы біздің үйге бір хат келді. Онда «үш әріптің» хабары бар екен. Әкеме жазылған бұл хатта: «Сіздің әкеңіз Иманжүсіп Құтпанұлы 1931 жылы 2 наурызда «халық жауы» атанып, Мойынқұм көтерілісінің басшысы болып атылған. Сүйегі Таразда жатыр. Егер басқа да мәліметтер керек болса, сол жақтан білесіздер» деп жазылған» деген Раушан Иманжүсіп әкесі Нұрхан содан кейін жасы ұлғайғандықтан, атасының жатқан жерін және мұрасын іздеуді өзіне аманаттағанын айтты.

Иманжүсіптің немересі сол күннен бастап бұл істі қолға алып, міне, отыз жыл бойы сонымен айналысып келе жатыр. Атасының зиратын да, суретін де тапты. Отызға тарта кітап жазып, докторлық диссертация қорғады. Бір сөзбен айтқанда, әке аманатын орындады.

– Тоқсаныншы жылдардың басында Ақмола қаласына келдім. Сол уақытта осы қалада Иманжүсіптің көзін көрген жиырма шақты адам болды. Менің бір бақытым – сол. Жалпы Иманжүсіп осы Астананың сал-серісі, бала жастан қазіргі Аршалы ауданына қарайтын Жібек жолы ауылында өсті. Сондағы ақсақалдарға Иманжүсіп десем, олар жылап қоя берді. Сөйтсем, сол заманда қандай жағдай болса да Иманжүсіп көмектесіп, елге пана болады екен. 1913 жылы Иманжүсіпті «Тұрғанбай датқаның немересісің, елге кел» деп Сыр бойы­на шақырған. Сонда оны осы жердің халқы қимаған екен. 2000 жылы Астанада Иманжүсіпті еске алу кеші өтіп, Сыр бойынан, Есіл бойынан ағайындар келіп, көрісті. Сонда ақсақалдар сахнаға шығып: «Иманжүсіп неге кеткенін енді түсіндік. Ол ел мен елді біріктіру үшін кеткен екен» деп сөйледі, – деген Раушан Иманжүсіп атасының «Сарыарқа» әнінің тарихын айтып берді.

Оның айтуынша, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары елге Қытайдан Әмина Бапина (Нұғманова) деген әнші келіп, осы жақта Иманжүсіптің әндері айтылмайтынына таңқалған. Ал Қытайда әр отырыста Құтпанұлының туындылары шырқалады екен. Қазақстанда бір тойда «Сарыарқаны» салғанда Сәбит Мұқанов пен Әлкей Марғұланды елең еткізген. Олар Иманжүсіптің әнін таныған. Сәбит пен Әлкейдің қолқалауымен осы ән радиоға жазылған. Қазір бұл ән Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Кеште бұл әнді республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Жақсыгелді Маясаров шырқады.

Ал Иманжүсіптің «Ел қайда» әні Александр Затаевичтің 1925 жылы шыққан қазақ әндері жинағына енгізілген. Алайда ол қазақ тілін білмегендіктен, сөзін жазбай нотасын ғана енгізген. Бұл әнді музыкатанушы Қостанай облысынан келген 15 жасар екі қыздан жазып алған екен. Раушан Иманжүсіп кейін бұл ән мәтінін іздегенде Қостанайдың Глазуновка ауылынан тапқан. Осы туындыны республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Айдос Оңғарбай қобызбен орындады.

Затаевичтің жинағынан Иманжүсіп жас кезінде жазған, шығармашылығында махаббат тақырыбын қозғайтын жалғыз лирикалық туынды «Сейфіл-Мәлік» әні де табылған. Раушан Иманжүсіптің айтуынша, бұл әнді атасы алғашқы әйелі Зейнепке арнаған. Мұны мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаевтың орындауында естідік.

Ал Иманжүсіптің «Сары мойын» әнін Евгений Брусиловский «Қыз Жібек» операсында (Бекежанның ариясы) пайдаланған. Әйгілі «Қыз Жібек» фильмінде Шегенің әні болып айтылды. Осы әнді талантты әнші Өзгеріс Шерікбай шырқады.

Халық композиторы Нартай Бекежановтың ағасы, қуғын-сүргін құрбандарының бірі, ақын Мансұр Бекежанов кезінде Иманжүсіпке хат жазған. Кейін бұл туынды жырға түсірілді. Осы шығарманы республикалық байқаулардың лауреаты Айнұр Қонысбаева ұсынды.

Кеште көп айтылмайтын ­Иманжүсіптің «Әкем Құтпан» әнін Берік Омаров, «Қараөткелді» мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан, «Болған жастанды» талантты әнші Сырым Мұхаметжанов салды. Елге белгілі «Иманжүсіптің әні» туындысын танымал әнші ­Секен Сыздық әуелетті. «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы бірнеше күйді тарту етті. Кербез, сұлу Көкшеден арнайы келген Ақмола облыстық «Әдебиет және өнер» музейінің директоры Нұрбек Нұралин, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Кенжебай Мұқышев Иманжүсіптің немересі Раушан Иманжүсіпке жылы лебіздерін жеткізіп, сый-сыяпат жасады. Ақын, жазушы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD доктор Ерболат Баят «Иманжүсіптің рухына» атты өлеңін оқыды.

Иманжүсіптің рухына

Есілдің бойы көп қамыс,

Саздауға бітіп серейген.

Қарыған сені шоқ намыс,

Сағынтып өткен Ереймен.

 

Құлынын ертіп жосылған,

Ботасын ертіп боздаған.

Алты өзен ағып қосылған,

Қазақтың жері – өз далаң.

 

Адалдан болды жолдасың,

Басыңнан өтті сергелдең.

Иілмей өтті өр басың,

Құқайды талай көргенмен.

 

Тепсініп теңдік сұрадың.

Тағы да айдау, тағы сын.

Кеңдікке біткен қыраным,

Биікке біткен барысым!

 

Жарлыны байға теңгердің,

Сөздерің  қайсар, сазың мұң.

Бүркіттей бүрген шеңгелдім,

Бөрідей өжет азулым!

 

Абыройы болдың Арқаның,

Шиелі қоныс алыс тым.

Құландай асау тарпаңым.

Тұлпардай өрен шабыстым!

 

Халықта қалды жыр-әнің,

Ақиқат рас, бары шын.

Жұмақтан болсын тұрағың,

Арманда кеткен арысым!

 

Азаттық болды ұраның,

Ұрпақтың жалғасқаны шын.

Шың құзға біткен шынарым,

Шындықтың алдаспанысың!

          Ерболат БАЯТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button