Мәдениет

Ақындар елдікті жырлады

Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Ұлттық музейде «Көк туым мәңгі желбіре» атты жас ақындар арасында айтыс өтті. Оған айтыс өнерінде қалыптасып, таныла бастаған ақындар қатысты.

Қатарынан екінші жыл өткен айтыста мемлекеттің негізгі нышаны – рәміздердің құндылығы жырға арқау болып, елдіктің жолы дәріптелді.

Ықылым заманнан қазақ баласы сөздің құдіретін терең түсініп, бір ауыз сөзге тоқтап, сөз зергерлерін ерекше құрмет тұтты. Бұл дәстүр сабақтастығы үзілмей, бүгінге жетті. Сахна төріндегі жас ақындарды рухани қолдап, қолпаштап отырған көрерменнің ықыласынан осыны аңғардық.

Сөз додасын елге белгілі ақын Еркебұлан Қайназар тізгіндеп, жас ақындарға бағыт-бағдар беріп, айтыстың мәнін аша түсті. Ақындардың шабысына алашқа танымал ақындар Баянғали Әлімжан, Жібек Бұлтанова, Әбдіғани Бәзілханұлы өз бағасын берді.

Екінші дүниежүзілік соғыстың оты өршіген тұста, елдің рухын көтеру үшін Алматыға ақындардың басын қосты. Бұл 1943 жыл еді. Сол тұста ұлт өнерін қайта дамытуда жазушы Мұхтар Әуезов із қалдырса, сол дәстүрді Жүрсін Ерман жалғастырып, айтысты өз биігіне шығарды.

Бүгінде жер-жерде айтыс өнер ретінде бағаланып, өнер жастары үлкен қозғалыс ретінде қалыптасты. Кешегі айтыста осыны аңғардық.

Мемлекеттік рәміздерді ұлық­таған айтыста домбыраны серік еткен ақыннан бөлек, қобыздың қоңыр үнін күмбірлеткен ақын Бөкен Жігерұлы сахнаға көтерілді.

Айтыстың қорытындысы бойынша ақмолалық ақын Нұрмахан Жақыпбек «Әзімбек Жанқұлиев» атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Абай облысының өкілі Айшолпан Тілейтау «Әселхан Қылыбекованың» атындағы арнайы жүлдесін, Бөкен Жігерұлы «Оразалы Досбосыновтың», Арлан Аманқожаұлы «Ерік Асқаровтың», Нұрдәулет Өмірбеков «Қоныс Әбілдің», Ерасыл Жақсыбек «Салауат Исахаевтың» арнайы жүлдесін алды.

Шынар ӘБИІР,

Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық универ­ситетінің 2-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button