Мәдениет

Ақын жарының азабы

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Ақ желкен» студенттік театры ақын Ғазиз Ештанаевтың «Гүлбаһрамның көз жасы» драмасының премьерасын ұсынды. Спектакльдің қоюшы режиссерлері – Нұрфат Вахитов және Думан Омар. Қойылымды Парламент депутаттары, С.Сейфуллин және АЛЖИР мұражайларының басшылығы, Астананың драма театрларының әртістері тамашалап, оң баға берді.

Басты рөлді, мемлекет қайраткері, ақын, драматург, халық композиторы Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам бейнесін сомдаған 3-курс студенті Айдана Әмірбек рөлге еніп, кейіпкердің жандүниесін шынайы бере алды. Гүлбаһрам ұлы Аяннан айырылған кезіндегі жанайқайы көрермендердің жүрегін шымырлатып, көз жасына ерік бергізді. Өз үйінен қуылып, баласын жер қойнына тапсырып, соңында «АЛЖИР» лагеріне жіберілген Гүлбаһрамның тағдыры аяныш тудырды.

Студенттерден құрылған актерлік ансамбль сахнада кәсіби әртістерден кем түспейтін шеберліктерін көрсетті. Жалпы спектакль қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлердің, олардың жақындарының көрген азабын паш етті.

Кеш соңында Парламент депутаты Аманжол Әлтаев сөз сөйлеп, қуғын-сүргін тақырыбында өлеңін оқыды. Ол бұл шараның маңыздылығын атап өтіп, осындай қойылымдар арқылы өскелең ұрпақ бойына имандылық пен тарихқа деген құрметті сіңірілетінін атап өтті. Жастарға жарқын болашақ тіледі.

Жібек РАХИМОВА, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті                                                   

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button