Елорда тынысы

Ақ қайыңды Астана

Астанада өткен «Бірге таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығы және жалпықалалық сенбілік аясында Президент саябағында ақ қайыңдар тоғайы пайда болды. Жалпықалалық сенбілікке 27 мыңнан аса адам қатысты.

Сенбілік кезінде Президент саябағы аумағында 400-ге жуық ағаш отырғызылды. Оның ішінде 250 дана ақ қайың, 150 дана сібір шыршасы бой көтерді.

Сондай-ақ қаланың барлық аудандарында жалпы ауданы 2,8 млн шаршы метрден астам аумақты қамтыған саябақтар мен гүлзарлар тазартылып, мыңға жуық ағаш отырғызылды. Елордалық полигонға 460 тоннаға жуық қоқыс-қалдық жиналып, шығарылды.

Ағаш отырғызу іс-шарасына қала мәслихатының депутаттары, әкімдік, Аmanat партиясының өкілдері, қалалық Қоғамдық кеңестің, рухани-діни бірлестіктердің мүшелері, Успен соборының, Ардагерлер кеңесінің, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының қызметкерлері, спортшылар, әртістер мен еріктілер қатысты.

«Бүгін біз сенбілікке, ағаш отыр­ғызуға қатыстық, Бейбітшілік және келісім сарайының жанындағы саябаққа 400 ағаш отырғыздық, осы шараны қалалық әкімдік пен аудандық әкімдіктер ұйымдастырды. Екінші жыл қатарынан қаламызды көгалдандыруға қатысып келеміз» деді көркем гимнастикадан халық­аралық дәрежедегі спорт шебері, қалалық федерацияның вице-президенті және гимнастика мектебінің директоры Анна Алябьева.

Сенбілік қысқы кезеңге дайындыққа және абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Қоғамның назарын экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты сақтаудың маңыздылығына аудару басты мақсат болып табылады.

Сондай-ақ елорда тұрғындары мен ұйымдары айлық кезінде тұрғын үй аймақтары мен аула аумақтарын санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуге шақырды.

Жалпы,  «Бірге таза Қазақстан» экологиялық айлығы аясында Астана қаласында  4 коммуналдық сенбілік өтеді, әр сенбі сайын 15 қазанға дейін 10 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button