Білім

Балалар қуанған күн

1 маусым күні Астанадағы Мамандандырылған балалар үйінің 90 жылдығы және Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бала күлкісі – әлемнің көркі» атты мерекелік іс-шара өтті. Балаларды құттықтап, сыйлықтарын тапсыруға Астана қаласының мәслихат депутаттары, қоғамдық қорлар өкілдері, өнер қайраткерлері және меценаттар келді.

Кішкентай бүлдіршіндерге арналған мерекелік шараны балалар үйінің басшысы Татьяна Александровна бастады. Мекеменің тарихына тоқталып, 2000-2010 жылдары көптеген баланы шет елдің азаматтары асырап алғанын айтты. Бір жақсысы, қазіргі таңда тәрбиеленіп жатқан балалардың 60 пайызынан астамы өз туысқандарымен қайта қауышып, жақындары қамқорлығына алады екен. Ол кішкентай балапандарды мерекелерімен құттықтап келген қонақтарға үлкен алғысын білдірді.

Балаларға арналған салтанатты шара театрланған қойылым форматында өткізілді. Көрініс анасын жоғалтқан марғау жайында болды. Марғау­ға балдырғандар көмектесіп, түрлі «сынақтан» өтіп, көптеген ойын ойнатылды. Балалар тәрбиешілерімен бірге би билеп, ән шырқады. Шын мәнінде бұл шара балаларға керемет көңіл-күй, қуаныш сыйлады.

Шара барысында келген қонақтарға сөз беріліп, Ауыл партиясы атынан келген Парламент депутаты Қарақат Әбден балаларды мейрамдарымен құттықтап, тәрбиешілерге атқарып жатқан қиын жұмыс­тары үшін алғыс білдірді.

– Балалар үйінде қазіргі таңда 70-ке жуық бала қамқорлыққа алынған. Тарихы тереңде жатқан ұйымның қызметі аса жауапты дер едім. Әкімдік тарапынан елордалық барша кішкентай тұрғындардың денсаулығы, жарқын болашағы үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Жас ұрпақтың дені сау, білімді, ұлтжанды болып өсуіне қызмет етеміз» деді Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.

Балаларға арналған мерекеде бір жасар Медина мен Адема атты егіз бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Рәсімді Кувейт мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы елшісі Омар Ахмед Мұхаммед Мұрат Әль-Кандари және танымал әнші Қарақат Әбілдина жүргізді. Әнші тәрбиешілер ұжымына арнап «Жақсы адамдар» әнін орындады. Кештің соңында балалар үйінің 90 жылдығына әдейі әзірленген мерекелік торт кесіліп, балаларға балмұздақ таратылды.

«Жетім көрсең, жебей жүр» дейді халқымыз. Тағдырдың сынына ерте түскен балаларымызды жылатпай, көздерін жаутаңдатпай, қорғап-қолдап жүру – парызымыз. Себебі әрбір бала бақытты болуға лайықты!

Жібек КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ,

  Л.Гумилев

атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button