Басты ақпаратҚұқық

Бала қауіпсіздігі бақылауда болуы тиіс

Қазіргі қоғамдағы маңызды мәселенің бірі – жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың көбеюі. Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу – өзекті мәселе.

Мұғалім – оқушы – ата-ана үштігі бір байланыста болса, бала тәрбиесіндегі маңызды мәселелер шешілер еді. Осы мақсатта Астана қалалық Білім басқармасы тарапынан кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Жуырда Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектепте «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу», «Жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу» тақырыбында білім басқармасы, сот, прокуратура, полиция департаменті мемлекеттік құрылым өкілдерінің шақыруымен ата-аналар жиналысы өтті. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық мәселелерінде ата-аналардың педагогикалық мәдениетін арттыру мақсатында өткізілген жиынның қатысушылар үшін берері мол.

Басқосуда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудағы отбасының рөлі және кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтың белгілі бір түрлері үшін ата-аналардың жауапкершілігі туралы мәселелер көтерілді.

Қалалық білім басқармасы Кәмелетке толмағандар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Гүлсім Төкенқызы елордада жасөспірімдер арасындағы қылмысты алдын алу үшін жұмыс әлі де жалғасып жатқанын айтты.

– Жасөспірімдер қылмысы – қоғамдағы өзекті мәселе. Әр тоқсан сайын мектепте және полицияда есепте тұрған балалармен жұмыс істейміз. Арнайы мониторинг жүргізіледі. Бүгінде ювеналды полиция есебінде 125 мектеп оқушысы тұр. Қазір орта білім беру мекемелерінде мектеп инспекторы жоқ. Оның қызметін құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі менеджер атқарады. Яғни, тек бір бағытта жұмыс істейді, – деді басқарма өкілі.

Астана қаласы сотының төрағасы Шынар Ерғалиева ата-аналарға әлеуметтік желіде жалақысы көп жұмыс ұсынатын алаяқтар туралы ескертті.

Жыл басынан бері елордада 82 жасөспірім қылмыс жасаған. Бұл өткен жылмен салыстыр­ғанда 23 қылмысқа көп. 4200 жасөспірім түнгі уақытта үйде емес, тыйым салынған орындарда жүрген. Ал елімізде үш жылда синтетикалық есірткіге тәуелді жастар саны екі жарым есеге артқан. Себебі синтетикалық есірткілер жасөспірімдер үшін арзан әрі оған оңай қол жеткізуге болады.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жұмыс жасайтын ювеналды полиция инспекторлары өз қызметтерімен қатар педагогтің, психологтың және тәлімгердің де рөлін атқарады.

Жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына бірнеше факторлар әсер етуі мүмкін. Ең бірінші отбасындағы бала тәрбиесі мен жасөспірімнің араласатын ортасының үлкен әсері болады. Кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтың негізгі түрі – ұрлық. Одан бөлек төбелес, қарақшылық және ішімдік ішу, есірткі тұтыну жатады.

Жасөсіпірім қандай да бір құқық бұзушылық жасаған жағдайда заңды өкілі жауапты болады. Себебі бала кәмелеттік жасқа толмаған. Қылмыстық жауап­кершілікке кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім 14 жастан, ал әкімшілік жауапкершілікке 16 жастан бастап өзі жауапты. Қазір, әсіресе, балалар телефонсыз жүрмейді, әлеуметтік желілер қолжетімді. Желілерде жеткізуші қызметіне адам іздейтіндер көп. Олар тыйым салынған заттарды тасымалдауы әбден мүмкін. Қылмысы анықталған жағдайда сыбайлас ретінде жауапқа тартылады. Сондықтан да ата-аналар, мұғалімдер баланың бос уақытында немен айналысып жүргендігін білгені абзал.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button