Басты ақпаратЕлорда тынысы

Басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын арттыру

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша түрлі деңгейдегі әкімдер жылына бір рет мәслихат пен қоғамдық кеңестің алдында есеп береді. Соған сәйкес Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қала әкімі Алтай Көлгіновтің елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалды.  

ДАМУДЫҢ ОҢ ДИНАМИКАСЫ БАЙҚАЛДЫ

– Әрине, істелген жұмыс аз емес. Бірақ істейтініміз одан да көп. Себебі қаламыз үлкейіп, қала халқының саны артып келеді. Соған сәйкес шешімін табуы тиіс мәселелер де көбеюде. Халықтың сұранысына қоса қазіргі күн тәртібінде тұрған проблемалар бар. Басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауындағы бағдарламаларды, белгіленген міндеттерді жүзеге асыру, – деді Алтай Көлгінов.

Қала басшысының айтуынша, тұрғын үй құрылысы, шағын және орта бизнес, экономикаға тартылған инвестициялар, ашылған жаңа жұмыс орындары, т. б. көрсеткіштер бойынша дамудың оң динамикасы байқалды. Мәселен, кейінгі жылдары жыл сайын 3 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. Үш жылдың ішінде бес жылғы жоспар орындалды. Биыл 3,5 млн шаршы метр салу жоспары болды. Бірақ инженерлік желілердің қажеттілігіне сәйкес бұл жоспар 2 млн шаршы метрге түсірілді.

– Біз 4 миллион шаршы метр сала аламыз. Құрылысшыларымыз тәжірибелі, қаланың әлі де өсе түсуіне мүмкіндіктер бар. Ең бастысы, тұрғын үйге сұраныс болып тұр. Бірақ алдымен үйлерді қажетті инфрақұрылыммен, абаттандырумен, жолдармен, әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету керек, – деді Алтай Көлгінов.

БАС ЖОСПАР БОЛЖАМЫ 

2001 жылы Астананың бас жоспары қабылданғанда, 2030 жылы елордада 850 мың адам тұрады деп болжанғанын айтқан қала әкімі 2010 жылы қаланың бас құжатына өзгерістер енгізілгенін жеткізді. Сол кезде 2030 жылы бас қалада 1 млн 200 мың адам тұрады деп болжанған.

–Бұл көрсеткішке екі жыл бұрын жеттік. Көріп отырғандарыңыздай, халықтың саны жылдан-жылға өсуде. Биыл Бас жоспарға қайтадан өзгеріс енгізіп жатырмыз. Осы күзде мәслихат пен қоғамдық кеңестің, қоғамның талқысына шығарамыз. Қазіргі болжам бойынша 2030 жылы елордада 2 миллионнан астам адам тұратын болады. Бас жоспарға енгізілген өзгерістер ең бастысы халыққа ыңғайлы болуы керек. Сондықтан қаланың әр жаңа ауданында әлеуметтік нысандар – мектеп, балабақша, емхана, қоғамдық кеңістіктер, жолдар, инженерлік инфрақұрылым болғаны шарт, – деді қала әкімі.

ҮШ ЖЫЛДА – 120 МЫҢ ОҚУШЫ ОРНЫ

Елорданың қарқынды дамуына, халық санының жылдан-жылға артуына байланысты қалада көптеген мектеп салынатынын айтқан Алтай Көлгінов орта білім беру нысандары құрылысының жоспарына тоқталды.

– Мамыр айында мектептен 8 мыңнан астам бала шығарсақ, қыркүйек айында бірінші сыныпқа 25 мыңнан астам бала қабылдаймыз. Үш ауысымда оқытатын мектептердің санын жоспарлы түрде азайту және болдырмау үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет. Мысалы, 3 жыл ішінде 70 мың оқушы орнына 34 мектеп салынды. Тек биыл ғана 23 мыңнан астам оқушы орны құрылуда.

Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес біз жайлы, ірі габаритті мектептер салуға кірістік. Қазір екі ауысымда 80 мың оқушы орнына арналған 20 ірі мектеп жобалап жатырмыз. Егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарында әрбір шағын ауданда оқу орындары болуы үшін бағыттар бекітілді, – деді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, Астанада 2025 жылға дейін тағы екі ауысымда 120 мың оқушы орны құрылады. 44 мектеп салу жоспарланып отыр. Мектеп салу үшін 70-тен астам учаске анықталған. Аталған жер учаскелерінің ауданы екі ауысымда 240 мың оқушы орнына арналған оқу орындарын салуға мүмкіндік береді. 2021 жылы 15 мектеп салынды, биыл да 15 мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Соның 11-і келесі оқу жылдың басына қарай пайдалануға беріледі. Жалпы әлеуметтік нысандарды салу үшін бөлінетін жер телімдерінің саны жыл сайын ұлғаяды.

Сондай-ақ, білім беру сапасын арттыру үшін жыл сайын педагогикалық мамандықтарға гранттар бөлінеді. Егер үш жыл ішінде 1400 грант бөлінсе, биыл тағы 1 мың грант бөлінді. Жеке инвестордың есебінен педагогикалық институт ашу да жоспарланып отыр.

 ҮЛЕСКЕРЛЕР: 15 МЫҢ ОТБАСЫДАН 2 МЫҢЫ ҚАЛДЫ

«Сақалды» құрылыстарды аяқтау бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыс туралы айтқан Алтай Көлгінов 2022 жылдың соңына қарай құрылысы ұзаққа созылған 150 үйдің 120-сында мәселе шешілетінін жеткізді.

– Біздің алдымызда 16 мың үлескер отбасының мәселесін шешу міндеті тұрды. Бұл – жай ғана сандар емес, ұзақ жылдар бойы жалдамалы пәтерлерді жағалаған тұрғындардың тағдыры. Олар бұрыннан-ақ өз үйлеріне кірулері тиіс болған. Биыл құрылысы ұзаққа созылған тағы 30 көппәтерлі тұрғын үйді салып бітіруді жоспарлап отырмыз.

Ұзаққа созылған құрылыстардағы жұмыстың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында. Жыл соңына дейін аяқталатын «сақалды» құрылыс саны 150-ден 120-ны құрайды, үлескерлер саны 15 мың отбасыдан 2 мың отбасыға дейін қысқарады. Соған қарамастан, тағы 30 ұзаққа созылған құрылыс қалып отыр. Олардың құрылысын аяқтау бойынша нақты жоспарланған мерзім бар, – деді Алтай Көлгінов.

ТҰРҒЫНДАР ГАЗДАНДЫРУ ПАЙДАСЫН ТҮСІНДІ

Елорданы газдандыру бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын атап өткен қала әкімі Сарыарқа және Алматы аудандарындағы үйлер газға қосылу мүмкіндігімен толық қамтамасыз етілгенін жеткізді. Ол үшін қалада 680 шақырымнан астам газ тарату желілері салынды, орамішілік желілер тартылды.

– Күн сайын газға қосылған үйлердің саны артып келеді. Бүгінде газға 6 мыңнан астам үй қосылды. Ынталандыру және әлеуметтік әлжуаз топтарға көмек көрсету үшін бірқатар әлеуметтік шаралар қабылданды. Атап айтқанда, үйлерді газға қосуға арналған құжаттар тізімі екі есе қысқартылды; халықтың мұқтаж санаттарына бөлетін соманы 430 мың теңгеге немесе 2 еседен астам ұлғайттық; тегін негізде газды есепке алу құралдары беріледі; үйді газға қосу үшін банктер арқылы бөліп төлеу және пайызсыз кредиттеу бар.

Тұрғындар газдандырудың пайдасы жайлы айтып жатыр. Көмір сатып алудың, күлді тазартудың, тәулік бойы үйге байланып отырудың қажеті жоқ. Газдандыру экологиялық жағынан да таза және қауіпсіз. Біз сондай-ақ газға әлеуметтік нысандарды қосамыз. Тұрғын алаптарда орталық жылу жүйесіне қосылмаған әлеуметтік нысандар бар. Олар автономды жылу көздері арқылы жылытылды. Көмір немесе дизель отыны арқылы жылыту бірнеше есе қымбат. Алматы және Сарыарқа аудандарындағы 20 әлеуметтік нысанның 13-і газға ауыстырылды, қалған 7 нысан бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы нысандарды газға ауыстыру есебінен жалпы үнемдеу жылына 1 млрд теңгеден асады. Мысалы, егер бұрын дизель отынымен жылыту кезінде №40 мектеп жылына шамамен 160 млн теңге жұмсаған болса, газ қосылғалы бұл сома 4 есеге азайды. «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының үнемдеген қаржысы жылына 60 млн теңгеден асады, – деді Алтай Көлгінов.

Бұған қоса, Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл аудандық «Тұран», «Тельман» қазандықтары арқылы «Үркер», «Өндіріс», «Тельман», «Пригородный», «Family Village» және «Garden Village» шағын аудандарына газ жеткізу желілерінің құрылысы басталды. Ал «Шұбар» шағын ауданында жобалау жұмыстары жүргізілуде.

– Елорданы газдандыру Мемлекет басшысының бақылауында. Газдандыру қаланың экологиясын едәуір жақсартып қана қоймай, жеке сектор тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді Алтай Көлгінов.

 750-ДЕН АСТАМ АУЛА МЕН ҚОҒАМДЫҚ КЕҢІСТІКТЕР АБАТТАНДЫРЫЛДЫ

Елордада жаңа тартылыс нүктелері пайда болғанын, онда қала тұрғындары мен қонақтары бос уақытын денсаулыққа пайдалы әрі жайлы өткізе алатынын айтқан қала әкімі соңғы жылдары Астанада 750-ден астам аулалар мен қоғамдық кеңістіктер – саябақтар, скверлер, бульварлар абаттандырылғанын жеткізді.

Мәселен, осы жылы елордада Бейбітшілік және келісім сарайы ауданында амфитеатр, қаланың оң жағалауындағы тағы бір жаяу жүргіншілер жолы, «Встреча» сауда үйі жанындағы қоғамдық кеңістік, «Бейбітшілік және келісім» саябағы, қала алаңы және т. б. салынды.

– Елорда тұрғындары мен қонақтары бос уақытын қолайлы және денсаулыққа пайдалы етіп өткізе алатын ашық аспан астындағы орындарды құру өте маңызды. «Астана – жайлы қала» мастер-жоспары аясында біз жыл сайын 250-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандырдық. Осылайша, соңғы жылдары 750-ден астам аулалар мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды.

Бірнеше мысал келтірейін: Бейбітшілік және келісім сарайының жанына амфитеатр салдық. Онда шығармашыл жастардың, әртістердің және т. б. қойылымдары өтеді. Бараев көшесінде тағы бір жаяу жүргіншілер променады абаттандырылды, көше спорты колизейі ашылды, көпір маңындағы кеңістіктер абаттандырылды. Оң жағалауда біз бірінші жаяу жүргіншілер променадын, орталық саябақты, субұрқақтары бар қалалық алаңды, «Театр» бульварын, жағалауды және
т. б. өзара біріктірдік, – деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Астана әкімі абаттандыру кезінде тұрғын алаптарға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Тек тұрғын алаптарда 300-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды, «Көкталда» аумағы 16 гектар саябақ салынды.

– Қоғамдық кеңістіктер мен аула аумақтарында әркім өз қалауы бойынша айналысатын іс табады. Бұл – баскетбол/футбол алаңдары, workout-аймақтар, тыныш демалуға арналған аймақтар, әткеншектер, шығармашылық өнер көрсетуге арналған сахналар, скейт-аймақтар және т. б. – деді Астана әкімі.

ЗИЯТКЕРЛІК КӨЛІК УАҚЫТТАН ҰТАДЫ

Астанада зияткерлік көлік жүйесін дамыту жалғасатынын атап өткен Алтай Көлгінов бұл жүйе көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға, көлік қозғалысының кешігуін азайтуға, жол жүру уақытын қысқартуға және т. б. мүмкіндік беретінін айтып өтті. Көлік және көше-жол желісі саласындағы цифрлық шешімдер, кешенді көлік схемасының тұжырымдамасына тоқталды.

– Астанада зияткерлік көлік жүйесін пайдалану есебінен көлік жылдамдығы 18%-ға ұлғайды, жол жүрудің орташа уақыты 20%-ға азайды. «Ақылды» бағдаршамдар кептеліс кезінде оңтайлы жұмыс режимін таңдауға мүмкіндік береді. Осылайша жолдардағы қозғалысты жеңілдетеді. Қалада бағдаршам нысандарының 40%-дан астамы зияткерлік функциялармен жабдықталған. Келесі кезеңде бағдаршам нысандарының шамамен 80%-ын интеллектуалды жүйемен қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді Алтай Көлгінов.

Бұған дейін елордада Кешенді көлік схемасы тұжырымдамасы бекітілгеніне тоқталған қала әкімі бұл халықтың жыл сайынғы өсуін және жолдардағы трафиктің ұлғаюын ескере отырып, қалалық көліктің 10 және одан да көп жылға бірыңғай техникалық көзқарасын әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ Кешенді көлік схемасы жаңа көпірлердің, көлік айырықтарының санын ұлғайтуды, көшелерді кеңейтуді, жолдарды ашуды, қоғамдық көлікті айтарлықтай жаңғыртуды және т. б. көздейді.

– Осы жылдың тамыз айында Ұлы дала даңғылындағы жаңа көпір бойынша қозғалыс ашылды. Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылында тағы бір көпір салу келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, соңғы жылдары 400-ден астам көше жөнделді. Олардың жартысы тұрғын алаптарда, – деді Алтай Көлгінов.

ЖЫЛУ ЖӘНЕ СУМЕН ҚАМТУ ЖОСПАРЫ

Қаланың қарқынды дамуы мен халықтың өсуін ескере отырып, Астанада үш газ жылу стансасының, 3-ЖЭО-ның, 3-сорғы-сүзгі стансасының және т. б. стратегиялық нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Астана әкімі осы құрылыс жұмыстарына да тоқталды.

– 2019 жылдың басында елордада 1 миллион 30 мыңнан астам адам тұрды. Биыл 1 млн 330 мыңнан астам адам. 3-4 жыл ішінде халық саны 300 мың адамға өсті. Бұл санды облыс орталықтарындағы адам санымен салыстыруға болады. Сол себептен инженерлік инфрақұрылымды салу қажет. Бұл – су, жарық, жылу. Өздеріңіз білетіндей, 3-ЖЭО-3 ұзақ мерзімді құрылысқа айналып, 10 жылдан астам уақыт бойы салынып келеді. Мердігерге хабарлама жіберіліп, ол құрылыс қарқынын арттырды. Бірақ 3-ЖЭО-ның де қуаты жеткіліксіз болады. Сондықтан үш газ жылу стансасының құрылысы басталды. Олардың әрқайсысының қуаты 3-ЖЭО-ның қуатынан асып түседі. Газ стансалары келесі жылдан бастап кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, біз «Наурыз», «Жұлдыз», «Арай» және т. б. электр қосалқы стансаларын жобалауды және реконструкциялауды жүргізудеміз, – деді Алтай Көлгінов.

– Бүгінде қала тәулігіне 300 мың текше метр су тұтынады. Жаңа сорғы-сүзгі стансасының қуаты – тәулігіне 100 мың текше метрден астам су. Оның жұмысы ішінара осы жылдың соңына дейін іске қосылады. Сол кезде қалаға тәулігіне 35 мың текше метр су келеді. 2023 жылдан бастап қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метрден астам суды құрайды, – деді Алтай Көлгінов.

Есеп бергеннен кейін Астана әкімі қалалық мәслихат депутаттарының сұрақтарына жауап берді. Онда Қажымұқан Мұңайтпасов стадионы, Теміржол ауруханасы, экология, т. б. өзекті мәселелер туралы егжейлі-тегжейлі айтты.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button