Елорда тынысы

Билік пен бизнестің ашық диалогы

Бақылау және қадағалау функциялары берілген мемлекеттік мекеменің басшылары мен шағын және орта бизнес өкілдері Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімдігіне жиналып, кәсіпкерлікті дамытудағы өзекті мәселелерді талқылады.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев:

– 2019 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде «Бақылау және қадағалау органдарының есеп беру күнін» өткізіп келеміз. Ондағы мақсат – кәсіпкерлердің заңды қызметіне кедергі келтіру және негізсіз шектеу жағдайына жол бермеу, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру, жаңадан қабылданған заң нормаларындағы жаңалықтарды түсіндіру. Бастысы, бизнес қауымдастықпен кері байланыс орнатып, жиі анықталатын заң бұзушылықты айқындап, олардың алдын алу бойынша ұсыныстарды тыңдап, ортақ шешім шығару, – деп жиынның маңызын түсіндірді.

Президент қоғамның барлық саласында ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ету, адал бәсекелестікті қалыптастыру, салық заңнамасын жетілдіру және кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру сынды маңызды жұмыстарды жүйелеуді тапсырған-ды.

Озық елдердің тәжірибесінен бизнес қауымдастық пен ресми билік ашық диалогқа түсіп, қордаланған мәселелерді бірлесе шешудің жолын тауып отыр. Бақылау-қадағалау органдарының бизнес өкілдері алдында бірыңғай есеп беруі – сондай игілікті бастаманың бірі.

– Бүгінде бизнес алдында есеп беру маңызды іс-шараға айналды. Себебі Астананы кәсіпкерлер қаласы деп атауға толық негіз бар. Соңғы жылдары елорда ел бойынша шағын және орта бизнестен көш бастап тұр. 2021 жылдың қорытындысымен бизнестің үлесі 66,9 пайызды құраса, 2022 жылдың 8 айында 72,4 пайызға жетті. Бас шаһарда 186 мың кәсіпкерлік субъектісі белсенді жұмыс істесе, онда 441 мың адам қызмет етеді, – деді Ерлан Бекмұрзаев.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында несие бойынша сыйақы мөлшерін субсидиялау, өңдеу өнеркәсібі салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің несиесіне кепілдік беру және мемлекеттік гранттар тағайындау сынды кешенді шараларымен іскер азаматтарды қолдау жолдары қарастырылды.

Өз кезегінде мемлекет бизнесті адал жүргізуді және барлық заң нормасын сақтауды талап етеді. Алайда кәсіпкерлер арасында өрескел заң бұзушылықтар анықталатыны жасырын емес. Қадағалау және бақылау органдарының басшылары бизнес тарапынан жиі анықталатын заң бұзушылықтар және олардың алдын алу жолдары туралы баяндады.

Алдымен Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Дамир Ермағамбетов сөз алып:

– 2022 жылдың 28 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Астана қаласының аумағында 13883 бақыланатын нысан бар. Сегіз айда кәсіпкерлік субъектілеріне өрт бақылау органы 724 тексеру жүргізді. Тексеру барысында 3465 өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу анықталды. Нәтижесінде 251 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 160-ына 12 миллион 780 мың теңгеден астам айыппұл түрінде ескерту берілді. Астана қаласы Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 28 әкімшілік іс жолданды, – деді.

Одан кейін Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бақыт Әбілдинов сөз кезегін алып, кәсіпкерлер салықтық міндеттемелерге бейжай қарамай, мемлекет алдындағы міндетін адал орындаудың маңызына тоқталды.

Расында, салық мемлекеттің дамуында маңызды рөл атқарады. Өйткені салық түсімдерінің есебінен елдің қазынасы толығып, халықтың өмір сүру сапасын арттыратын әлеуметтік жобаларды орындауда кең мүмкіндік ашылады.

Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Тергеу басқармасының басшысы Ренат Аймұқанов­тың келтірген дерегінен кәсіпкерлік саласындағы заң бұзушылықтарды бағамдадық.

Астана қаласының «Атамекен» өңірлік кәсіпкер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев тексеруші, реттеуші орган басшыларымен кездесу дәстүрге айналғанын жеткізді. «Қазір көптеген өзекті мәселелер мемлекеттік мекеме басшыларымен кездесуде шешіліп жатады. Мәселен, 23 тамызда қала әкімі Алтай Көлгіновпен кездесу өтіп, кәсіпкерлер 30-ға жуық мәселені шешуді ұсынды. Қазір көтерілген сұрақтың 7-еуі нақты шешімін тапты, қалғанын жыл аяғына дейін түйінін тарқатуға мән береміз. Сондықтан мұндай форматтағы кездесуді жылына бір рет емес, квартал сайын өткізіп тұруды ұсынамын» деді ол.

Кездесу сұрақ-жауапқа ұласып, кәсіпкерлер толғандырып жүрген мәселесін ортаға салды. Әсіресе мектеп асханасына байланысты көп сұрақтар қойылды. Кәсіпкерлер инфляцияның өсуі, азық-түлік бағасының қымбаттауы байқалғанмен, асхана мәзірінде бекітілген бағаны өсіре алмай отырғанын, сондай-ақ арендалық жарнаның қымбаттағанын алға тартты. Сондай-ақ мемлекеттік гранттарды беретін комиссияның және мемлекеттік сатып алу конкурстары ашық әрі әділ өтуін талап етті.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button