Мәдениет

Би театрының тынысы

Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында «Наз» мемлекеттік би театрының қызметімен осы өнер ошағының директоры Еркебұлан Ағымбаев таныстырды.

Оның айтуынша, осы жыл басынан бері би театры 24 іс-шара өткізіп, жиырма мыңға жуық көрермен өнерін тамашалады. Театр әртістері әз-Наурыз, Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні сынды мерекелерге орай ұйымдастырылған концерттерге қатысты. Бұған қоса, театр «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Демеу» әлеуметтендіру орталығы сынды мекемелердің қайырымдылық шараларына үнемі қатысып тұрады.

Соңғы жылдары өнер ошағы Болгария­да өткен VITOSHA 2020 – Web Edition халықаралық фольклорлық фестивальге қатысып, «Арнайы режиссер сыйлығымен» марапатталып, ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосқаны үшін «Nauryz-2021» тұңғыш ұлттық премиясының иегері атанды. Былтыр республикалық «Қамажай» І хореографтар байқауында Ұлан Изенаев бас жүлдені иемденді. Бұл конкурсқа талантты хореограф Абай Құнанбайұлының шығармасы желісімен қойылған «Әзім әңгімесі» хореографиялық спектаклін ұсынды. Ал биыл өткен Шара Жиенқұлова атындағы VI республикалық қазақ биі байқауында балет әртісі Омар Мұхамметалиев жүлделі III орынға ие болды.

Театр ұжымы 2021 жылдың қыркүйек айынан 2022 жылдың сәуір айына дейінгі Дубай қаласында өткен «EXPO-2020» халықаралық көрмесінде өнер көрсетті. Қазақстан павильонында театрдың балет әртістері 6 ай бойы қазақ биінің мәртебесін арттырды. Сол уақыт ішінде 100-ге жуық концерт беріп, 20 мыңға жуық көрерменді қамтыды. Былтыр қазан айында театрдың балет әртістері Түркияның Изник қаласында өткен «IV әлемдік көшпенділер ойынына» қатысты. Сол уақытта Гүлнәр Сүттібаева, Әлия Абылқасымова сынды балет әртістері Марокко Корольдігінің астанасы Рабат қаласында Қазақстан ­Республикасының Республика күніне орай өткізілген концертте өнер көрсетіп келді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button