Мәселе

Борышын өтесе, грантқа түседі

Әскери борышын өтегендер ЖОО-ға грантпен түсе алады. Яғни 2023 жылдан бастап әскери борышын өтеген қазақстандықтар жоғары оқу орындарына Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесін есепке алмай-ақ түсе алады.

Сондай-ақ ақылы түрде білім алуға өтініш беруге болады. Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаеваның айтуынша, қорғаныс ведомствосында қазірдің өзінде ережелер қарастырылып жатыр. «Жобаны іске асыру келесі жылы басталады. Алайда қазіргі уақытта әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға да білім бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Бізді ғылым және жоғары білім министрлігі, жоғары оқу орындарының ректорлары қолдап отыр» деді ол.

Сарбаздар оқуға күнтізбелік кезеңде, мысалы, күзде запасқа ауыстырылғаннан кейін және қыз­мет аяқталған соң екі жыл ішінде түсе алады. Әскери қызмет өткеру кезеңінде тәртібі жақсы, жауынгерлік дайындықта жоғары нәтижелерге қол жеткізген үздік әскери қызметшілерге ЖОО гранты есебінен тегін жоғары білім алуға мүмкіндік беріледі. «Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жоғары оқу орындарының ректорларына ең лайықты әскери қызметшілер оқу орнының грантына сене алады деген ұсыныспен жүгінді. Бұл бастаманы біз ұсыныс айтқан барлық университет қолдады» деді Қорғаныс министрінің кеңесшісі.

Барлық өңірдегі 40-қа жуық жоғары оқу орны, соның ішінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Satbayev University, Astana IT University бар.

Қорғаныс министрлігі университеттер жылына кемінде 3000 грант бөледі деп шамалап отыр. Осылайша, әскерге шақырылған әрбір оныншы сарбаз оқуға тегін түсуге мүмкіндік алады. Бұл тек Қарулы Күштердің құрамалары мен бөлімдерінде ғана емес, басқа да әскери құрылымда – Шекара қызметі, Ұлттық ұланда қызмет еткен жауынгерлер де болмақ.

Қорғаныс министрлігі қазірдің өзінде жауынгерлердің дайындық барысында жинаған ұпайларын қорытындылап, рейтингін анықтайтын әдістерді әзірлеп жатыр. «Бұл – алынған бағалардың жинақтаушы жүйесінің бір түрі. Жауынгерлер әскери тәртіпті сақтағаны, әскери құраманың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін қосымша ұпай алады» деді А.Төлембаева.

Биыл жыл басында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында жастардың әскери борышын өтеуден қашатынын сынға алып, «Жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыруды ойластыруымыз керек» деп тапсырма берген болатын. «Баса назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе бар. Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарына әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек» деді Мемлекет басшысы. Осы тұрғыдан алғанда, борышын өтесе, грантқа түсіру де жастарды әскери борышын, Отан алдындағы міндетін өтеуге шабыттандырудың бір тәсілі екені айтпаса да түсінікті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button