Басты ақпаратЕл тынысы

Бірлік пен ынтымақ ұясы

Елордадағы Достық үйі – Қазақстан халқы Ассамблеясының айнасы. Қазақстанның барлық этностарын біріктіретін ортақ үй елорданың ең кең даңғылдарының бірі – Бауыржан Момышұлының бойында орналасқан. Астананың «Жерұйық» сая­бағына қарама-қарсы «сәукеле» іспеттес, ерекше көзтартарлық сәулеті жарасқан үш қабатты ғимарат 4 мың шаршы метр кең аумақты алып жатыр. Ынтымақ пен бірліктің ұясы саналатын мекеме жұмысымен танысу үшін біз Достық үйіне арнайы бардық.

Бас қаланың 20 жылдығына орай Достық үйін Маңғыстау облысы сыйға тартқан еді. 2018 жылдың шілде айынан өз жұмысын бастаған Достық үйінде бүгінде 23 этномәдени бірлестік, 11 жастар қанаты, ғылыми-сараптамалық топ, ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, «Ассамблея жастары» ұйымының қалалық штабы, «Жыр орталығы», «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығы, «Аналар аманаты» қолөнер шығармашылығы орталығы, «Мәміле» қазақ тілі клубы топтастырылған. Сондай-ақ мұнда 56 шығармашылық ұжым белсенді қызмет етеді. 2019 жылы олардың бесеуі – «Чен рю» корей хоры, «Раздолье» орыс ансамблі, Н.Литошко атындағы украин хоры, «Вайнах» шешен-ингуш ансамблі, «Дуслык» татар-башқұрт ансамблі «Халықтық» атағын алды.

Ғимаратқа кірген бойда «Аналар аманаты» көрме-залына беттедік. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін залда қойылған қос ішекті домбыра, торсық, дорба, масатыдан құрақталған көрпелер әр келушінің көз жауын алары сөзсіз. Бұл залдың сыртқы келбеті киіз үйге ұқсауының өзінде де мән бар. Себебі екінші қабатта өзге диас­порлардың кабинеті орналасып, осылайша ұлт өкілдерінің бәрі бір шаңырақ астында – Достық үйінде бас қосқан. Әсем сарайдың тірі табиғат бұрышындағы жайыла өскен өсімдіктер, бір қарағанда, ғажайып ертегі сарайын елестетеді. Бірінші қабатта сондай-ақ мәжіліс залы, би залы, студия, кітапхана, медиация кабинеті орналасса, екінші қабатында конференция залы мен этномәдени бірлестіктерге арналған кабинеттер бар. Конференция залы көпшілік арасында жақсы танылған, себебі мұнда күн сайын түрлі тақырыптағы дөңгелек үстелдер тұрақты түрде өткізіледі.

Ал әрбір этномәдени бірлестіктің кабинетінде әр халыққа тән өзіндік рух сезіледі. Қойылған жиһаз бен заттардың безендірілуі арқылы белгілі этностың тарихы, мәдениеті мен дәстүрі сыр шертіп тұр. Мәселен, біз корей этномәдени бірлестігіне бас соғып, корейлер мәдениетін шолып шыққандай болдық. Бізді мұнда этномәдени бірлестіктің оқытушысы Светлана Тен жылы қабақ танытып, құшақ жая қарсы алды. Сөзінше, Достық үйі – кез келген уақытта келуге есігі айқара ашық мекеме.

– Келушілер мұнда тек сабақ өткізіп қана қоймай, жай сырласуға, пікір алмасуға, өзге ұлттың мәдениетімен танысуға келеді. Музыка, ұлттық би және корей тілі бойынша сабақтар өткізіледі. Қазірде 60 жасқа дейінгі қатысушылар топтарға бөлініп, корей ұлттық биін үйреніп жүр. Олардың арасында ең кішісі – 5 жаста, – деді С.Тен.

Елордадағы Ассамблея орталығы түрлі қалалық құрылымдармен тығыз байланыс орнатып, қоғамдық келісімді сақтау жөнінде өзара қарым-қатынас орнатқан. Аймақтардағы құрылымдар үшін үлгілік стандарт болатын Даму бағдарламасын да бекітті. Оның бөлімдерінің бірі – астаналық ҚХА-ның негізгі ресурсына айналған Достық үйінің қызметіне арналады. Достық үйінде дөңгелек үстелдер мен концерттік бағдарламалардан басқа әлеуметтік қолдау, жастарға патриоттық тәрбие беру, этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Аналар кеңесінде тегін қызмет көрсететін түрлі клубтар жұмыс істейді. Олардың қатарында «Қазақ салт-дәстүрінің қолөнері» клубы, «Fitness Gold» клубы, әлем мешіттерін тігу клубы, тоғызқұмалақ ойынына үйрету клубы, ат спорты клубы бар. Ғимараттың екінші қабатында АНК-Live тікелей эфир студиясы орналасып, дәл осы жерде онлайн-брифингтер өткізіледі. Студия толығымен жаңашыл техникамен жабдықталған.

Достық үйінің жұмысымен толығырақ Астана қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Әділхайыр Мырзаханов таныстырды.

– Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуетін дамыту мақсатында Достық үйі құрылып, қазірде ресурстық және ақпараттық-әдістемелік орталыққа айналды. Достық үйінде татуластық, бейбітшілік пен келісімді насихаттайтын әртүрлі іс-шаралар жүзеге асырылады. Жыл басынан бері 50-ге жуық халықаралық, республикалық және қалалық деңгейдегі түрлі бағыттағы іс-шаралар өтті. Олардың ішіндегі атаулыларын айтсақ, славян халқының «Масленица» мерекесі, шығыс халқының Наурыз мерекесі, Алғыс айту күні секілді маңызды мейрамдар елеусіз қалмай, думандатып тойланды, – деді ол.

Мекеме басшысының айтуынша, елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі қызмет бағыттарының бірі әрі маңыздысы – қайырымдылық көрсету. 2021-2022 жылы жалпы сомасы 70 миллион теңге көлемінде қайырымдылыққа бағытталған іс-шаралар өтті. «Парасат» қайырымдылық қызметін үйлестіру орталығы қызметі негізінде Қостанай өңірінде болған табиғи апат салдарынан зардап шеккендерге 40 тонна гуманитарлық көмек жіберілді.

Қазақстанның дамуына, өз ортасында азаматтарымыздың әл-­ауқатының жақсаруына үлес қосып, еңбегімен танылған көшбасшылар, қоғамда лайықты беделге ие болған отандастарымыз да мұнда қызмет етеді. Олардың басым бөлігі – ынтагерлер, одан бөлек, өзінің негізгі жұмысымен қатар қоғамдық негізде этномәдени бірлестіктерді басқарып, өз армандарын жүзеге асыратын белсенді азаматтық көзқарастағы тұлғалар. Оған қоса өзінің қоғамдық қызметімен көпконфессиялы және көпұлтты мемлекетімізде жалпыұлттық бірлігіміз бен келісімді сақтауға мейлінше ықпал етеді.

Достық үйі жанындағы Ғылыми-эксперттік топ – Ассамблеяның консультативтік-аналитикалық органы. Тұрақты түрде әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, этномәдени бірлестіктер мен қалалық ассамблеяның қызметтерін зерттеуге негізделген ғылыми жұмыстарды жарыққа шығарумен айналысады.

Ассамблея негізінде ана тілін, мәдениеті мен тарихын оқып-үйрететін 10 этнолингвистикалық мектеп жұмыс істейді.

Өз шаңырағының астына көптеген этномәдени бірлестікті жинаған Достық үйі – әр мерекеде қоян-қолтық араласып, ұйымдаса жөнелетін этнос өкілдерін ұйыстырып қана қоймай, оларға бір-бірінің тілін, ділін, мәдениетін үйрететін орталық, шат-шадыман ұлттар достығын паш ететін бірегей мекен.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button