Мәдениет

Дала сыры, тау жыры

Астана қаласындағы Қуыршақ театрында балаларға арналған «Дала сыры, тау жыры» атты көркем суретті кітаптың таныстырылымы өтті. Қазақ және орыс тілінде жазылған кітап «Шеврон» компаниясы және оның серіктестері Etage дизайн студиясы мен National Geographic журналының қолдауымен жарық көрді.

Кішкентай оқырмандарға арналған кітаптың мақсаты – Қазақстан табиғатының әралуандылығын және байлығын көрсету, қазіргі заманмен сабақтастыра отырып, жергілікті мәдениет пен дәстүрді тереңінен таныту. Кітапқа жеті автордың шығармалары енгізілді. Осылайша еліміздің балалар әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасып үлгерген жас жазушылардың қызықты хикаяттарға толы әңгімелері мен заманауи ертегілері бір жинақта ұсынылды. Әрбір шығарманың сюжеті балаларды өзіне елітіп, атамекеніміздің әртарапына саяхат жасауға, туған жердің сыры мен жырын, тылсым құпиясы мен тарихын білуге жетелейді.

Кітап авторларының бірі Нұрайна Сәтбаеваның айтуынша, әр оқиғаны оқыған бала сол өңірге саяхат жасап қоймай, кейіпкердің басынан өткен қызығы мен қиындығында бірге болып, табиғатқа жанашырлықпен, мейіріммен қарауға үйренеді.

Таныстырылымға қатысқан қоғам қайраткері Дархан Мыңбай балаларға арналған кез келген туындыны қуанышпен қарсы алуымыз қажетін баса айтты.

– Балалар жазушысы Корней Чуковский: «Балаларға ересектер үшін жазғандай жақсы жазу керек, тек одан да жақсы жазу керек» дейді. «Дала сыры, тау жыры» кітабы – бастауыш сынып оқушылары іздеп оқитын, тіпті ата-аналар қызыға қарайтын тәрбие құралы деп есептеймін. Кітаптың тілі жатық, иллюстрацияға толы. Жалпы балаларға арналған контент, анимациялық туынды, кино, көркем шығарманың барлығы өте қажет. Оның пайдасы өзімізге бірнеше есе болып қайтады, – деді Д.Мыңбай.

Ал балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым балаларға арналған кітаптарды қазақ тілінде шығарудың маңызын атап, саяхаттауға бағытталған кітаптарды әр өлкеге арнап, жеке-жеке серия қылып шығаруды ұсынды. Жазушы бұл кітапты оқыған балалар болашақта міндетті түрде туған жердің табиғатын тануға талпынатын болады деді.

Бүгінде кітап кішкентай оқырмандардың көңілінен шығып үлгерді деуге болады. Өйткені қазақ тілінде шыққан кітаптың басым бөлігі сатылып кеткен. Бір айта кетерлігі, жаңа кітаптың сатылымнан тыс бөлігі көпшілікке қолжетімді болуы үшін еліміздің ірі кітапханаларына, галереялары мен мәдени орталықтарына тегін таратылды.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button