Қоғам

Елдестірмек елшіден

Биыл – Үндістан-Қазақстан қатынасы үшін ерекше жыл. Үндістан мен Қазақстан арасындағы екіжақты дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл, сондай-ақ Үндістан тәуелсіздігіне 75 жыл толды. Осы ретте Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Шубдаршини Трипати елордалық журналис­термен кездескен еді.

Үндістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас 2000 жылдан астам жылдан бері қалыптасқан өте көне және тарихи болып табылады. Үнемі және тұрақты түрде тауар алмасу, ең бастысы ой алмасу және мәдени әсер орныққан. Үндістан – Қазақстан тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдің бірі. Дипломатиялық қатынас 1992 жылы 22 ақпанда орнады. Тұрақты түрде жалғасып келе жатқан аса жоғары деңгейдегі сапар біздің қарым-қатынасымыз­ды жандандырды. Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди 2015-2017 жылдары Қазақстанға сапармен келді. Президент ­Қ.Тоқаев 2022 жылғы қаңтарда Үндістан-Орталық Азия саммитіне қатысты.

Экономикалық және сауда қатынасына келетін болсақ, олар тұрақты дамып келеді. Қазақстан – Үндістанның Орталық Азиядағы ірі сауда және инвестициялық әріптесі. Пандемияның құбылмалығына қарамастан, біздің екіжақты тауар айналымымыз екінші жыл қатарынан 2 миллиард АҚШ долларынан асты. Біз үшін сауданы кеңейтудің үлкен мүмкіндіктері бар.

2009 жылы Үндістан мен Қазақстан стратегиялық әріптес болды. Қорғаныс саласындағы ынтымақтастық – Қазақстанмен стратегиялық әріптестігіміздің маңызды негізі. 2018 жылдан бастап Үндістан мен Қазақстан әскерлері Біріккен Ұлттар Ұйымының туы астында Ливанда бірге қызмет атқаруда. 2015 жылы Үндістан академиялық топтарды және ғылыми-зерттеу бағдарламаларын ынталандыру үшін Қазақстанда Param Bilim суперкомпьютерін енгізді.

Үндістанның сыртқы саясатында даму әріптестігі үлкен орын алады. Үндістан қазақстандық жастарға арналған стипендияның екі түрін ұсынады. Үндістанның техникалық және экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы (ITEC) және Үндістанның мәдени байланыстар жөніндегі кеңесінің стипендиясы. ITEC бағдарламасы шеңберінде, Үндістан Қазақстанға ауыл шаруашылығы, банк ісі, заң, жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, инженерия, қалалық жоспарлау, менеджмент және т. б. әртүрлі мамандық саласында әлеуетті арттыру курсын ұсынады. 1992 жылдан бастап ITEC бағдарламасы бойынша 1329-дан астам маман курс бітірді. Ертең ITEC күні атап өтіледі. Бағдарлама барысында стипендия алған қазақстандық студенттер Үндістандағы өз тәжірибелерімен бөліседі. ICCR стипендиялық бағдарламасы аясында Үндістан Қазақстан студенттеріне әртүрлі өнер саласында стипендия ұсынады.

Жақында Нью-Делиде ­Үндістанның мемлекеттік мәдениет министрі қазақтың ұлы ақыны және философы Абай Құнан­баевтың ескерткішін ашты.

Білім беру – еліміз арасындағы ынтымақтас­тықтың келешектегі бағыттың бірі. Қазіргі уақытта Қазақстанда 5300-ден астам үнді студенті оқиды. Олар, негізінен, медицина саласында білім алады. Үндістан ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарымен танымал. Қазақстандық студенттер Үндістанға «Үндістанда оқу» бағдарламасы бойынша инженерлік іс және ақпараттық технологиялар бойынша келе алады. Үндістан жылдың кез келген уақытында туризмді ұсынады. Гоа және Тәж-Махал сияқты жерлер қазақстандықтар арасында өте танымал. Үндістан сапалы және қолжетімді медицина және сауықтыру туризмімен өте танымал. Қазақстанның әдемі жерлерін үнді киноиндустриясына енгізу жұмысы жүруде. Үнді халқы Қазақстанға келген кездегі қазақстандықтардың қонақжайлылығы мен әсем мәдениетімен еске алады. Сондықтан халқымыз арасындағы қарым-қатынасты жандандыру үшін бізде үлкен мүмкіндіктер бар.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button