Тұлға

Елордаға Әуезов ескерткіші керек!

Кеше қазақтың ұлы жазушысы, Алаш қайраткерлерінің соңғы тұяғы – Мұхтар Әуезовтің дүниеге келгеніне 125 жыл толды. Әлемге әйгілі ұлы тұлғаның туған күні жоғары дәрежеде ұлықталды деп айта алмаймыз. Бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазғаны болмаса, құзырлы органдар тарапынан аса белсенділік байқалған жоқ.

Мұхтар Әуезов – әлемдік өркениет биігіне көтеріле білген бірегей талант иесі. Ол әлем өркениетін терең игеріп, оны қазақ топырағына жерсіндірген, қазақ руханиятының деңгейін көтерген тұлға. «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы, шығармалары әлем халықтарының 120-дан астам тіліне аударылған, Кеңес Одағы кезінде ең жоғары дәрежелі сыйлық иеленген жалғыз қазақ жазушысы.

Соңғы жылдары Алаш зиялыларын ардақтау, оларды зерттеу ісі айтарлықтай қарқын алды. Сол қатарда ұлтқа қызмет еткен ұлы тұлғаларды ұлықтау, олардың еңбектерін ескеріп, атына көше беріп, ескерткішін тұрғызу жұмыстарын да атауға болады. Абай, Ахмет сынды айтулы тұлғаларымыздың мерейтойлық жылына орай ескерткіштері тұрғызылып, аты әспеттеліп жатқаны – соның айғағы. Алайда Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өткенде, ақынды әлемге танытқан айтулы тұлға – Мұхтар Әуезов ескерусіз қалды. Онсыз да бұрын ірі қалаларда ұлы жазушы атына көше берілгенмен, ел көлемінде ерекше атап өтетіндей керемет ескерткіш тұрғыза алмадық. Еліміздің бас қаласы – Астанада да жазушы атына көше берілгені болмаса, мүсіні жоқ. Ендеше Абай есімі ардақталып жатқанда, ұлы ақынды, қазақ халқын әлемге танытқан ұлтымыздың біртуар перзенті Мұхтар Әуезовті де ұлықтап, елордадан бір еңселі ескерткіш тұрғызу керек деп ойлаймыз. Бұл ескерткіш кеңес дәуірінің тар қапасында қаншама тауқымет тартса да, ұлтын, оның тарихы мен болмысын суреттеуден танбаған ұлы тұлғаға деген құрметіміз болар еді.

Құрметпен,

  1. Әкім Тарази, жазушы, драматург, сценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы.
  2. Қойшығара Салғараұлы, жазушы, тарихшы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
  3. Тұрсын Жұртбай, жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы.
  4. Уәлихан Қалижан, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі.
  5. Кәрімбек Құрманәлиев, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі.
  6. Роза Мұқанова, жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.
  7. Бауыржан Бабажанұлы, ақын, «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы.
  8. Есберген Алауханов, заң ғылымдарының докторы, заңгер, Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі.
  9. Жолтай Әлмашұлы, жазушы-әуезовтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
  10. Еркін Қыдыр, «Астана ақшамы» республикалық газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
  11. Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Астана қалалық Жазушылар одағы филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
  12. Төлеген Қуанышев, республикалық «Күй анасы» қорының жетекшісі, Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button