Басты ақпаратЕлорда тынысы

Елорда – спорт ордасы

Астана елдің саяси орталығы ғана емес, ғылыми-ағартушы, рухани-мәдени және бұқаралық спорт орталығына айналды. Әсіресе елдің абыройын асырған спорттық іс-шаралар көптеп өтеді. Оған VII Қысқы Азия ойындарының өтуі дәлел болады. Одан бөлек, бокс, дзюдо, грек-рим, еркін күрес, шахмат, тағы басқа спорт түрлерінен әлем және Азия чемпионатының байрағы көтерілді. Әрине, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізетін спорт сарайлары талапқа сай болуы маңызды. Елорда спорт кешендерінің инфрақұрылымымен мақтана алады. Біз осыған тоқталуды жөн көрдік.

«АЛАУ» МҰЗ АЙДЫНЫ

13 жыл бұрын Азия ойындары қарсаңында есігін ашқан «Алау» жабық мұз айдыны қысқы спорт түрлерін дамытатын бірегей кешенге айналды.

Үш мұнарасымен танымал ғимараттың жалпы аумағы 65481 шаршы метрді құрайды. Халықаралық стандарт бойынша мұзды тез қатыратын технология­мен жабдықталды. Айдынның ұзындығы – 400 метр, көрермен мінбері – 7462 орын.

Мұнда екі хоккей корты, төрешілер залы, баспасөз залы, ойын залы (24×34); атлетикалық даярлық және хореография залы, фитнес-орталық, тир, 180 орынға есептелген мейрамхана, 42 бөлмелі шағын қонақ үйі бар.

Кешеннің сыртында жазғы­тұрым ашық бассейн, жағажай волейболы мен мини-футболға арналған алаңы қарастырылған.

Мұнда 500-ге жуық жасөс­пірім шорт-трек, шайбалы хоккей, допты хоккей, кёрлинг, мәнерлеп сырғанау және тағы басқа қысқы спорт түрлерінен жаттығады.

2011 жылдан бері күз-қыс айларында мұз айдынына жаппай сырғанау маусымы ашылды.

ЖҮЙРІКТЕР ЖАРЫСАТЫН «САРЫАРҚА»

«Сарыарқа» велотрегіне барғанымызда Астанада Silk Way series Astana I және II (CL2) тректерінде велоспорттан халықаралық жарысына куә болдық. Онда Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Иран, БАӘ және Литва елінің спортшылары бабын сынады.

2011 жылы пішімі велошабандоздың шлеміне ұқсайтын салтанаты жарасқан кешен ашылды. Оның жалпы аумағы – 44957 шаршы метр, көрермен мінбері – 9195 орын. Мұнда велосипед спортына арналған тректен басқа, мұз сырғанағы, қонақ үй, мейрамхана, фитнес орталығы, кеңсе бөлмелері, конференц залдары, бокс залы, гимнастика залы, ойын залы және шағын футбол алаңы бар.

12 жылдан бері мұнда велосипед спортынан Олимпиадалық даярлық орталығының спортшылары жаттығады.

ЖАНКҮЙЕРЛЕР КӨП ЖИНАЛАТЫН «АСТАНА АРЕНА»

Расында, «Астана Арена» футбол стадионы – елордалықтар мен қала қонақтарына ерекше әсерге бөлейтін кешен. Оны өзім де сезіндім. Қазақстан – Беларусь арасында өткен матчты жанкүйер ретінде көріп, ұлттық құраманың жеңісіне қатты қуанғаным әлі есімде.

Стадион ойын барысы барлық тараптан анық көрінетін амфитеатр үлгісінде жасалған спорт кешенінің сыйымдылығы – 30000 орын. Алаңның айналасын қоршай орнатылған астыңғы террасада – 15000, оның үстіндегі батыс және шығыс балконда 15000 орын бар. Жабыны жасанды ойын алаңының ауданы – 105×65 метр.

2011 жылы VІІ Қысқы Азия ойындарының ашылу рәсімі  өтті. Қазіргі кезде мұнда Қазақстан суперкубогы мен Премьер-лига ойындары, Еуропа чемпионаты лигасына іріктеу кезеңдері
ұйымдастырылады және футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы, «Астана» ФК-ның өз алаңындағы матчтарын қабылдайды.

«БАРЫС – АРЕНА» ХОККЕЙШІЛЕР АЛАҢЫ

Еліміздің абыройын асқақтатып жүрген «Барыс» хоккей
клубының  алаңы ретінде танымал «Барыс – Арена» спорт сарайы өзінің архитектуралық шеберлігімен қызықтырады.
Бұл кешенде «Барыс», «Номад», «Томирис» және мектеп командалары да жаттығады. Қазір маусымның аяқталуына байланысты «Барыс» хоккей командасы демалыста, жаңа маусым шілде айында ашылады.

Олимпиадалық талаптарға сай салынған кешеннің құрылысы 2012 жылы басталып, 2015 жылы Президент кубогымен салтанатты түрде есігін ашты.

Спорт кешенінде 5 жастан 16 жасқа дейінгі балалар және жасөспірімдер мектебі жұмыс істейді. Стадион 12000 көрерменге арналған.

АТАҚТЫ ПАЛУАН САРАЙЫ

Әлемдік жарыстар өткізілетін «Жекпе-жек» сарайы 2019 жылы халықаралық спорт федерациясының стандарттары мен талаптарына сәйкес салынған.

Спорт кешенінде жекпе-жектің барлық түрлерінен халықаралық жарыстар өткізіледі. Сонымен қатар бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика секілді спорт түрлерінің барлығынан халықаралық жарыстар өткізуге де болады.

Ал спорт залы 5 мың адамға арналған. Сонымен қатар 25 метрлік бассейн, фитнес-орталығы, қонақүй мен шағын футбол алаңы да бар.

2020 жылы «Жекпе-жек» сарайына Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді.

 Шынар ӘБИІР,

Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button