#Жаңа Қазақстан

Ел ертеңі – жастардың қолында

Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылуына қызмет ететін болашақ ұрпақты әлемдік деңгейде білім беру, білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі. Қасым-Жомарт ­Кемелұлының бұл Жолдауы өзінің нақтылығымен және мақсаттылығымен елдің алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айқындайды. ҚР ­Президентінің әрбір Жолдауы өз жаңалықтарымен, құнды ұсыныстарымен еліміздің өркендеуіне, жаңғыруына негіз болатын салмақты тұжырымдарымен ерекшеленеді.

2022 жылы 1 қыркүйек­тегі Президент Жолдауының негізгі мәні жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп арқылы еліміздің дамуына арналып отыр.

Маған ұнағаны – 2023 жылы жаңа Салық кодексінің әзірленуі, ол бойынша «сән-салтанатқа салық» енгізу. Бұл біздің қазақ тарихындағы кешегі Алаш зиялыларының Алашорда бағдарламасындағы салық табысқа қарай байға-байша, кедейге-кедейше әділ жолмен салыну керектігімен ұштасып жатқандай.

Ауыл шаруашылығын дамыту, су мәселесін шешу жолдары – бүгінгі ауылдағы шаруашылықпен айналысып отырған халықтың өзекті мәселесі. Қазақ – ежелден жерден бұрын мал өсіріп, берекесін келтірген халық. Алайда бүгінгі күнде көршілеріміз Ресей, Қытай, Орталық Азия елдерінен келетін су көздерінің азаюынан көл-табан, шабындықтардың кеуіп, құрғап қалып, ауыл шаруашылығын кері кетіруде. Одан ауыл халқы мал шаруашылығымен айналысу қиындығынан аудан, кент, қалаға урбанизацияланып, жас пен кәріңнің екі қолға бір күрек таба алмай жатқандығын ешкім жоққа шығара алмас. Алайда Президентіміздің бастамасы оңынан болса, көптеген ауыл халқының арман-тілегі орындалып, ауыл тамырына қан жүріп, шаруашылықтары алға басары сөзсіз.

Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қорғау бұл ертеңгі еліміздің өркендеуіне зор мүмкіндік берері сөзсіз. Отандық бизнес үшін несиелер мөлшерін арттыру арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға болар еді. Соның ішінде жыл сайын ауыл жастарының шаруашылықтарына арналған несиелер мөлшері ұлғайтылса, жастардың еріншектік, ата-ана пенсия­сына қарап отыру сияқ­ты масылдықтан ада қылар еді.

Білім беру жүйесіндегі өзгерістер, әсіресе, өсіп келе жатқан жастарды қуантқаны сөзсіз. Себебі көп жастар мемлекеттік грантқа үмітті талапкерлердің көптігінен жоғары оқу орындарына түсе алмай қалып жататыны жасырын емес. Бұл, әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін қиындық туғызып отыр­ғаны мәлім. Президент Жолдауында жастарға 2-3 пайыздық  несие беру арқылы ЖОО оқи алатыны көптің үмітсіздігіне қуаныш сыйлады деп айта аламын. Қазіргі қоғамда бәсекеге қабілетті жастардың жоғары білім алғаны қай ел үшін болса да маңызды. Себебі елдің ертеңі – осы жастардың қолында.

«Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасы аясында 2024 ж. 1-қаңтарынан бастап ҰҚ жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі әр қазақ ұл-қызының шотына аудару ел күтпеген жаңалық болды. Бұл да Алаш қайраткері ­Ә.Бөкейхановтың «қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» дегенімен бірдей. Еңбекақыны да нарықтық жағдайларға сай өсіру, әйел­-аналарымыздың зейнет жасының 2028 ж дейін ұзармай төмендетілуі, бала күтіміне берілетін төлемақының келер жылдан бастап әр сәбидің бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылуы көптің қуанышына айналды деп ойлаймын.

Қазақстанның жарқын болашағын жанкешті еңбек арқылы құруға болады. Қазақстан үшін қызмет ету – бұл кедейлікті, ауруларды, теңсіздікті келмеске келтіру. Біздің заманымыздың Алаш қайраткерлерінің жоғары мақсаты мен асыл арманы – әр қазақтың көзіндегі әрбір жас тамшысын сүрту болатын. Осы жолдағы қызметіміз Президентімізбен бірге ар-намыспен жүре отырып өз елімізге, оның халқына және бұдан кең ауқымда қызмет етуміз керек деп есептеймін.

Асқар САҒЫНҒАЛИҰЛЫ,

Астана қаласы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button