Басты ақпарат

Ерекше білім беру: балаға қандай көмек керек?

Қазіргі кезде қоғам дарынды, қабілетті адамдарды қажет етеді. Жеке тұлғаның рухани өсуіне психологиялық-педагогикалық жағдай жасай отырып, өз ортасында және өзге ұжымда өзін еркін сезіне алуға тәрбиелеу, өзіне-өзі сенімді, жауапкершілік қасиетті сіңірген тұлға ретінде қалыптастыру – өзекті мәселе.

Өкінішке қарай, әртүрлі себептермен дамуы өз жас ерекшелігінен төмен балалардың саны да күннен күнге көбейіп барады. Табысты тұлғамен қатар қоғамда психикалық жағынан ойлау, есту, көру қабілеттері шектелген, аутизмі бар балалар да қоғамда орын алуда. Баланың қалыптасуына бірнеше сыртқы және ішкі себептер әсер ететінін айтуға тиіспіз. Анасының құрсағына біткеннен бастап генетикалық тұқым қуалайтын аурулардан бастап, тіпті экологиялық факторға дейін, әлеуметтік мәселелер де өз үлесін қосатыны сөзсіз. Заманауи цифрлық технологиялардың енуіне байланысты телефон, планшеттердің қоғам өміріне кіргені соншалықты, баланың сөйлеу тілі шықпай жатып сол құралдарды меңгереді. Ал баламен екі ауыз сөйлеспегесін бұл – оның сөйлеу тілінің, логикасының дамуына кедергі.

Соңғы жылдары қазақ қоғамында жасөспірімдердің ғана емес, бастауыштағы балалардың да күйзеліске жиі ұшырайтыны туралы мәселелер көтеріліп жүр. Мамандар мұның себебі балалардың дұрыс тамақтанбауы салдарынан ағзада қоректік заттар жетпегендіктен деп түсіндірсе, сарапшылардың бір тобы отбасы жағдайымен және әлеуметтік мәселелермен байланыстырады. Бұған ата-ананың баламен жиі әңгімелеспеуін, яғни ұл-қызының пікіріне құлақ аспауын да қосуға болады. Ғалымдар баланың ой-жүйесі дұрыс жетілу үшін отбасындағы үлкендер оны материалдық тұрғыда қамтамасыз етіп, «басқасын өзі біледі» деп қоя салмай, ұдайы пікірін біліп, әртүрлі мәселелер төңірегінде сөйлесіп отырған абзал дейді. Бірақ, мұның зардаптары орасан, салдары сан соқтырып баланы әртүрлі күйзеліске әкеп соқтырады.

Психикалық дамудың тежелуі деген не?

Балалардағы психикалық дамудың тежелуі (ПДТ) – бұл баланың психикалық функциялары мен дағдыларының қалыптасуы мен дамуындағы бұзылыс, тұтас­тай алғанда, психикалық даму нормасынан немесе оның кез келген жеке функцияларынан артта қалу және кету. Балалардағы ПДТ тұжырымдамасына психикалық дамымау (немесе баяу даму), сондай-ақ баланың эмоционалды-сауық саласының тұрақты бұзылуы, интеллектуалды өсудің тежелуі, танымдық белсенділіктің бұзылуы кіреді. ПДТ бар балалар ойын әрекеттерін көбірек ұнатады, олардың ойлауы ұзақ уақыт жетілмеген, ал негізгі білім нақты және тапшы, көбінесе олардың зияткерлік деңгейі құрдастарына қарағанда әлдеқайда төмен.

Бұл – баланың интеллектуалды қабілетінің жасына сәйкес келмеуі. Баланың психикалық дамуының тежелуінің негізгі себептері түрлі болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, бұл жағдайдың негізгі себебі бала миының әлсіз түрдегі органикалық зақымдануы немесе іштен туа біткен, туылу кезінде және өмірінің бастапқы кезеңдерінде болған жағдайлар, негізгі әлеуметтік жағдайы, нашар көруі, құлақ ауруы тағы да басқа себептерден болуы мүмкін. Психиатр, невропатологтың зерттеулері бойынша психикалық дамуының тежелуі балада тұмау, сары ауру, іштегі улану сияқты вирустық және инфекциялық аурулардан кейін пайда болады.

Мұндай балалар білімі мен дағдыларына, тұлғалық жетімділігіне мінез-құлқына байланысты мектепте оқуды бастауға дайын емес. Олар оқуда көп қиыншылықтар көреді: мектепте орнатылған тәртіп нормаларын сақтау оларға аса қиын. Оқудағы қиыншылықтар олардың жүйке жүйесінің әлсіреуінен тереңдей түседі – жүйкесі тозып, соның салдарынан олар тез шаршайды, жұмысқа қабілеті төмендейді, бастаған жұмысын аяқтамайды.

Ата-аналар не дейді?

– Баламның есту қабілеті нашар болғандықтан осында келдік, – дейді Астана қаласының тұрғыны Бейбіт Сарманова. Ұлым – алты жаста, мұнда келгелі ойын ойнап, мамандармен түрлі тақырыпта суреттер салады, аптасына 3 сағаттан 3 рет келеміз. Нәтижесін тағы екі айда белгілі болар деген үміттеміз дейді ол.

– Менің ұлым естімейді, үндемейді, тағы түрлі аурулары бар, – дейді астаналық Сәуле Ақпанова, баласын логопед, дефектолог мамандардың дәріс­терінен дәлізде күтіп тұрып. Бүгін-ертең оң нәтиже бола қоймас, бірақ баламның емделіп, сауығып кетеріне, қатарының алды боларына сенімім зор дейді анасы толқып тұрып.

Түзету жұмыстары қалай жүргізіледі?

Астананың Есіл ауданында орналасқан «№1 психология­лық-педагогикалық түзету кабинеті» 2013 жылдан бері жұмыс істейді. 0-18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің барлық санаттарына педагогикалық түзету мен балалардың психофизикалық дамуы мәселелері бойынша кешенді түрде әдістемелік көмек көрсетеді. Қаладағы психо-медициналық педагогикалық кеңес беру орталығына (қалада 6-уы бар) жергілікті дәрігердің жолдамасымен барған ата-аналардың өтініші бойынша түзеу кабиенттеріне арнайы жолдама беріледі. Бірақ, даму деңгейі кешеуілдеген балалардың көбеюіне байланысты түзеу кабинеттеріне жолдаманы ата-аналар 3-6 айдай күтеді. Бұрындары жылына 40-50 бала ауырса, қазір 500 баланың 200-дейі кезегін күтіп тұр. Балаларды ППТК-ға қабылдау жыл бойы жүргізіледі.

«ПМПК қорытындысы негізінде ППТК есту қабілетінде, сөйлеу тілінің кешеуілдеуі, тірек-қозғалыс аппаратында, зердесінде бұзылыстары бар, сөйлеу тілінің дамымауы, психикалық дамуы тежелген, эмоциялық-ерік аясында және мінез-құлқында ауытқуы бар балаларға психологиялық-педагогикалық түзету көмегін көрсетеді» дейді әдіскер Ғайшагүл Жұрқабаева.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жеке даму бағдарламасы психофизикалық және сөйлеу дамуының ерекшеліктерін және жеке мүмкіндіктерін ескере отырып әзірленеді және баланың дамуының негізгі салаларын (сөйлеу, танымдық, әлеуметтік-эмоционалдық, моторлық және өзіне-өзі қызмет көрсету) қамтиды.

Сабақтың ұзақтығы ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланың жас ерекшелігіне байланысты 35 минуттан 45 минутқа дейінгі аралықта. Ата-аналармен бірге түзету сабақтарының кестесі жасалады.

Түрлі ойынмен түзейді

Жалпы, қаладағы түзету кабинеттері 4-еу болса, онда 60 шақты маман, оның ішінде логопед-мұғалім, дефектолог, педагог-психолог, сурдопедагог-мұғалім, АФК мұғалімі (бейімделген дене шынықтыру мұғалімі), әлеуметтік педагог, музыкалық жетекші, 5 тәрбиеші балалармен жұмыс істейді.

Ең өкініштісі – аутизмі бар балалар санының жыл өткен сайын көбеюі. Тізімдегі жүз шақты баланың тек ерте жастағы 46-сы ғана педагог мамандардың көмегін алуда.

Психикалық дамуы тежелген балаларды түзете-дамыту – ұзақ процесс. Ерте жастан мысалы, 1 жастан маманға келсе, онда мектеп жасына дейін сәбиді түзеуге әбден болады. Егер 3-7 жас аралығында ғана арнайы мамандарға жүгінген ата-аналар болса, оларға нәтижені ұзақ жылдар күтуге тура келеді. Бала 5-6 сыныпқа дейін тиісті мекемеде оңалту, түзете-дамыту процедураларынан өтуі тиіс. Мамандар көмегінің нәтижесі балалардың түзету-дамыту, оқыту курсын толық тәмамдап, жалпы білім беретін балабақшаларға табыс­ты бейімделуінен, мектептегі тапсырмаларды орындауынан, бағдарламаны қабылдауынан көрінеді. Қажет болған жағдайда бала мамандардың шешімімен психологиялық-педагогикалық көмек алуды ары қарай жалғас­тырады.

Түзету кабинетінің өзекті мәселесінің бірі – балаларға арналған арнайы ғимараттың жоқтығы. Дәл қазір ересектермен бірге бір ғимаратта орналасуға мәжбүр. Әсіресе аутизмі бар және сал балаларға бөлек ғимарат керек екендігі бәрімізге мәлім. Әкімдіктегілер осы мәселені ескереді деп үміттенеміз дейді олар.

Мамандардың түзетеу-дамыту процесінде әдістемелік нұсқауларды дұрыс және жоғары деңгейде ұйымдастыруына байланысты психикалық дамуы тежелген балалардың даму деңгейін өз жасындағы балалардың даму деңгейіне жеткізуге болады. Білім беру мекемесінде оқитын ПДТ балалар әр уақытта нәтижеге жету үшін бақылаудан тыс қалмауы қажет. Психолог, сынып жетекшісі және ата-ана тығыз байланыста болған жағдайда ғана баламен жүргізілетін жұмыс нәтижелі болады, яғни баланың өз-өзіне деген сенімділігін арттыру арқылы түзете дамыту жұмыстарын жүргізу тиімді. ПДТ баламен жүргізілетін жұмыстар жүйелі түрде ұйымдас­тырылу керек. Дидактикалық көрнекіліктерді қолдану, қазақ тіліндегі оқулықтардың жеткілікті болуы, көрнекі құралдардың эстетикалық және педагогикалық талаптарға сәйкес келуі, ойын құралдарының әртүрлігі, іс-әрекеттен тыс техникалық құралдардың жеткілікті қолданылуы – бұл баланың сөйлеу тілін дамытып логикалық ойлауы қалыптасуының бір шарты болып табылады.

Танымдық және сөйлеу іс-әрекетінің дамуына жеткізетін әдістерінің бірі – ойын. Ойын баланың өзінің қарым-қатынасқа деген қажеттігін, сезімдерін, ойларын және эмоцияларын сыртқа шығаруын қамтиды. Ойынды дұрыс ұйымдастыру арқылы баланың сөздік қоры дамиды, басқа балалармен қарым-қатынаста өзін еркін сезінуі және қоршаған ортаға байланысты білімдерін кеңейтеді. Бала белгілі әлеуметтік ортада өсіп, айналасындағы заттар мен құбылыстарды танып біледі, олармен тікелей қарым-қатынастарда әсерленіп, бойындағы табиғи қасиеттерін жетілдіріп, ақыл-ой сезімін таным әрекетімен байланыс­тырады. Сезімнің бұл түрі балалардың оқып білім алуын, дүниетанымын, көзқарасын қалыптастырады, ізденімпаздық әрекетін тудырады.

Түйін: ерекше балалардың ата-аналары уақыт оздырмай, арнайы мамандарға жедел жүгінгені жөн. Жергілікті дәрігерден алған жолдамамен жоғарыда аталған кеңес беру орталықтарына кезекке жазылып, арнайы мамандардың қолдауымен, сабыр мен төзіммен баланы түзету-дамытудың жолдарын қарастыру керек. Сондай-ақ баланы табиғи ортада, мәселен, тауға, көл жағасына, тіпті ауылдағы туыстарына апарып, демалдырса, бала үшін әрі тәрбие, әрі демалыс болар еді. Ата-аналардың уақыт тауып, балаларымен бір мезгіл сөйлесіп, ойын, арманын біліп, серуендеп, бірге сабақ қарағаны абзал. Неге қызығатыны, не ойлайтыны – бәрі маңызды. Уәде берсеңіз, оны орындаңыз. Балаңызды күнделікті құшақтап, мейіріміңізді көрсетіп, көңіл бөліп отырыңыз. Ең бастысы, бала ең жақын адамдарының жылуын, қамқорлығын сезінуі тиіс.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button