Мәдениет

Ерекше жандар марафоны

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Елорда тұрғындарының бастамашыл топтарын қолдау» әлеуметтік жобасы аясында «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры мүмкіндігі шектеулі топтардың арасында марафон жарысын ұйымдастырды.

Жарыс жолына шыққан ерекше балаларға белгілі мамандар, танымал спортшылар көмектесті. Қатысушылар үш шақырым қашықтықты жүріп өтті.

Мұндай спорттық іс-шара елордада алғаш рет өтті. Марафонға қаладағы бастамашыл топтар, азаматтық сектордың, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, спортшылар қатысты.

«Алдымен арбаға таңылған жандардың қоғамда өзін емін-еркін сезінуі жөнінде ой пайда болды. Мұндай марафонды алғаш рет ерекше балалармен және атақты спортшылардың қолдауымен өткіздік. Балалардың өздері немесе ата-аналары бірге жүгірмеуін жөн көрдік. Өйткені ата-аналардың да осындай көңілді ортада өздерінше демалып қайтуын ойладық. Ал жарысқа келсек, әрбір қатысушы балаға қарап, олардың көзінен от көрдік, өмірге деген құштарлығының арта түскенін аңғардық. Өйткені оларда мотивация бар, ал өздерімен бірге жүрген атақты спортшылар олардың қуанышын тіптен еселей түсті» деді «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының өкілі Салтанат Рақышева.

Іс-шараның соңында ұйымдастырушылар марафонға қатысушыларға медальдар, грамоталар және сыйлықтар табыс етті. Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі балалардың спортқа қызығушылығы артты және әрбірі жеңіске деген жігерін көрсетті.

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button