Мәдениет

Етік киген мысық

Цезарь Кюидің балаларға арналған «Етік киген мысық» музыкалық спектаклінің премьерасы, кішкентай көрермендер үшін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай тамаша сый болды. Шарль Перроның сюжеті бойынша қойылған ертегі «Астана Операның» Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында екі күн қатарынан өтті.

– «Етік киген мысық» балалар операсының премьерасы – X мерейтойлық маусымның сәнін келтіретін керемет оқиға, – деді «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. Қойылымның режиссері ретінде Digital Opera және «Нано-Опера» халықаралық байқауларының лауреаты Еренбақ Тойкенов тер төкті.  

Ертегі желісі көпшілікке бала кезден таныс: әкесінің өлімінен кейін ағалары мұраны бөліске салады, нәтижесінде кенже бауырларына тек мысық қана бұйырады. Алайда, бұл жануар өзінің жаңа иесінің өмірін түбегейлі өзгерте алатын болып шықты. Мысық диірменшінің кіші ұлының адал досына айналып, оған байып кетуге ғана көмектеспейді, сонымен қатар айдай сұлу ханшайымға үйленуіне себепші болады.

– Ғасырдан астам уақыт бұрын композитор Цезарь Кюи атақты жазушы Шарль Перро ертегісінің желісімен жасаған «Етік киген мысық» операсы қазіргі кезге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Менің ойымша, оның басты идеясы ата-ана даналығының құнды екені жөнінде. Ертегі ешқашан еңсені түсіруге болмайтынын, алға қойған мақсаттарға батыл қадам жасау керектігін үйретеді, сондықтан бұл ертегіні ынталандырушы деп атауға болады,– деп әңгімеледі режиссер.

Опера қойылымының ең маңызды, ажырамас элементі – ән айту, ол адам мүмкіндігінің, мол тәжірибесінің бай гаммасын ең жақсы реңктерде жеткізеді.

 

Спектакльге жас буын ерекше еңбек етті. Театр басшылығы да оларға белсенді қолдау білдіруде. Еренбақ Тойкеновпен қатар, балалар операсының жұмысына музыкалық редакция авторы Әлихан Ыдырысов, қоюшы дирижер Элмар Бөрібаев, балалар хорының жетекшісі Алтынғаным Ахметова, сценограф Малика Төлегенова, костюмдер бойынша суретші Дариға Тайшықова жұмыла жұмыс жасады.

Солист ретінде жас вокалистер өнер көрсетеді, олардың қатарында ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының тыңдаушылары бар. Мысықтың партиясын Рамзат Балакишиев пен Артур Габдиев, Кіші ұлды (Маркизді) Талғат Аллабиринов пен Әлихан Зейнолла орындайды. Ханшайымдар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамиля Джаркимбаева, Назым Сағынтай, Елена Ганжа және Ұлпан Әубәкірова.

Бүгінде көрермендерді таңғалдыру бұрынғыдан да қиын, әсіресе балаларды– Мұның барлығы заманауи технологиялардың дамуымен, компьютерлік ойындардың, әсерлі анимациялық фильмдердің көптігімен байланысты. Сондықтан біздер, қоюшылар, әрдайым жаңа идеяларды іздеуге тырысамыз. Техникалық шешімдерден, арнайы жарық эффектілері мен проекторларды қолданудан бөлек, визуалдық бөлік бойынша шеберлерді тартамыз, – деді Еренбақ Тойкенов.

Гауһар АМАНГЕЛДІ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

Журналистика факультетінің 2-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button