Басты ақпарат

Жалғыз ағаш орман емес

Бас қаланың айналасында 60 мың гектар, қала ішінде тағы 20 мың гектар аумаққа ағаш егілді. Бүгінгі таңда қаланың маңайындағы орман көлемі 100 мың гектарға жетіп отыр. Онда 9 миллион 600 мыңнан астам ағаш пен 1 миллион 800 мың бұта отырғызылған.

Қостанайдағы өрт еліміздің орман қорғау саласындағы біраз былықтың бетін ашып, орман қорғау жұмысының тұралап тұрғанын анық аңғартты. Оның үстіне, өрттің бір уақытта бірнеше жерден басталуы, сондай-ақ бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде 5-6 облыста қатарынан өрт кетуі көп көңіліндегі күдікті күшейтті. Бұл жолғы өрт орман өртінен сақтану жағындағы кемшіліктердің де бетін ашты. Атап айтқанда, орман қорғау мекемелерінде қызметкер жетіспейді, жалақы тым төмен болғандықтан, 75000 теңгеге көп адамның жұмыс істегісі келмейді. Елімізде 2016 жылдан бастап орманшылардың жалақысы өседі деген ақпарат тараған. 2017 жылы «Орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысын 25 пайызға көтеру нормасы 2019 жылдан бастап күшіне енеді» деп мәлімдеген еді ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Үстеміров. Міне, содан бері 5 жыл уақыт өтті, орманшылар әлі 75000 теңгемен жүр. Айтылған уәде, бөлінген қаржы қайда?! Қостанайдағы өрттен кейін де құзырлы орган өкілдері «орманшылардың жалақысын өсіреміз» деп тағы да уәде берді. Бұл жолы да «басы таудай, аяғы қылдай» болып шықпаса болғаны.

Бұл жолғы өрт сөндіру техникаларының көбі ескі, аяқ астынан өрт шықса, дереу ауыздықтауға қауқарсыз екенін де анық аңғартты. Төтенше жағдайлар минис­трлігінің мәліметінше, өткен жылдың алғашқы жартысында ел көлемінде 700-ден артық өрт шықса, биыл бұл көрсеткіш 800-ден асып кеткен. Демек, өрт жылдан жылға азайғаны сол, керісінше көбейіп барады. Өйткені адам күші, техника жетіспегеннен кейін өрттен сақтану, алдын алу шаралары да ойдағыдай атқарылмайды.

Қазақстан – орманы аз елдердің бірі. Жасанды орман көлемі де мардымсыз. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша орманды алқап, ел аумағының небәрі 5%-ын ғана ұстайды. Осы тұрғыдан алғанда, астананың жасыл белдеу аумағын қалыптастыру мақсатында 100 мың гектар алқапқа орман егу ұлт үшін де, ұрпақ үшін де өте игілікті бастама деп атауға болады.

Елорда айналасын қоршай бой көтерген «жасыл белдеу» қаланың таза ауамен тыныстауына мүмкіндік беретін «өкпесіне» айналды. 1997 жылдан бері  «жасыл белдеу» аумағы кеңейді, жыл сайын тал отырғызылып, құстар мен жан-жануарға қолайлы орта жасалды. Бастапқыда «жасыл белдеу» құру идеясы елорданы желден қорғауды және қолайлы экологиялық орта жасауды мақсат еткен еді.

Бас қаланың айналасында 60 мың гектар, қала ішінде тағы 20 мың гектар аумаққа ағаш егілді. Бүгінгі таңда қаланың маңайындағы орман көлемі 100 мың гектарға жетіп отыр. Онда 9 миллион 600 мыңнан астам ағаш пен 1 миллион 800 мың бұта отырылғызған.

«Жасыл белдеу» шеңберінде «Жасыл аймақ» РМК аумағы 8 орманшылыққа бөлінген: «Қызылжар», «Ерейментау», «Аршалы», «Вячеслав», «Бозайғыр», «Астана» және «Батыс». Бұл учаскелердің барлығы елорданы қоршап тұр.

Ендігі біздің мақсатымыз – осы жасыл желекті қорғап, келешектің игілігіне жарату.

Ерекше ескеретін бір түйін, елімізде орман шаруашылығы мен жеміс-жидек өндірісін ұштас­тыра дамытудың келешегі зор. «Қазақстан – алманың отаны, қызғалдақтың отаны» дегенімізбен, гүл де, жеміс те шетелден импорт етіледі. Осының өзінен біздің елдің «шөбін тартсаң май шығатын, қазық қақсаң, тал шығатын» тусыған даласын дұрыс пайдалана алмай отыр­ғанын аңғаруға болады. Осы тұрғыдан алғанда, бізге де орман қорғаудың, жасанды орман белдеуін қалыптастырудың кешенді жоспары керек. Мәселен, орманы оталып, экологиялық жағдайы күрт нашарлап кеткен көршіміз Қытай елі соңғы жылдары «ағаш егіп, орман отырғызу» деген бағдарлама арқылы елдің экологиялық ортасын түбегейлі жақсарта бастады, жасанды орман өсіру жағынан дүниенің алдыңғы легіне шығып, тақыр тауларды жасыл алқапқа айналдырды. Тұрғындар өзіне тиесілі жерлерге, атап айтқанда, есігінің алдына, егіс атызына ағаш егіп, орман өсірсе оған қосымша қаражат беру әдісін атқарды. Осының нәтижесінде көптеген алқаптар орманды өңірге айналды. Ал біздің елде атызға ағаш екпек түгілі, ауласына ағаш егетін тұрғындар аз. Бұл да – ойланатын жағдай.

Экономикалық пайдасымен қатар ағаштың адам денсаулығына да пайдасы мол екендігі баршамыз­ға мектеп қабырғасынан белгілі. Мәселен, фотосинтез процесінде ағаш пен бұта-бүргендердің жапырақтары шаң-тозаңның 72 пайызы мен күкірт қос тотығының 60 пайы­зын сіміріп, бактерияларды өлтіретін биологиялық белсенді заттарды бөліп шығарады екен. Үндістанның Калькутта университетінің профессорлары 50 жыл көктеген бір ағаштың құны 31200 долларға тең келетін оттегі өндіріп, ауа ластануының алдын алуда 62500 долларлық құн жарататынын есептеп шыққан. Әншейін ағаш егу, орман отырғызу мемлекеттің немесе жергілікті әкімшілік орындардың ғана міндеті сияқты. Ешбір мектептің немесе жоғары оқу орындарының түлектері көктемгі ағаш егу мезгілінде арнаулы ағаш егу науқанына жұмылдырылмайды. Әсілі, оқушыларға еңбек сабағы ретінде әр жылы көктемде бір күн ағаш егуді міндеттесек, бұл, бір жағынан, жасөспірімдердің бойында еңбексүйгіштік асыл қасиетті қалыптастырса, екінші жақтан, олардың санасында табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау ұғымын да оятады. Сонымен қатар, ағаш егу адамды гуманизмге тәрбиелеп, эгоизмнен арылуға жетелейді. Одан да маңыздысы, мемлекеттің көгалдандыру жұмысы да жандана түсер еді.

Қазір әлемнің көптеген елі ағаш егу мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнаулы бір күнді ағаш егу мерекесі етіп белгілеген. БҰҰ-ның санағына қарағанда, әлемде 50-ден аса ағаш егу мерекесі бар екен. Әр елдің жағрапиялық жағдайының ұқсамауына байланысты бұл елдерде мерекенің уақыты да, аты да ұқсамайды. Мәселен, Жапонияда «Жасылдандыру апталығы» болса, Израильде «Ағаш егу – Жаңа жыл күні», Мьянмада «Ағаш егу айы», Исландияда «Оқушылар ағаш егу күні», Үндістанда «Мемлекеттік ағаш егу мерекесі», Францияда «Мемлекеттік ағаш егу күні», Канадада «Орман апталығы» деп аталады. Тіпті Уганда, Коста-­Рика, Намибия, Танзания елдерінің де ағаш егу күндері бар. Біз жоғарыда тілге алған Қытай да 1979 жылы әр жылдың 12 наурызын ағаш егу мерекесі етіп белгіледі. Содан бері жыл сайын мектеп оқушыларынан тартып, мемлекет қызметкерлеріне дейін ағаш егу науқанына қатысып келеді. Егер Қазақстанда да тәуелсіздік алғаннан бері арнаулы бір күнді ағаш егу мерекесі етіп белгілеп, оқушыларды, мемлекет қызметкерлерін және еріктілерді жұмылдырсақ, біздің елдің де тең жартысы орманды алқапқа айналар еді.

 

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button