Басты ақпаратҚоғам

«Жанармай қымбаттады, ал азық-түлік…»:

елорда базарларында баға қалай өзгерді?

Elorda.info редакциясы оқырмандарды ай сайын Астанадағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасынан хабардар етіп келеді. Біз қала бойынша 4 базарға барып, ондағы бағаларға шолу жасаймыз. Шағын зерттеуіміз арқылы оқырмандарымыз өнімдерді қайдан сатып алу тиімдірек екенін біле алады. Осы жолы біз жанар-жағармайдың қымбаттауына байланысты азық-түлік өнімдеріне бір айда қанша теңге қосылғанын есептеп көрдік.

Мысалы, сәуірде қораптағы 2 келі ұнның бағасы 700 теңге болса, қазір баға 750 теңгеге дейін барады. Сәйкесінше, бір айда бидай ұны 42 теңгеге қымбаттаған. Нан бағасына 10 теңге қосылып, 170 теңгеге дейін жеткен. Макарон өнімдерінде баға тұрақты болса, көкөніс түрлері тағы да баға өсімімен көзге түсті. Сәуірде картоптың бір келісі 145 теңгеден сатылса, қазір 150 теңгеден басталады. Сәбіз бағасына 10 теңге қосылған, базарда бір келісі 150-200 теңге аралығында сатылып жатыр. Пияз тағы 11 теңгеге қымбаттапты. Бұрын ең қымбат дегенде 100 теңгеге сатылып келген оның бағасы өсіп, 250-300 теңгеден саудалануда. Бұл қатардан қырыққабат та қалысар емес. Жанармай қымбаттамай тұрып бір келісі 140-220 теңге аралығында сатылса, қазір келісі 250 теңгеге жетті.

Сиыр мен тауық етінің бағасы әзірге тұрақтамай тұр. Өткен айда сиыр еті 2800 теңге болса, қазір бір келісі 3000 теңгеге дейін жеткен. Тауық етін елордалықтар сәуірде 1450 теңгеден сатып алса, қазір бұл бағаға шамамен 200 теңге қосылды. Бүгінде сіңімді әрі тез дайындалатын тауық етін 1715-1850 теңге аралығында сатып алуға болады. Сары май бағасы 5500 теңгеге жетті, ал жұмыртқа бір айда 35 теңгеге қымбаттады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде бір айда бағасы арзандаған өнімдер де бар. Мысалы, қарақұмық пен күріш, қант пен сұйық май, сүт пен айранның бағасы өткен аймен салыстырғанда сәл арзандады.

Сәуірде Астана қаласы Ин­вестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев қалалық коммуникациялар қызметінде әкімдік бензин бағасының азық-түлік бағасына кері әсерін қалай тежейтінін айтқан еді.

«Бұл бағытта қажетті шараның бәрін қабылдаймыз. Халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін күзгі мау­сымаралық кезеңде нарыққа шығатын көкөніс пен бірқатар азық-түлік өнімін жеткізушілердің өтінімін қарастырып жатырмыз. Қазірдің өзінде 2023 жылдың 1 қыркүйегі­нен 2024 жылдың мамырына дейін көкөніс жеткізу туралы 2 өтінімді мақұлдадық» деген еді әкімдік өкілі.

Баға осы шаралар аясында белгіленген шектен аспауы қажет. Мысалы, картоп бағасы 125 теңгеден, сәбіз бағасы 120 теңгеден, қырыққабат 115 теңгеден, макарон өнімдері 280 теңгеден аспауы керек. Ал нарықтағы бағаның өзі белгіленген мөлшерден түсіп жатса, тұрақтандыру бағасы одан 10 пайыз төмен болып белгіленді.

Осы орайда біз жыл басынан бері елордада әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы қанша теңгеге қымбаттағанын есептеп көрдік. Сандық деректерге сәйкес, елордада бидай ұны, макарон өнімдері, картоп, сәбіз бен жұмыртқа 10 теңгеге қымбаттаған. Ас атасы – нанның бағасына жыл басынан бері 13 теңге қосылған. Пияз бен қырыққабат 55 теңгеге қымбаттаса, сиыр еті мен тауық етінің бағасына 200 теңге қосылған. Сүт өнімдерінің де бағасы қаңтар айынан бастап өскен: сүт 57 теңгеге, айран 42 теңгеге, сары май 350 теңгеге, ірімшік 87 теңгеге қымбаттаған. Бұл қымбатшылықтың сұйық отынмен тығыз байланысты екенін ел жақсы біледі. Күн өткен сайын құбылған сөредегі сандар ырыққа көнбей барады. Әйтсе де тұрақтылықтан халық әлі де үмітті.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button