#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Жастарға жол ашық

Дамудың жаңа кезеңіне қадам басып жатқан Қазақстанда басым бағыттың бірі – мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту. Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында да мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру қажет екенін баса айтқан еді. Реформаларды әзірлеу және жүзеге асыру ісінде мемлекеттік қызметшілер маңызды рөл атқарады. Әсіресе бүгінде билік жұмысқа ынтасы бар жас мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға мақсаттанып отыр. Осы тұста біз Астана қаласы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Әли КӨМЕКБАЕВТЫ әңгімеге тартып, мемлекеттік басқару ісіндегі жаңашылдықтар, жастарға арналған жеңілдіктер туралы біраз мағлұматқа қанықтық.

– Әли Амантайұлы, Президент «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деп үнемі айтып келеді. Сіздің пікіріңізше, Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызмет қалай ұйымдастырылуы керек?

– Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызмет бюрократияға жол бермейтін сервис сипатында болуы тиіс. Бұл – халықтың талабына сай болу, елдің қажетінен шыға білу деген сөз.

Бүгінде халық тарапынан мемлекеттік органдардың қызмет көрсетуіне қатысты кейбір көңіл толмайтын мәселелердің бары жасырын емес. Осы олқылықтардың орнын толтыру – біздің алда атқарар қызметіміздің басты бағдары. Ол үшін ашық, әділ, адал, адамға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптас­тыруымыз қажет. Мақсатымыз – ел игілігіне қызмет ету. Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік қызметті ұйымдастыру осы бағытта жүргізіледі.

– Бұл бағытта нақты қандай өзгерістерді айтар едіңіз?

– Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметке кіру және одан шығу рәсімдерін жеңілдету, бюрократияға жол бермеу, меритократия қағидатын ілгерілету, дарынды басқарушыларды және жеке сектордан кәсіби мамандарды мемлекеттік қыз­метке тарту, стратегиялық адам ресурстарын дамытуға қатысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алдына жаңа міндеттер қойған болатын. Мұны жүзеге асыру үшін тиісті заңнамаға бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізілді.

Cоңғы бір жылдың көлемінде мемлекеттік қызметті жетілдіру бойынша 4 заң қабылданып, қолданысқа енді. Соның бірқатарына тоқталсам, былтыр шілде айында Цифрлық даму министрлігімен бірге әзірленген «Цифрландыруды дамыту туралы» заң қабылданып, талдау және мониторинг жүргізу негізінде мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде бұзушылықтардың алдын алуға және қызмет алушының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеу функциясы агенттікке берілді. Осылайша былтырдың өзінде 46 мыңға жуық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ең жиі кездесетіндер – қызмет көрсету мерзімін және тәртібін бұзу, артық құжаттарды сұрату, қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту.

Сонымен қатар өңірге барып жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлем төлеу енгізу көзделді. Бұл жемқорлықтың алдын алу институты десек те болады. Қолданыстағы заңға сәйкес, өзге өңірге ротацияланатын қызметшіге уақытша үй берілуі тиіс. Бірақ қызметтік пәтерлер жетіспегендіктен, ротацияланған қызметшілер өз қаражатына үй жалдауға мәжбүр. Сол себепті көптеген қызметші ротациядан бас тартып жатады. Ротациялық төлемді енгізу осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталып отыр. Ротациялық төлемді енгізу үшін республикалық бюджеттік комиссия 2023-2025 жылдарға қажетті қаржы бөлу мәселесін мақұлдағанын айта кету керек.

Астана қаласы бо­йынша мемлекеттік мекемелерде 3566 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, мемлекеттік қызметте штат санының 8 пайызын бос орындар құрайды. Қазір әр мемлекеттік орган штат кестесін өзі бекітеді. Алайда басшы мен орындау­шылар саны реттелмеген. Бір басшыға 1-2 орындаушыдан келетін жағдай кездеседі. Кей органда басшы саны орындаушыдан да асып түседі. Сондықтан мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеу ескеріліп, тиімді менеджментті орнату мақсатында басшылар мен орындаушылар саны агенттік бұйрығымен реттеледі

Сондай-ақ «сенім жоғалтуына» байланысты өз өкілетін тиісінше орындамаған саяси қызметшіні қызметтен босату институты енгізіледі. Мұндай босату туралы шешімді Мемлекет басшысы ғана қабылдайтын болады. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Мәселен, Оңтүстік Корея, Сингапур, Ұлыбритания, Германия, Испания, Ирландия елдерінде мұндай тәжірибе қолданылатынын айта кету керек. Осы себепті жұмыстан босатылған қызметкер үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке орала алмайды. Заңға сәйкес, саяси қызметшi – саяси мiндеттердi iске асыруға жауапты қыз­метшi. Яғни саяси қызметшіге жүктелген жауапкершілік үлкен.

Мемлекеттік органдарда арнайы салалық білімі бар мамандар тапшы. Сондықтан бұдан былай «келісімшарт қыз­метшілері» деген ұғым тиісті заңға енгізілді. Бұл салалық жобаларды іске асырғанда, кәсіби білімі бар мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Олар мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бұған қоса, агенттік мониторинг жасап, қай салада қандай маман жетіспейтінін анықтамақ. Кейін Үкімет бекіткен маңызды жобалар тізімі бойынша олар «келісімшарт қызметшілері» ретінде жұмысқа тартылады.

Астана қаласы бойынша мемлекеттік мекемелерде 3566 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, мемлекеттік қызметте штат санының 8 пайызын бос орындар құрайды. Қазір әр мемлекеттік орган штат кестесін өзі бекітеді. Алайда басшы мен орындаушылар саны реттелмеген. Бір басшыға 1-2 орындаушыдан келетін жағдай кездеседі. Кей органда басшы саны орындаушыдан да асып түседі. Сондықтан мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеу ескеріліп, тиімді менеджментті орнату мақсатында басшылар мен орындаушылар саны агенттік бұйрығымен реттеледі.

– Заман талабына сай мемлекеттік қызмет жүйесі нені ескеруі тиіс?

– Сымсыз желі байланысы, күрделі бағдарламалар және өзге де «ақылды» технологияларды мүмкіндігінше мемлекеттік қызметте енгізу маңызды. Сондықтан бірқатар жаңалық осыған арналды. Мәселен, бүгінде мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін реттеу қарастырылды. Пандемия уақыты мен жан-жақты цифрландыру үрдісі онлайн жұмыстың мүмкіндігін көрсетті. Осы мәселе бойынша жалпы нормалар 2021 жылы Еңбек кодексіне енгізілген болатын. Сол секілді 2024 жылдан мемлекеттік қызметке іріктеу онлайн жүргізілмек. Бұл бағытта сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін іріктеу кезеңінен өту кезінде үміткерге ID нөмір беріледі. Яғни байқау рәсімінің ашықтығын тәуелсіз бақылау жүйесі қамтамасыз етеді. Осылайша, жаңа іріктеу форматына сәйкес, байқау қорытындысы ақпараттық жүйемен дербес түрде шығарылады.

Қазіргі қазақстандық қоғам мемлекеттік қызметшілерден мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуін, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін елдің дамуына жұмсауын күтеді. Моральдық қағидаттар мен жалпы қабылданған мінез-құлық нормаларын сақтау мемлекеттік қызметшілерге деген қоғамдық сенімнің негізі саналады. Күнделікті өмірде азаматтар ұлттық әдет-ғұрыптарда бекітілген, жалпы қабылданған нормаларды ұстанады және сол құндылықтарды мемлекеттік қызметшілерден көргісі келеді.

Биік мақсатқа ұмтылған, еңбекқор, ­креативті жас буын – қашанда елдің арқа­сүйер тірегі. Ең бастысы, біз жастарымыз­дың бойындағы тасыған күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыт­тасақ деген ниеттеміз. Тіпті бүгінде студент­терді мемлекеттік қызметке дайындау мақсатында оларға қызметтің ерекшеліктерін түсіндіру және ынталандыру жұмысын жүргізетін «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» қызмет етеді

Қоғам игілігі үшін ынтымақтастықтың негізі – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін моральдық-этикалық нормалар, әдет-ғұрыптар. Қазіргі заманғы сын-қатерлер мемлекеттен тарихи және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, қолданыстағы басқару мәдениетін жаңғыртуды талап етеді. Осы негізде «Адамға бағдарланған» мемлекеттік басқару моделіндегі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық болмысы жайлы доктрина әзірленуде. Ол ашық үкімет порталында 2023 жылдың 22 мамырына дейін талқыланады.

Доктрина ұлттық деңгейдегі маңызды құжат ретінде мемлекеттік қызметшілердің рухани-­адамгершілік тұрғыдан өзгеруіне түрткі болуға бағытталды. Мемлекеттік қызметшілердің жоғары құндылықтарды ұстануы жазадан, сыннан немесе бақылаудан қорыққаннан емес, өзінің ішкі ерік-жігерімен, ­ниет-қалауымен орындалуы қажет.

– Мемлекеттік қызметте білікті әрі жас мамандарға, жеке сектордағы кәсіби және дарынды басқарушыларға қаншалықты жол ашық?

– Бұл – өте өзекті мәселе. Қазіргі таңда жастар үшін бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер жасалып жатыр. Жас мамандарды тартуға билік мақсаттанып отыр. Мемлекеттік басқару, мемлекеттік қызмет – бұл уникалды мектеп. Соның бір дәлелі ретінде 2019 жылы құрылған Президенттік жастар кадр резервін айтуға болады. Президент атап өткендей, «Жастар кадр резерві – мемлекеттің резерві». Оны қалыптастырудағы бас­ты мақсат – көкірегі ояу, көзі ашық жастарды мемлекеттік басқаруға тарту, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа серпін беру. Ал Жаңа Қазақстанның кадрлық әлеуеті мықты болса, рухы биік, тәуелсіздігі берік ел болып дамитыны күмәнсіз.

Президенттік жастар кадр резерві бүгінгі таңда өз тиімділігін көрсетіп отыр. Осы жұмыс қолға алынғаннан бері кадр резервіне екі рет іріктеу өтті. 2019 жылы өткізілген іріктеу мемлекеттік әрі квазимемлекеттік секторға бағытталса, 2021 жылы өткізілген іріктеу тек мемлекеттік қызметке бағытталып, нәтижесінде резервке 50 адам алынды. Барлығы 350 резерв өкілінің 75 пайызы түрлі салада қызмет атқаруда. Биылғы іріктеуде үміткерлерге мемлекеттік тілді міндетті түрде меңгеру талабы енгізілді. Яғни Президенттік жастар кадр резерві – білімді, алғыр, бастамашыл, инновациялық ойлай алатын жастарды іріктеу­ді тұрақты жолға қою арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастырудың жолы. Үміткерлер жеке мансаптық амбицияларды емес, ең алдымен, қоғам мүддесін мақсат етуі керек. Кадр резервіне енудің мәні – үлкен бастық болу емес, ел игілігі үшін қызмет атқару. Осындай ұстаныммен ғана халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік басқару менеджерлері қалыптасады. Осы тәжірибені ескере отырып, 2023 жылы республиканың барлық аймағында өңірлік жастар кадр резервтері құрылмақ. Бұл жас мамандардың ел өңірлеріне оралып, оның дамуына үлес қосуына жол ашады.

Сонымен қатар, жастарға арналған әлеуметтік лифт құру мақсатында Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және одан «шығу» тәртібін жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді оқу орнын мемлекеттік грантпен үздік бітірген, оқуда жоғары көрсеткішке (GPA ­3,33-тен жоғары) жеткен түлектер аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға байқауға қатыспай тағайындалады.

Биік мақсатқа ұмтылған, еңбекқор, креативті жас буын – қашанда елдің арқасүйер тірегі. Ең бастысы, біз жастарымыздың бойындағы тасыған күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттасақ деген ниеттеміз. Тіпті бүгінде студенттерді мемлекеттік қызметке дайындау мақсатында оларға қызметтің ерекшеліктерін түсіндіру және ынталандыру жұмысын жүргізетін «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» қызмет етеді. Бұл жобаның енгізілгеніне 6 жыл болды. Қатысушыларды мектепке қабылдау өткен жылдың 1-15 желтоқсан аралығында жүргізілді. Нәтижесінде жобаға қатысуға 63 азаматтан өтініш түсті. Олардың ішінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен – 29 студент, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ университетінен 22 студент және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінен 12 студент бар. Қаңтар айында олар онлайн форматта іріктеу кезеңінен өтіп, жобаға 39 қатысушы қабылданды. Қатысушыларды оқыту барысында «Болашақ» бағдарламасының түлектері, Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері, «Үздік мемлекеттік қызметші» атанған білікті мамандар дәріс оқыды.

Жаңа Қазақстанның мемлекеттік кадрларының бойында елдік мүддені ойлайтын принципшіл ұстанымдар болуы керек. Сол арқылы ғана біз мемлекеттік басқару аппаратын қалыптастыруда сапалы өзгеріске қол жеткіземіз. Сапалы кадрды бізге ешкім әкеліп бермейді, олар қоғамның ішінде. Біздің міндет – соларды тауып, мемлекеттік аппаратқа тартып, іріктеп алу арқылы кәсіби мемлекеттік қызметкерлердің жаңа легін қалыптастыру.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button