Мәселе

«Жасыл ел» жалғасын тапты

2005 жылы бастау алған «Жасыл ел» бағдарламасы биыл да жалғасын табады. Осы жылы бағдарлама барысында 600 студент пен 3600 мектеп оқушысы, жалпы 4200 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Мамыр айында 2500 адам жұмыс істесе, 1700 адамды маусым айында жұмысқа орналастыру көзделуде.

Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Атымтай Бағдаттың айтуынша, жоба мамыр айында басталғандықтан, мектепте оқитын оқушылардың сабағына кедергі келтірмес үшін бағдарлама аясында жастар жұмысты күніне 4 сағат істеді. Ал саябақтарда таңғы 09:00-ден 13:00-ге дейін еңбек етеді.

– Биыл қаламыздағы мектептердің, колледждердің, университеттердің, саябақтардың төңірегін тазалап, гүлдерді суару секілді жұмыстарды атқару жоспарлануда. Өткен мамыр айында қаладағы тазалық, абаттандыру жұмыстарына баса көңіл бөлінсе, осы маусым айында саябақтар, қала мектептерінің ішкі және сыртқы жұмыстарының тазалығына басымдық беріледі. Ең басты мақсат – қала экологиясын тазартып, жастарды жұмыспен қамту, – дейді Атымтай Бағдат.

Биыл «Жасыл ел» бағдарламасының 19-жұмыс маусымы өтуде. Жоба аясында, негізінен, әлеуметтік осал топтағы жастар жұмыс істейді. Бағдарлама мақсаты – жастарды қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға, экология тәрбиесін насихаттауға, ақшаның оңай жолмен келмейтінін түсіндіруге, әлеу­меттік топтағы ата-аналарға көмектесуге, сонымен қатар, жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген патриоттық сезімін оятуға бағытталған. Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Ешқандай санатқа кірмейтін жастардан бөлек, әлеуметтік осал топтар санатындағы балалар, жетім балалар, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, толық емес отбасынан шыққан балаларды жұмыспен қамту көзделеді. «Жасыл елдің» жастары 64564 теңгеге жуық айлық алады.

Эльгиза ЕРМЕК,

Л.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button