Басты ақпаратҚала мен Сала

Жасыл желек жасаушылар

Елордамыздың әсем болуына айрықша үлес қосып келе жатқан еңбек ұжымының бірі – «Астана көгалдандыру құрылысы» кәсіпорны. Бұл кәсіп­орынның жұмысшылары таңғы сағат 7-ден бастап жұмысқа кіріседі.

Аталмыш кәсіпорынның жүздеген жұмысшылары күн сайын елорданың дәл ортасындағы сулы-нулы жасыл желекті бульвардың бойында тынымсыз жұмыс істеп жүреді. Біз жақында Нұрислам Әнуарбек жетекшілік ететін бригаданың жұмыс барысын көріп қайттық.

«Ақорда» алдындағы алаңда гүлзарлардың топырағын қоңсытып, ағаш түптерін қопсытып жүрген бір топ жұмысшыларды әңгімеге тарттық.

– Біздің бригаданың жұмысшылары осы маңайдағы өсімдік өсетін жерлердің топырағын өңдеп, тыңайтқыштарды сіңіреді. Гүл отырғызатын орындарды дайындап жатырмыз. Қураған ағаштарды, артық өскен шөп-шаламды жинастырамыз. Жас көшеттерді мезгіл-мезгілімен суарып күтім жасаймыз. Қаламыз­ды жасыл желекке орап жүрген жұмысшыларымыздың көпшілігі елорда маңайындағы ауылдан келеді. Әрине, оларды жұмысқа алып келіп, апарып тастау үшін кәсіпорыннан көлік бөлінеді. Өз еңбегімен үлгі болып жүрген жұмысшыларымыз көп. Мәселен, Рақым Байтеміров, Марат Әбдірахманов, Қайрат Нөгербек, Бекзат Саттар, Гүлмира Менкелдинова, Шахлада Бабанова және басқа да жұмысшы-мамандарымыз көптеген жылдар бойы осы кәсіпорында жұмыс істеп келеді. Бұл азаматтардың бәрін де өз кәсібін меңгерген, елордамыздың өркендеуіне үлес қосып жүрген еңбекқор жандар дер едім, – дейді бізбен әңгімелескен «Астана көгалдандыру құрылысы» ЖШС кәсіпорнының бригадирі Нұрислам Әнуарбек.

Елорданы көгалдандыру жұмысына қала маңындағы Қоянды, Воздвиженка, Бозайғыр ауылдарынан, сондай-ақ Қосшы қаласының тұрғындары келіп-кетіп жұмыс істейді. Оларға кәсіпорыннан арнайы көлік жүреді екен. Ал қалада тұратын жұмысшылар үшін қоғамдық көлікте жүретін жолақы билеті бөлінеді.

Осы кәсіпорында 15 жылдай жұмыс істеп келе жатқан астаналық Рақым Байтеміров өзінің жұмысы Астананы көркейтуге арналатынын мақтан етеді екен.

– Астана – Отанымыздың жүрегі, еліміздің бас қаласы, сондықтан оны көркейтуге үлес қосып жатқаныма өте қуа­ныштымын. Жұмыс істеген уақытымда қаншама ағаш, гүл отырғыздық, кейде сол ағаштардың биік болып, жайқалып өсіп тұрғанын көргенде кәдімгідей марқайып қаламын. Биыл жазда елордамызға 25 жыл болады, қазір осы мерейлі мерекеге орай жұмысымызды еселеп істеп жатырмыз. Ағаштар мен гүлзарлар жайнап тұру керек қой, сондықтан қазір таңның атысынан жұмысқа кірісеміз. Жұмысқа мерекеге келгендей болып жүрміз десем болады. Ең бастысы, еңбегіміз еленеді, кәсіпорын басшылығы жұмыс істеуге барлық жағдайды жасап отыр, – дейді «Астана көгалдандыру құрылысы» кәсіпорнының жұмысшысы Рақым Байтеміров.

Иә, бүгінгі таңда елордамызды жасыл желекке бөлеп, қаланың әдемі болуына, сондай-ақ экологиялық тазалығын жақсартуға кәсіпорынның жүздеген жұмысшысы таң атқаннан тындырымды еңбек еңбек етіп жүр.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button