Сараптама

Жатақхана мәселесі қашан шешіледі?

немесе жоғары оқу орындарының басшылары жоғары сыйақы алғанша, студенттерге жатын орын салып бермей ме?

Әлеуметтік желі – қарапайым халықтың жанайқайын жеткізуші алаң, соңғы кездері студенттер жатақханасыз қалған, әсіресе, алматылық шәкірттердің ата-аналарының шағымдары жиі естілуде.

Олардың айтуынша, 1 бөлмелі пәтерді жалдау құны орташа есепппен 150 мың теңге, 2 бөлмелі пәтер 250 мың теңге, үш бөлмелісі 320 мыңға жеткен. Тамыздың алғашқы онкүндігінде Алматыда пәтер жалдау құны маусыммен салыстырғанда 15% өскен.

Жалға берілетін пәтер бағасының қымбаттауынан Алматыға келген студенттер көшеде, метро мен вокзалда түнеуге мәжбүр. Бұл туралы блогер Ғабит Тоқсанбаев әлеуметтік желіде хабарлады.

9-тамызда Алматыда жалдамалы пәтердің 1 шаршы метрі 4900 теңгені құрады. 2 бөлмелі пәтерді жалдау құны айтарлықтай қымбаттады, тамызда баға бірден 25%-ға өскен. Бір бөлмелі пәтерлер – 7%, 3 бөлмелі пәтерлер 14% қымбаттаған.

Мақсат Жақау өзінің Facebook парақшасында баспана таппай қиналған жастар туралы былай деп жазады:

«Мемлекеттік білім беру гранттарымен жастар оқуға түскенде қуанамыз,  Орал-Атыраудан бастап бері қарай студенттердің көші ағылатыны түсінікті де. Құжатын өткізген бірінші курс студенттерінің 60 пайызы жатақханаға орналасады. Бірақ, екінші курста жатақханадан еріксіз қағылады, себебі өзі сияқ­ты кезінде бірінші курстың студентіне орын босатуы тиіс. Ал ақылы түскендер жатақхана дегенді түсінде көруге мәжбүр.

Осыған орай заңды сауал туындайды: егер мемлекетке сонша маман керек болса, неге грантымен қоса жатақханасы қарастырылмаған. Кім кінәлі?

Ең өкініштісі сол, бұл мәселе жыл сайын қайталана береді, негізі қиналатын – студент пен оны күндіз-түні уайымдайтын ата-анасы. Бұл шаруаны құзырлы органдар, ЖОО-лар Үкіметпен бірлесе отырып нақты іс-шаралар механизмін жасап, шешуі керек.

Біріншіден, аймақтағы уни­верситеттерде сол мамандық­тарға берілетін грант санының жоқтығы. Әйтпесе, сонау Атырау­дан қаңғып Алматыдағы университеттерге барып несі бар?!

Екіншіден, мемлекеттік білім беру гранттарының ЖОО-ларға, студенттерге жыл сайын берілуі көбейсе, болашақ маманға тұрақты дұрыс оқи алатындай жағдай туғызу керек шығар?!

Үшіншіден, неге университеттер студенттерді қабылдау кезінде аудитория, жатақханасы жеткілікті ме, асханасы бар ма, оқытушы сағаттары жете ме деген сияқты мәселелерді ескере отырып қабылдамайды?

Мысалы, былтыр экономика және қаржы салалары бойынша мамандар даярлайтын жоғары оқу орны Narxoz University тек 600 студентті ғана қабылдау лимитін қойған. Ал кейбір университеттер мүлдем шамадан тыс қабылдауының салдарынан студенттері метро мен вокзалда түнеп, көше кезіп, арзан пәтерлерді қаланың шеткері аудандарынан іздеп кетті.Сөйтіп жүргенде бала бір нәрсеге ұшыраса кім жауап береді?!

Нұр-Сұлтан қаласында 13 оқу орнында білім алатын 7491 студент жатақханаға зәру болып отыр, оның ішінде Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 5927 адам жатақхана кезегінде. Соған сәйкес, елордада 2022 жылдың соңына дейін 380 орынға арналған 2 жатақхана салынуы тиіс

Бұл – әлеуметтік күйзелісті тудырып, билікті ойландыратын құбылыс. Сондықтан, бұл жүйе­сіздіктің тоқтамы болуы тиіс!».

Бұл – Алматыдағы студенттердің ғана жанайқайы емес, күллі Қазақстанды мекендеген жастардың өзекті мәселесі. Жыл сайын көші-қон мен миграцияның, демографиялық өсу қарқынынан елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласындағы студенттер де бұл проблемалардан құралақан емес. Жатақхана бәріне жетіспейтіндіктен, пәтер жалдап, күнелтуге мәжбүр.

Біз осы ретте Ғылым және жоғары білім министрлігінен осы сауалдарға жауап беруін сұраған едік.

Ғылым және жоғары білім министрлігі не дейді?

«Басқа қаладан келген студенттер жатақханамен қамтамасыз етілуі тиіс» деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Алматыдағы жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесу барысындағы мәлімдемесінде.

– Жоғары оқу орындары басқа қаладан келген студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге және олардың тұруы мен оқуы үшін жағдай жасауы тиіс. «Біз мемлекеттік-­жекеменшік әріптестікті кеңейтіп, инвесторларды студенттік жатақханалар құрылысына тартамыз. Олар үшін мемлекет тарапынан арнайы преференциялар көзделген. Мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде біз ЖОО жатақханалары болуын ескереміз және студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бойынша қарқынды жұмыс істейміз, – деп атап өтті вице-министр Қуаныш Ерғалиев.

Әлеуметтік желіде ата-аналардың наразылығы мен студенттердің әр жерде қонып жүрген фотолары, видеолары жарияланғаннан кейін, Қуаныш Ерғалиев Ғылым және жоғары білім министрінің тапсырмасы бойынша Алматы қаласындағы ЖОО жатақханаларына барып, басқа қалалардан келген студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз етуді тексерді.

Алматыда еліміздегі студенттердің шамамен үштен бірі тұрады. Жылдан жылға мегаполиске келетін студенттер саны артып келеді. Осыған байланысты шаһарда студенттік жатақханаларға деген сұраныс жоғары.

Жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін жаңа студенттер үйлерінің құрылысы жүргізілуде және жатақханалар мен қонақ үйлердегі төсек-орындарды жалға алу бойынша шарттар мен меморандумдар жасалуда.

«Студенттердің оқуға немесе пәтер жалдауына арнайы субсидия беріледі.

Мұндай көмекке мұқтаж 7,5 мыңнан астам бала бар. Келесі жылдан бастап әрқайсына айына 50 мың теңгеден берілетіндей бюджеттен 160-170 млн көлемінде қаржы қарастырылған» деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. Ол мұны «Qazaqstan» телеарнасының «Жедел желі» студиясында айтты.

Жастарды жатақханамен қамту бойынша қандай жұмыстар жасалуда?

Ғылым және жоғары білім министрлігі берген мәліметтер бойынша «Аманат» партиясының «Өзгеру жолы: барлығына лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының «колледждер мен университеттер жатақханаларында 2025 жылға қарай кемінде 50000 жаңа орын енгізу» деген 65-тармағын іске асыру шеңберінде жыл сайын 10000 орындық, 2021 жылы 10364 орындық 49 студенттік жатақхана пайдалануға берілуі керек.

2021 жылы енгізілген 49 жатақхана бойынша сипаттама:

  1. Құрылыс арқылы 5996 орындық 23 жатақхана, 4368 орындық 26 жатақхананы жаңғырту арқылы пайдалануға берілді;
  2. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі шеңберінде 8996 орындық 41 жатақхана, ЖБ және ЖҚЖК есебінен 1 064 орындық 5 жатақхана, өз қаражаты есебінен 200 орындық 2 жатақхана, демеушілік қаражаты есебінен 104 орындық 1 жатақхана.

Өңірлік бөліністе жатақханаларды пайдалануға беру бойынша көшбасшылар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Шығыс Қазақстан облысы болды.

2018-2021 жылдары барлығы 30630 орындық 124 жатақхана пайдалануға берілді, оның ішінде 9080 орындық 33 жатақхана бюджет қаражаты және Жұмыспен қамту жол картасы есебінен, 21550 орындық 91 жатақхана мемлекеттік тапсырыс тетігі және демеушілік, өз қаражаты шеңберінде пайдалануға берілді.

Сондай-ақ студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ЖОО мен колледждер хостелдерді, қонақ үйлерді жалға алуды жүзеге асыруда. 2022 жылдың басында 5 492 орын жалға алынды.

2022 жылы 10 185 орындық 40 жатақхананы іске қосу жоспарлануда. Жыл басынан бастап жатақханаларда 7081 орын құруға алдын ала 19 шартқа оның ішінде 2022 жылы пайдалануға беру мерзімімен 1657 орынға арналған 8 жатақханаға, 2023 жылы 2 500 орынға арналған 6 жатақханаға, 2024 жылы 2 924 орынға арналған 5 жатақханаға қол қойылды.

Бюджеттен бөлінген қаражат қандай?

2019 жылы 8 жатақханадағы 1763 төсек-орынға студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханадағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыспен 169799 мың теңге сомасында төленді, 2020 жылы 19 жатақханадағы 4401 төсек-орынға мемлекеттік тапсырыспен 699111 мың теңге сомасында төленді, 2021 жылы 29 жатақханадағы 7652 төсек-орынға мемлекеттік тапсырыспен 1637150,5 мың теңге сомасында төленді.

2022-2024 жылдарға арналған бюджеттік өтінім шеңберінде қаржы министрлігі мынадай сомаларды қолдайды: 2022 ж. – 4972182 мың теңге, 2023 жылы – 10327754 мың теңге, 2024 жылы – 10964443 мың теңге.

Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға 2022 жылы 9862 орынға 39 шарт жасалды. 7 ай ішінде мемлекеттік тапсырысқа 1017,3 млн теңге сомасында төленді.

Жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету бойынша анықтама:

Республиканың 104 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы жатақханалар саны – 309. Төсек-орын саны – 101522 бірлік, оның ішінде 15324 төсек-орынға жалға алынғандар саны – 100.

Жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 30 ЖОО қонақ үйлер мен хостелдердің иелерімен 16819 төсек-орынды жалға алу бойынша шарттар мен меморандумдар жасасты.

Студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін 2018 жылдан бастап жаңа жатақханалар салу жұмыстары жүргізілуде.

Осы бастаманы іске асыру басталғаннан бері жоғары оқу орындарында 20761 төсек-орынға арналған 93 нысан, оның ішінде 2022 жылы 1470 төсек-орынға арналған 6 нысан пайдалануға берілді.

Мемлекеттік оқу орындарының студенттік жатақханаларында орындар санының шектеулі болуына байланысты оларды бөлу кезінде грант бойынша оқитын азаматтардың жеңілдік санатындағы студенттерге басымдық беріледі:

  • бала кезінен мүмкіндігі шектеулі жандар;
  • ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүмкіндігі шектеулі жандар;
  • жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы адамдар;
  • төрт және одан да көп кәмелетке толмағандар тәрбиеленетін отбасылардан шыққан балалар;
  • толық емес отбасылардан шыққан балалар (мәртебесі кемінде үш жылдан кем болмауы тиіс);
  • жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға теңестірілген адамдар;
  • ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарындағы адамдар, сондай-ақ «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін – 2050») бағдарламасымен оқитын қандастар.

Нұр-Сұлтан қаласында 13 оқу орнында білім алатын 7491 студент жатақханаға зәру болып отыр, оның ішінде Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 5927 адам жатақхана кезегінде. Соған сәйкес, елордада 2022 жылдың соңына дейін 380 орынға арналған 2 жатақхана салынуы тиіс.

P.S: Әрине, Ғылым және жоғары білім министрлігі берген мәліметтер студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету бағытындағы жасалып жатқан жұмыстарды қамтиды. Бірақ, бас қала – Нұр-Сұлтан мен үлкен мегаполис Алматыға халықтың, студенттердің ағылуы, көші-қон үдерісі мұншалықты қарқын алғанын ескерсек, әсіресе, елорда 25 жыл ішінде халық саны үш есе өсіп, 2022 жылғы тамыз айында 1 млн 267 мыңнан астам адамға жеткенін ойласақ, министрлік берген мәліметтер көңіл көншітпейді. Бұл мәселе өзектілігін әзірге жоймайды. Бұған ЖОО басшылары жақсы менеджмент қалыптастырып, ірі кәсіпкерлерді тартып, жаңа жатақханалар салынбаса, мәселенің ушыққаны ушыққан. Қаржы министрлігі «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ есебі бойынша жоғары оқу орындарының басшылары 3 млрд теңгеден астам сыйақы алды, – деп мәлімдеді. Бұл қаржыға бірнеше студенттер үйін салуға әбден болар еді.

 

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button