Басты ақпаратДенсаулық

Жаңа инновациялық жобалар

Бүгінде елімізде барлық салада цифрландыру ісі қарқынды жүргізілуде. Елорданың қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының алдына қойған маңызды міндеттерінің бірі де осы – медициналық қызметтерді сандық технологияға көшіру. Соның бір көрінісі ретінде Астанада алғаш рет №2 көпбейінді қалалық ауруханада жаңа госпитальдық фармация бөлімшесі ашылды. Жаңа инновациялық бөлімшенің ашылу салтанатына ведомстволық министрлік өкілдері, басқарма басшылары, аталған аурухана дәрігерлері қатысты.

Келушілерді қарсы алған аурухана директоры Нұрбол Тұрсынбаев емдеу мекемесіне енгізіліп жатқан өзге де  жаңашылдықтармен таныстырды. Ол атап айтқан 3 бағыттағы жұмыстардың бәрі пациентке бағдарлану аясында жүзеге асырылып отыр. Біріншісі, пациенттерге бір қадам жақындық – оларды қолдау қызметі, электрондық кезекті енгізу, пациенттерді жоспарлы госпитализациялау алгоритмі бойынша жұмыс істейтін фронт-кеңсенің ашылуы.

– Мемлекет басшысы айтқан концепцияға сәйкес «Еститін мемлекет» қағидаты бойынша біз бұл фронт-кеңсені кіреберіске, яғни халық көп жиналатын, отыратын жерге қойдық. Өйткені көп мекемелерде бұл қыз­меттің адамдары 2-3 қабатта орналасады. Бұл өте ыңғайсыз, халық содан қайда арыздану керектігін білмейді. Медициналық қызмет сапасын арттыруға байланысты халықтың өтініш-шағымы жылдан жылға көбейіп келеді. Осыған орай пациенттерді қолдау қызметін жаңаша форматта жетілдіруді қолға алдық, – деді Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Дархан Тұрлыбеков. Жақын арада жаңа жүйе арқылы онлайн режимде бос төсек-орын санын көре алатын мүмкіндік туады, бұл қызмет аурухана сайтында да қолжетімді болмақ. Мұнда тәулігіне 24 сағат тынымсыз жұмыс істейтін call-орталық бар, оған күн сайын 500-ден астам өтініш-шағымдар түседі.

Екінші, жаңа қабылдау-диа­гностикалық бөлімшесін салу жоспары таныстырылды. Бұл бөлімше Қабылдау хабі рөлін атқарады және мекеменің екі бірдей ғимаратын, яғни Акушерлік және Клиникалық блоктарды біріктіреді. Осы екі блоктың ортасына салынатын жаңа бөлімше ғимаратының құрылысы биыл ІІІ тоқсанда басталып, 13 айдан соң келесі жылы сол уақытта аяқталады деп жоспарлануда. Жаңа кешеннің ең астыңғы бөлігі барлық аурулар бойынша диагностика жүргізетін жабдықтармен толтырылады. Мұнда травматологиялық пункт ашу да көзделуде.

Үшіншісі – госпитальдық фармация бөлімшесінің ашылуы. Жоба әлемдік тәжірибеде кең қолданыста әрі халықаралық талаптардың бірі болып саналады. Қазір қала бойынша жұмыс істеп тұрған 9 аурухананың ішінде осы емдеу мекемесінде алғаш рет жүзеге асырылған жаңа жобаны алдағы уақытта көпбейінді ауруханалардың барлығына енгізу жоспарда тұр. Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов пен аталған аурухана директорының кеңесшісі, медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев жаңа бөлімшенің ашылуына орай лентасын қиды.

– Міне, бүгін ауруханада нау­қастарға көмек көрсету сапасын арттыруға бағытталған жұмыс­тар нәтижесіне куә болдыңыз­дар. Аурухананың клиникалық бөліміндегі пациенттерді қолдау бойынша фронт-кеңсесінде нау­қас адамның туыстары келіп, сол жерден науқас туралы толық ақпарат алып, дәрігермен хабарласуына болады. Одан бөлек, ауруханада енгізілген цифрлық шешімдер пациенттер үшін де тиімді, медициналық персонал қызметін жеңілдетуге де септік етеді. Жаңадан ашылған бөлімше жұмысы толық цифрландырылған. Науқасқа берілетін дәрі-дәрмек мөлшері автоматты түрде қадағаланып отырады. Бөлімшенің бірегей тұсы – дәрі-дәрмекті ысырап қылмай, артық шығынның алдын алу. Сондай-ақ қате дәрі-дәрмек тағайындау қаупі әжептәуір азаяды. Алдын ала есептеулер бойынша жоба жылына 400 млн теңгеге дейін бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді басқарма басшысы. Жобаның негізгі міндеті – дәрігерлердің тағайындауы бойынша медициналық препараттарды уақтылы және сапалы дайындау, оларды медициналық ұйымның клиникалық және пара-клиникалық бөлімшелеріне жеткізу.

– Дәрілік препараттарды клиникалық фармаколог әр науқасқа оның жасы, салмағы, қарсы көрсеткіштері, тәуліктік дозасы және өзге де өлшемдер бойынша тағайындайды. Бұл жобаны іске асыру кезінде біздің клиникада бұған дейін жүзеге асырылған Акгюн ақпараттық жүйесінің дайындығы маңызды рөл атқарды, – деп атап өтті ауруха­наның бас дәрігері Нұрбол Тұрсынбаев.

Бөлімшеде үздіксіз қызметте отыратын клиникалық фармакологтар электронды түрдегі барлық дәрігер тағайындауларын тексереді. Электронды жүйеге келіп түскен дәрігер тағайындауы шұғыл түріне жатса, дәрілер 15 минутта дайын­далып, беріледі, ал жоспарлы тағайындау бойынша 30 минутта тиісті дәрі әзірленіп, пациентке жөнелтіледі. Жалпы жаңа жүйе арқылы бәрі айқын, дәрілерді қолдануда үнемділікке қол жеткізіледі, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді.

Аурухананың басты ерекшелігі – мұнда тек астаналықтар, тіпті қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктердің де келіп ем алуында. Әсіресе, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің азаматтары емделуге көп келеді екен. Сондықтан медициналық туризмді қарқынды дамытып отырған аурухананың осылайша заманауи технологиялармен жабдықталуы заңды.

Емдеу мекемесіндегі инновациялық жаңашыл жұмыстардың бәрі «Акгюн» компаниясының қолдауымен ауруханамен бірлесе  жүзеге асырылады. Осы компанияның тағы бір «Алақан» деген бағдарламасы аурухананың турникет орнатылған кіреберістеріне енгізілген. Оның ерекшелігі – ғимаратқа кіріп-шыққан сайын турникеттегі арнайы орынға алақанын қойған әрбір қызметкердің бүкіл деректері сол жерде қабырғада ілініп тұрған экранға шығатыны, яғни қызметкердің қай уақытта келіп, кеткенінен бөлек, суреті, кім болып қызмет істейтіні де жазылып тұрады. «Акгюн» компаниясының Орта Азия өңірі бойынша өкілдігі Жұлдыз Дахымбаеваның айтуынша, алдағы уақытта осы бағдарлама аясында тек аурухананың медициналық персоналының ғана емес, сонымен бірге әрбір келуші пациенттер, тұрғындардың да дерегін енгізу көзделуде.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button