Мәдениет

Жаңа маусым Әуезовке арналады

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры өзінің ІІІ маусымын Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» (инсценировка авторы Мирас Әбіл) музыкалық драмасымен ашты.

Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтың айтуынша, биылғы жаңа маусым заңғар жазушы, қазақ әдебиетінің классигі, ұлттық драматургияның алыбы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналады.

– Бүгінгі таңда оның шығармалары өзінің өзектілігін жо­ғалт­пай, пьесалары әлі күнге дейін көптеген қазақ театры сахналарында сахналанып жүр. Музыкалық жас көрермен
театры ең алғашқы шымылдығын «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашып, оны жыл сайынғы әдетке айналдырды. Жаңа маусымда театр ұжымы көрермендеріне тың туындыларды ұсынып, халықаралық фестивальдерге қатысады, – деді театр директоры.

Жаңа маусымның ашылуына қонақ ретінде қатысқан қазақтың «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешева әртістерді жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, ақ батасын берді.

– Биыл қазақ әдебиетінің классигі, ұлттық драматургия­ның алыбы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толғалы отыр. Бұйырса, Қазақ елінде үлкен той болады. Сол тойдың бастамасы ретінде Мұхтар Әуезовтің қойылымымен шымылдық ашқандарыңыз барлығымызды қуантады. Бүгінгі қойылымда Абай мен Тоғжанның кіршіксіз таза махаббаты көрсетіліп, Абай поэзиясындағы ойлы жырлар мен есті әндер орындалып, ұлтымыздың құндылықтары сахна биігіне көтерілді. Халықтық сана, ұлттық тәрбие, бабалар дәстүрін, ұлы дала ұлағатын өнерсіз елестету мүмкін емес. Мына сахнадағы әртістер спектакльді тамашалауға келген жастардың санасын бір сілкінтті деп ойлаймын – деді Меруерт Өтекешева.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button