Басты ақпаратЕл тынысы

Жаһандық үдерістер мен түйткілдер талқыланды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық сессиясына қатысып, сөз сөйледі. Дөңгелек үстел форматында өткен пленарлық сессияда жоғары мәртебелі делегаттар әлемдік экономикадағы, сауда және саясаттағы жаһандық үдерістерді талқылады. Сондай-ақ климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік секілді түйткілдердің шешу жолдарын егжей-тегжейлі қарастырды.

Жиында Президент Қасым-­Жомарт Тоқаевпен қатар Қыр­ғызстан Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина Президиумның төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле, ХВҚ Басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО ұйымының атқарушы директоры Армида Салсиа Алисджабана сөз сөйледі. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш форум қатысушыларына видеоүндеу жолдады. Пленарлық отырысты белгілі CNN журналисті Ричард Квест жүргізіп отырды.

Форум қатысушалары алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы осы жиынға қатысу үшін елімізге арнайы келген Қатар Әміріне, Қырғызстан Президентіне, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасына, Өзбекстан Премьер-министріне ризашылығын білдірді.

Президент жаһандық экономиканың қазіргі жай-күйі мен өңірлік ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасу үшін аталған форумның маңызы зор екенін атап өтті.

Осы Форумды бастай отырып, стратегиялық серіктесіміз – Біріккен Ұлттар Ұйымына және оның ХВҚ, ЮНЕСКО, БҰҰДБ, ДСҰ, ЭСКАТО секілді ұйымдарына, басқа да халықаралық институттарға, сондай-ақ ақпараттық әріптесіміз – CNN-ге шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы бұрын-­соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен қазіргі заман өркениетінің сын-қатерлеріне назар аударып, Астана халықаралық форумы миссиясының бес негізгі міндетіне тоқталды. Атап айтқанда, әлемдегі жағдайды ашық талқылау; негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау; осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру; көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру; бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту форумның негізгі миссияларының қатарына кіреді.

Сонымен қатар Президент Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған сәттен бері негізі қаланған әлемдік тәртіпке төнетін қауіп-қ­атерлер туралы айтты. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ бірден-бір жаһандық әмбебап ұйым болып қала беретінін әрі бұл ұйым барша адамзат баласының мүддесі мен шынайы мұқтаждықтарына қызмет ететінін айрықша атап өтті.

Біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлердің ішіндегі ең қиыны – климаттың өзгеруі. Орталық Азия бұл қатерлерге қарсы тұру үшін алғы шепте болады. Ғаламдық ауа температурасының 2050 жылға қарай 1,5 градусқа көтерілуін сәтті шектеу мүмкін болғанның өзінде, Орталық Азия елдері күн райының 2-ден 2,5 градусқа дейін көтерілгенін байқайды

Президент өз сөзінде әлемдегі жаңа дағдарыстың ықпалына қатысты ой-пікірін бөлісті.

– COVID-19-дан бастап қарулы қақтығыстарға дейінгі соңғы «жаңа дағдарыстар» нәзік халықаралық экожүйеге қауіп төндіреді. Бірақ бұл тұрақсыз­дықтың түпкі себебі тереңде жатыр. Сонымен қатар біз 30 жылдан кейін «блоктарға» бөлінетін ескі көзқарастарға қайта оралу жағдайына куә болып отырмыз. Тек геосаяси күш біздерді жікке бөліп жатқан жоқ. Оның экономикалық астары да бар. Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылуда. Бұл қарама-қайшылықтар санкциялар мен сауда соғыс­тарын, мақсатты борышкерлік саясатты, қаржыландыру көздерінен шектеуді немесе жоюды, сондай-ақ инвестицияны бақылауды қамтиды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Геосаяси қысымдар бір-бірімізді алшақтатып жатқанда біз бірігуге, ықпалдасуға, ынтымақтасуға, өзара қол ұшын созуға деген анық императивпен бетпе-бет келеміз. Бұл жердегі негізгі идея – осы. Осындай сәтте Астана халықаралық форумы аталған үрдісті кері бұру үшін тағы бір мүмкіндік береді. Тек кездесу, кеңесу, сондай-ақ өзара адалдық таныту арқылы ғана халықаралық қоғамдастық біздің проблемаларымызға, шаруаларымыз бен үмітімізге қатысты мәселелерді шеше алады. Сонда ғана біз ортақ болашағымызды қалыптастыра аламыз, бәріміз үшін мейлінше тұрақты, әділ әрі өркендеген әлем құру жолына біртіндеп ораламыз.

Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді. Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты. Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр. Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз.

Былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға артты. Дегенмен біздің жалпы ішкі өнімнің едәуір бөлігі бұрынғыша энергетикалық секторға тиесілі. Сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға деген ұмтылысымыз артып келеді. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау сияқты бірқатар салада өсім бар екенін байқап отырмыз. Біз іскерлік және экономикалық серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер іздегендердің бәрін шақырамыз. Мысалы, Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты сау­да мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт тауарды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау мерзімін екі есе қысқартады.

Сонымен қатар экономикалық дамуға және өңірішілік бірігуге ықпал ететін «Бір белдеу, бір жол» бастамасында Қазақстан басты рөл атқаратынын атап өткім келеді.

Біз мемлекеттер мен адамдар арасындағы физикалық байланысты нығайтуға, сондай-ақ серіктес әрі дос ретінде қоғамдас­тықтар арасындағы байланысты күшейтуге тырысамыз. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, бүгінде Қазақстан жаһандық, ең бастысы, шын мәнінде, сенімді сауда-экономикалық серіктес екенін айта аламыз.

Біздің еліміз бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту үшін әрқашан бар күш-жігерін жұмсады. Өз тарапымыздан ядролық қарусыздандыруды және Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімді қолдаймыз.

Қазақстан Сирия дағдарысын шешуде Астана бейбітшілік процесіне бастамашы болды. Елорда әлемдік діндер көшбасшыларының саммиттерін тұрақты өткізетін орынға айналды. Штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі жиын аймақтық және жаһандық мәселелерді шешетін бірден-бір тетікке айналды.

Ел ішінде әділдік, заң үстемдігі, теңдік және әділ сот төрелігі қағидаттарын енгізу үшін реформа жүргізуге бағытталған тиісті шараларды қолға аламыз. Заң мен тәртіпке негізделген менің ұстанымым – айқын. Бұл – «Жаңа Әділетті Қазақстанды» құрудың берік негізі.

Біз өзіміз таңдаған жолды абыроймен жүріп өту үшін барлық сын-қатерге дайын болу керектігін де білеміз. Әрі біз бұған дайынбыз.

Біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлердің ішіндегі ең қиыны – климаттың өзгеруі. Орталық Азия бұл қатерлерге қарсы тұру үшін алғы шепте болады. Ғаламдық ауа температурасының 2050 жылға қарай 1,5 градусқа көтерілуін сәтті шектеу мүмкін болғанның өзінде, Орталық Азия елдері күн райының 2-ден 2,5 градусқа дейін көтерілгенін байқайды. Бұл біз өмір сүретін ортаның трансформациясына, нақтырақ айтқанда, шөлге айналуына, одан кейін тіршіліктің жойылуына алып келеді. Сондықтан барлық сын-қатерге дайын болуымыз керек.

Су ресурстарының жетіспеу­шілігі шын мәнінде алаңдатады. Орталық Азиядағы қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызы деңгейінде деп бағаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін 5 миллионға жуық ішкі климаттық мигранттың пайда болуына әкеп соқтырады.

Біздегі мұздықтардың көлемі қазір 30 пайызға қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен Сыр­дария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз.

Су мен климаттың өзгеру мәселесі өзара тығыз байланысты. Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ.

Аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін мен Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынамын.

Еліміз «жасыл» экономиканың мол мүмкіндіктерін ұсынып, қайта қалпына келтірілетін энергетиканың орталығы атана алар еді. Алайда уақыт біздің жағымызда емес. Көмірді аз тұтыну және «жасыл» экономикаға қажетті жылдамдықпен көшу үшін бізге ресурстар мен серіктестік байланыс қажет.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев форум ортақ мәселелерді шешуге, сондай-ақ әріптестікті, даму мен прогресті ілгерілетуге өз үлесін қосатынына сенім білдіріп, жиынға қатысушыларға табыс тіледі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button