Басты ақпарат

Жаһандық өркениетаралық диалог алаңы

Кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі басталды. Екі күнге созылатын халықаралық жиында әлемнің 50 елінен келген дін (ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, синтоизм және т.б.) көшбасшылары жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікке қатысты ең түйт­кілді мәселелерді диалог алаңында талқылады.

Мәртебелі меймандардың арасында Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқалары бар. Кеше съезд «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының рөлі» деген тақырыптағы пленарлық отырыспен ашылды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі дұға жасау үшін бір минуттық үнсіздіктен басталды.

Қайшылықтарды күшпен, қорқытумен шеше алмаймыз!

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі дұға жасау үшін бір минуттық үнсіздіктен басталды. Одан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пленарлық отырысты ашып, Қазақстан үшін әлемнің ең құрметті рухани көшбасшыларын бірге жинап, диалог орнату үлкен құрмет екенін атап өтті. Президент Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискке, ең көне Әл-Азһар ислам университетінің Жоғарғы имамы Шейх Ахмад ат-Тайебке, Орыс православ шіркеуінің өкілдеріне, Израильдің Бас ашкеназ раввині Давид Лауға, Израильдің бас сефард раввині Ицхак Иосифке және форумның барлық қатысушысына өзінің ілтипатын білдірді.

«Біздің шақыруымызды қабыл алып, Қазақстанға келгендеріңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын. Бұл бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біздің съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан халқының түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, төзімділік пен ашықтық қасиеттерін қабылдағанына жұрттың назарын аударды. Сондықтан «бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты еліміздің негізгі ұстанымына айналды. «Қазіргі уақытта 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Мұны біздің баға жетпес байлығымыз әрі мыз­ғымас басымдығымыз деп санаймыз. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды.  Менің ойымша, біздің съездің басты миссиясы мен ерекшелігі осында» деді Президент.

Мемлекет басшысы індеттің таралуы экономика, саясат, әлеуметтік қатынастар сияқты өмірдің барлық саласына қатты ықпалын тигізді деп санайды. Карантиндік шаралар тауар тасымалдау жолдары мен қыз­мет көрсету, туризм, көлік және басқа да салаларға кері әсерін тигізді. Дағдарысқа қарсы мемлекеттік шығындардың артуы экономиканың құлдырауын тежеді, бірақ жаһандық инфляцияның өсуіне ықпал етті. Қасым-­Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ірі державалар арасында геосаяси қайшылықтар күшейіп, әлемнің түкпір-түкпірінде шиеленістер үдей түсті. «Қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы халықаралық қатынасқа қайта оралып жатыр. Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарихтың бұған бір ғана жауабы бар. Ол – ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз» деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа жүйенің қауіпсіздігі адам өмірінің абсолютті құндылығы, бір-бірінің мүдделерін құрметтеу, өзара көмек, ашықтық, теңдік және әділдік сияқты қағидаттардан құрылады деп санайды. Бұл мәселеде адамгершілік бедел мен рухани көшбасшылардың сөзі өте маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев Съезд қатысушыларына арнаған сөзінде Қазақстан дамудың конструктивті мәселесін өңірлік және жаһандық деңгейде жан-жақты ілгерілетуге елеулі үлес қосатынын айтты. Ал еліміздің ішкі мәселесінде бірлік, ынтымақ және тиімді диалог негізгі басымдық саналады. Бүгінде еліміз ауқымды реформалар бағдарламасын жүзеге асырып, Әділетті Қазақстанды құруға кірісті. «Біздің жаңа экономикалық саясатымыз жалпыұлттық табысты әділ бөлуге және барлық азаматтың әл-ауқатын теңдей арттыруға бағытталған. Біз халықаралық сауда мен инвестициялық серіктестікті тереңдетуді қолдаймыз. Энергетика және өндіруші салаларда экологиялық талаптарды дәйекті түрде күшейтіп, балама қуат көздерін пайдалану ісін кеңейтіп келеміз» деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық үдерістегі дін мен рухани көшбасшылардың рөлін қайта зерделеуге бағытталған бірқатар тезисті талқылауға ұсынды. «Біз мәдениетке, экономика мен қоғамға қатысты теориялық тұжырымдар мен практикалық әдістерді түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Өркениеттің шынайы болмысы мен мәнін сақтау үшін қоғамның барлық саласына ауқымды реформалар қажет» деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің пікірінше, рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыруы және диалогы бүкіл адамзатқа қазіргі текетірестерден шығу жолын көрсетеді. «Осындай ауқымды диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік бастамаларды белсенді көтеруге құқық береді. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан «қақтығыс ошақтарындағы» әскери қимылдар мен адамдардың зардап шегуін тоқтату үшін аса маңызды. Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды сіздер ғана нұсқайсыздар. Қазір адамзат бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор деп санаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы гуманизм идеалдары мен берік рухани құндылықтарды ілгерілетуге шақырды. Оның айтуынша, жаңа технологиялар адам өмірінің барлық саласын түбегейлі өзгертіп жатыр. Пандемия бұл үдерісті жылдамдатып, күшейте түсті. Цифрлық коммуникациялар, интернет пен әлеуметтік желілер бүкіл жер шарындағы адамдар арасындағы шекараны бұзып, маңызды рөл атқарады. «Біз цифрлық технологиялардың әсерімен қоғамның бөлшектеніп, көзқарастар қайшылығы күшейе бастағанын байқап отырмыз. Виртуалды әлем көптеген адам үшін шынайы әлемнің орнын алмастыра бастады. Сондықтан жаңа цифрлық заманда рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер туралы мәселені қайта күн тәртібіне қою керек. Жас ұрпаққа жүйесіз берілетін ілім мен білім адамзатты жалпы даму мен жақсылыққа апармайды. Дін барлық кезеңде өзінің негізгі тәрбие беру қызметін атқарды. Құран, Інжіл, Таурат және басқа да қасиетті кітаптар гуманизм, жанашырлық және мейірімділік идеяларына толы. Олар агрессияны жақтамайды, радикализмді қабылдамайды, зорлық-зомбылықты айыптайды, толеранттылық пен ұстамдылыққа шақырады. Қазіргі заманда діндер көшбасшыларының жоғары миссиясы – адамдарға осы маңызды ақиқатты жеткізу» деді Қазақстан Президенті.

Апаттар адамның өзімшілдігінен болып отыр

Съезде сөз тізгінін алған Әл-Азһар ислам университетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайеб адамзатты жаһандағы апаттардың себебі туралы ойлануға үндеді. «Әлемде індеттің қорқыныштарын қалпына келтіруге уақыт болмады. Өйткені басқа пандемиялар мен апаттар қаптап кетті. Бұл табиғи, саяси және «экономикалық» апаттарды адам өзімшілдігінің кесірінен өз қолымен жасап алды. Ол апаттар адамдарды теңселтіп тастады. Қасиетті Құранда бұл екі құбылыс пен олардың салдары туралы осыдан шамамен 15 ғасыр бұрын айтылған. Қасиетті кітапта адамның жер бетіндегі істердің бәріне килігуі туралы айтылған» деді ол.

Дін көшбасшысы бұл сөзіне мысал да келтірді. «Біздің ойымызша, адамзат жаһандық жылыну, орман өрттері, қалаларды су басу және сел жүру қаупі, кейбір өзендердің тартылуы, көптеген тірі тіршілік иелерінің қырылуы сияқты табиғат пен климаттың күтпеген өзгерістерінен қорқыныш пен үрей сезініп жатқанын көзіміз көріп отыр. Бұл апаттарды адам өзінің пиғылынан, салғырттығы және басқаларға немқұрайлы қарауынан туындатқанын ұмытпауымыз керек» деді имам.

Қару-жараққа емес, білімге ақша салайық!

Алқалы жиында сөз алған Рим Папасы Франциск ұлы Абайдың сөздерінен мысал келтіре отырып, өзінің негізгі ой-тұжырымдарын әлемнің халқына жолдады. «Кеше домбыраны қолыма алдым. Бүгін осынау музыкалық аспапты осы жердің ең атақты ақыны – қазіргі әдебиеттің атасы, сазгер Абайдың үнімен үндестіргім келеді. Ол өзінен кейін дінмен сусындаған мол шығарма қалдырды. Ол шығармаларында осы халықтың ең жақсы қасиеттерін – үйлесімді даналықты сипаттайды. Ол даналық бейбітшілікті қалап, соған ұмтылады. Арлы адамның даналығын Абай көрсетіп кеткен тұлға. Біз әртүрлі тәжірибені сіңіруге, қабылдауға дайынбыз. Абай біздің алдымызда: «өмірдің мәні неде?» деген сұрақ қояды. Тереңдікке ұмтылу ма деп сұрайды» деді Понтифик.

Рим Папасы өз сөзінде адамдар өмірге дүниедегі қажеттілігін қанағаттандыру үшін ғана емес, рухани байлықты табу үшін де келгенін еске салды. «Біз ең маңызды сұраққа жауап табуымыз керек. Біз руханиятты насихаттауға тиіспіз. Абай айтқандай, «жылы жүрек, нұрлы ақылды» сақтауымыз керек» деді ол. Католиктердің көсемі бірнеше мәселені көтеріп, соның ішінде пандемия мен қазіргі соғыстарды сынады. «Абай кезінде өз шығармасында аш қалғандар анық есін сақтай ала ма, оқуға деген жігерін сақтай ала ма дегенді айтты. Теңсіздік пен әділетсіздік салтанат құрып тұрғанда терроризмді тоқтату мүмкін емес. Кейінгі он жылдықтарда діни басшылардың негізгі кездегі әңгімесі де – осы. Бүгінгі күні де соғыс, үмітсіз шайқастар болып жатыр. Бір ел екінші елге қол ұшын соза алмай отыр. Абай зұлымдыққа жол берген адам Құдайдың сүйген құлы емес екенін атап өтеді. Бәріміз де зұлымдықтан ада болуымыз керек. Абай оқуды тастаған адам Құдайдың назарынан тыс қалғанын да меңзейді. Қару-жараққа емес, қаражатты білімге салайық» деді Рим папасы.

Франциск кедейліктің кесірінен әртүрлі індеттер тарап, дүние жүзінің халқы қасірет шегіп жатқанына тоқталды. «Барлығына, әсіресе, қамқорлықсыз қалғандар мен мүмкіндігі жоқ адамдарға жақын болайық. Қоғамның ең әлсіз және кедей топтарына, үнсіз азап шегіп жатқан жандарға назар аударайық. Кедейліктің кесірінен түрлі індеттер мен басқа да қасіреттер тарап жатыр.Қазіргі кезде ең үлкен сын-қатер факторы ретінде әлі де кедейлік болып тұр. Кедейлік пен жанжалдық салдары зорлық-зомбылық пен сараңдыққа әкеледі. Теңсіздік пен әділетсіздікке тосқауыл қоймасақ, COVID-тен де жаман вирустарды, яғни өшпенділікті, зорлық-зомбылықты, терроризмді тоқтату мүмкін емес. Бұл өз кезегінде бізді планетарлық ауқымдағы екінші проблемаға әкеледі, осы мәселе ерекше түрде діндарларға қатысты болып тұр» деді Рим Папасы. Осы орайда Понтифик дін көшбасшылары әлемде шешілмей жатқан қақтығыстарды доғару үшін сабырға шақырып, өз үлесін қосуы керек екенін айтты.

Ол сондай-ақ, ұзақ уақыт бойы дінге күдік тудырған қауесеттерді ысырып қоятын уақыт жеткенін айтты. «Әлем бізден рухани тазалықты, сананың тазалығын күтеді. Бұл тұрғыда шынайы діндарлыққа үміт артып отыр. Фундаментализмнен, кез келген сенімді бұрмалайтын және бұзатындардан алшақтайтын, оянатын кез келді. Жүрегімізді таза етіп, жанашырлық танытуымыз маңызды» деді Рим Папасы. Оның пайымынша, әлемде тым ұзақ уақыт бойы дінге деген күдік пен менсінбеушілік тудырған бос сөзді ысырып қоятын уақыт жетті. Бұл негізсіз пікірлер дін қазіргі қоғамның тұрақсыздануына ықпал етеді деген қауесетті таратып келді.

Понтифик әлемдегі климат проблемаларын көтеріп, өзінің парасатты ой-пікірлерін ортаға салды. «Біздің алдымызда тұрған тағы бір проблема – біздің ортақ үйімізді қорғауға қатысты болып тұр. Климаттың елеулі түрде өзгергенін ескерсек, біз әсем табиғатты келер ұрпаққа сақтауымыз керек. Абай өлеңінде: «Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер, мейірбандық дүниеге нұрын төгер» деп жазған. Жаратушы табиғатты жайнатып жасартқан. Сондықтан жер бетін ластауға, орасан зор залал келтіруге қалайша жол береміз? Баршаңызды осы мәселені бірлесіп шешуге шақырамын» деді ол. Климаттың өзгеруі тұрғысындағы проблема пандемияға тікелей қатысты болып тұрғанын ашық айтты. «Орманды жерлерді аяусыз жою, жануарларды заңсыз сату сияқты мысалдар жетерлік және осы жайында ойлануымыз керек. Осы өмірде қанаушылық мінез-құлық біздің ортақ үйімізге орасан зор нұқсан келтіріп жатыр» дей келе адамзат баласын ізгілікке үндеді.

Індет Құдайға сенімімізді күшейтті

Құрылтай мінберінен сөз алған Израильдің Бас Сефард раввині Ицхак Иосиф дін көшбасшылары іс жүзінде үлгі болып, адамдарды жақсылыққа үйретуі керек деген пікірін айтты. «Коронавирус арқылы Құдайға деген сенім күшейе түсті. Өйткені адамдар өздеріне ештеңе тәуелді еместігін, кішкентай вирусты бірде-бір сарапшы түсіне алмайтынын көрді. Мұның бәрі – Құдайдың қолында. Бәріміз жаратушыға жалбарынамыз, қасиетті дұға бізді індеттерден, соғыстардан қорғап, әлемді саналы және жақсырақ етуін тілейміз. Жаратушының дұғаларымызды қабыл етуі үшін не істей аламыз? Айналамызға көмек көрсетіп, жаман әдеттерден бас тарту керек» деді ол.

Раввиннің пайымдауынша, жауап ретінде мұның бәрінің қайтарымы болады. «Дін көшбасшылары шыдамдылық, жұмсақтық, жаман әдеттерден бас тарту, шыдамдылық, бір-біріне құрмет көрсетуде іс жүзінде үлгі болып, адамдарды жақсылыққа үйретуі керек» деп сөзін түйіндеді И. Иосиф.

Съездің екінші күні Бейбітшілік және келісім саябағында ағаш отырғызу рәсімімен жалғасады. 60-тан астам жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар отырғызылады, бұл – съездің делегация басшыларының саны. Келер жылы салынуы жоспарланған Бейбітшілік пен келісім концептуалды саябағы Қазақстандағы түрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, достық пен бірлікті бейнелейді.  Табиғи және демалыс саябағы Есіл өзенінің бойында орналасады. Салтанатты шара аяқталғаннан кейін сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін VII Съездің 4 секциялық отырысы өтеді. Секциялық отырыстар соңында сағат 15.00-де Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің жабылу рәсімі өтеді.

Жабылу салтанатының ең маңызды сәті VII Съезд жұмысының қорытындылары туралы негізгі құжат – Қорытынды Декларацияны қабылдау болмақ.  Декларацияның мазмұнында қазіргі заманның өзекті мәселелерінің пайымдауы, оларды шешудің ықтимал жолдары, сондай-ақ әлемдік діндер көшбасшылары ой-тұжырымдары, халықаралық қоғамдастыққа үндеуі көрініс табады. Декларация БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button