Басты ақпаратҚоғам

Журналистика тоқыраса, қоғам алға баспайды

Қазіргі таңда қазақ баспасөзінің, қазақтілді журналистің мәселесі шаш етектен. Бәсекеге қабілетті және еркін болу, мемлекеттік тапсырыс пен халыққа қызмет ету, журналистің әлеуметтік мәртебесінің болмауы және қаламақы төлеу, жаңа «БАҚ туралы» заңға баламалы ұсыныс беру, қағаз басылымдарға оқырманды жаздыру, таратудағы қиыншылықтар, медиакеңістіктің даму үрдісіне БАҚ-тардың бейімделе алмауы, газет пен интернеттің интеграциясының жүзеге аспауының негізгі себептері деп тізбектеліп кете береді. Бұл – бұған дейін айтылған, алдағы уақытта да айтылатын өткір, өзекті мәселелер.

13 қазанда, Арқадағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Астана ақшамы» газетінің туған күніне орай редакциямызда өткен «Газет пен интернеттің интеграциясы» атты дөңгелек үстелге жиналған Парламент депутаттары, БАҚ басшылары, медиасарапшылар жоғарыдағы өткір де өзекті мәселелерге қатысты орамды ойларын, парасатты пікірлерін ортаға салып, қазақ баспасөзі мен қазақтілді журналистиканың негізгі проблемаларының шешілу жолдарын ұсынды. Біз басқосуда айтылған бірқатар ұтқыр ұсыныс, өткір пікірлерді қаз-қалпында жариялауды жөн көрдік.

Мерейіміз тасыған тарихи күнде алқалы жиынға арнайы шақырылған «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егемберді «Amanat» партиясының хатшысы Ринат Кертаевтың құттықтау хатын тапсырды. Сондай-ақ Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласы бойынша әйелдер күштері альянсының төрағасы Н.Мақжанова ұжымға құттықтау хатын жолдап, шығармашылық табыс тіледі.

Олжас СЫДЫҚБЕК, «Elorda Aqparat» ЖШС директоры:

– 13 қазан – Арқадағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Астана ақшамы» газетінің туған күні. Осы айтулы датаға орай сіздермен бас қосып, қазақ баспасөзінің бүгінгі өткір, маңызды мәселелерін бірге талқылауды жөн көрдік. Олай болса «Газет пен интернеттің интеграциясы» атты біздің дөңгелек үстелге қош келдіңіздер! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдағы БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше назар аударды. Президент Жолдауда «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген ойын айтты. Нұртөре мырза, сіздің пікіріңізше, біздің қоғамда әлі күнге дейін журналистердің мәртебесі жоқ. Мысалы, журналистер мемлекеттік бағдарламаға қатысып, пәтер де ала алмайды. Сіз бұл мәселені Парламент мінберінен де көтеріп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдадыңыз. Бұл мәселені шешу үшін істі неден бастау керек?

Журналистика – дербес институт. Өркениетті елдерде БАҚ саясатына бил

ік араласпайды. BBC-дің жұмысына бір шенеунік араласса, оның мансабы сонымен бітеді. Ал еліміздегі БАҚ керісінше құрылтайшыға, тапсырыс берушіге қызмет етіп келеді. Халықтан қол үзгеннен кейін аудиториямыз тарылды. Негізінде, журналист – халыққа қызмет ететін м

аман иесі.

Журналистикасы тоқыраған елдің өзі де тоқырайды

Нұртөре ЖҮСІП, Сенат депутаты:

Журналист – мәртебелі мамандық

– Күн тәртібіне шығарылған мәселе өте өзекті. Тіпті бірнеше жылдан бері қазақ газеттері тірі ме, өлі ме деген сұрақтар төңірегінде сөзталас, сөзтартыс орын алуда. Бір нәрсе анық, сөз бостандығы болмай, газеттің өрісі кеңеймейді. Қазір республикалық газеттен аудандық газетке дейін тақырыптық аясы бірдей, бірінші бетінен соңғы бетіне дейін бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ. Неге? Себебі мемлекеттік тапсырыс соған негіздейді. Кезінде Алтынбек Сәрсенбаев қазақ газеттерін сақтап қалу үшін мемлекеттік тапсырысты енгізген еді. Енді мемлекеттік тапсырыстың механизмін өзгерту міндеті тұр. Себебі сөз бостандығы, шығармашылық еркіндік болмай, Жаңа Қазақстанның орнауы мүмкін емес. Бұл анық. Қазір газеттің тағдыры қағазға байлаулы. Кедендік одақ елдері аясында біздің Үкімет ұтымды қадам жасап, қағаз алу, қағаз жеткізуді оңтайлы шешуі тиіс. Онсыз газеттер бәсекеге қалай қабілетті болады? Әзербайжандағы әріптестерден мұнай-газдан түсетін қаржыға қор құрылып, сол арқылы бұқаралық ақпарат құралдары тәуелсіз қаржыландыру көзіне ие екенін білдік. Яғни журналистердің әлеуметтік жағдайы өте жақсы, әрі мәртебелі мамандық.

Журналистің ақыл-ой еңбегіне баға беру қиын. Ол – теңдесіз! Оны өлшейтін құрал жоқ!
Журналистің ақыл-ой еңбегін, шығармашылық ізденісін қанаттандырып, оларды материалдық тұрғыда қамтамасыз етуде қаламақы беру белгіленді. Алайда қаламақыны реттейтін бірде-бір заң тетігі жоқ.Қаламақы тақырыбын бір адамдай зерттедім.
Әсіресе, «Айқын» газетін бас­қар­ған жылдары «қаламақы» туралы ереже әзірледік. Қазір сол ереже бойынша журналистер қаламақы алып отыр.

БАҚ туралы заңда журналис­тердің құқықтық, әлеуметтік мәртебесін айқындаумен қатар, қаламақы беру мәселесін де заңдастыру керек.
Озық елдердің тәжірибесінде журналисті мемлекеттік қыз­метпен теңестіргенін көріп отырмыз. Бұл туралы да ойлануымыз тиіс. Мәселен, Түркия төтенше жағдай орын алған кезде журналистер көлігін кез келген жерге қалдырып, оқиға орнынан жаңалық тарата алады. Мұндай жағдайда журналиске полиция қызметі келіп айыппұл салып, мазасын алмайды. Өйткені онда журналистика құрметті мамандық. Ал бізде ұзақ жылдық тәжірибесі бола тұра, іс-шараға аккредитациядан өтпеген журналистер қатыса алмайды.

Жанарбек ӘШІМЖАН, Мәжіліс депутаты:

 Журналистің орны босағада емес, төрде

– Мемлекеттік тапсырыспен бөлінген қаржыны өздерін қорғау үшін, сөзін сөйлету үшін бермеу керек. Мысалы, Франция, Канада, Германия, Италияда атағынан ат үркетін басылымдарға мемлекеттік тапсырыспен 40 миллион доллар бөлінеді. Олар өзінің саясатын қорғау үшін бермейді, тілінің де, басқасының да құлайын деп тұрған ештеңесі жоқ. Бұл елдер мәдениетін, ұлттық мақсат-мұратын, ішкі-сыртқы қарым-қатынасын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін береді. Сондықтан мемлекеттік тапсырысқа байланысты осындай мәселелерді реттеуіміз керек, мұны заңмен реттеу қажет. Содан кейін ең бірінші кезекте ақпарат құралдарының өзара бәсекелестігін арттыру керек. Ақпарат құралы ешқашан басқарылмауы қажет. Қашан да олардың қызметінде еркіндік, ашықтық болуы тиіс. Сонда журналистер де қызыға жұмыс істейді. Қай заманда болмасын журналистер алдыңғы қатарда қызмет етіп келе жатыр. Бірақ оның жанын түсінетін, жағдайын білетін кезең жасау үшін басылымның беделін арттыру керек. Ол белгілі бір құрылтайшылардың есігін күзетіп, босағасында жүретіндей емес, қоғам мен мемлекеттің төрінде, мемлекет басшысының көмекшісі, ұлттың жаршысы болып жүретін деңгейге жетуі тиіс. Мемлекет басшысы Жолдауында ақпарат кеңістігін қайта сараптауымыз керек деп тегін айтқан жоқ. Ол осы бағыттағы еліміздің негізгі жетекші дәстүрлі басылымдарына қатысты көзқарасын білдірді.

Өз басым дәстүрлі басылым­дардың күні бітті деген сөзбен келіспеймін. Батыс пен Шығыстағы дамыған мемлекеттерде әлі күнге дейін қолына қағаз газет ұстап, таңда сол газетті күтіп, кешін сол газетпен өткізетін елдер көп. Біз де сол күнге жетеміз деп сенемін. Қазақ ақпарат кеңістігінде қаракөз басылымдардың дәуірлеген кезеңін бірге көрейік, соған бәріміз қызмет етейік, ол үшін алда Мәжіліске келетін БАҚ туралы заңға сергек қарайық. Жалпы мұндай заңдар қоғамдық талқыға түсуі керек. Қай мемлекетте болмасын БАҚ туралы заңы дұрыс, барлық шешімі тапқан жерде министрліктің түкке керегі болмайды. Мәжіліске бұл заң әлі келген жоқ. Соның алдында Бас редакторлар клубы, жекелеген редакциялар, бүкіл интернет-ресурс бар, жалпы ақпарат кеңістігінің белсенді азаматтары заңды талқылауға шығаруы керек. Тиісті мемлекеттік органнан заңды сұратып алуы қажет. Әрбір бабын, тармағын лупамен қарау керек. Бұл заңға бәріміз алаңдап отырмыз. Өйткені бұл әсіресе ұлттық ақпарат кеңістігіндегі қаракөз басылымдарға қажетті заң. Бұл заңға бәріміз бірдей үн қосып, тиісті деңгейде қабылдануына күш салайық.

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН, республикалық Бас редакторлар клубының вице-президенті:

 Заңға барлық журналист назар аударуы керек

– БАҚ туралы заңның алғаш­қы нұсқасы қолға тиді. Шикі тұсы жоқ емес. Біз 80-ге жуық ұсыныс енгізіп, құзырлы министрлікке жолдадық. Алайда әріптестеріміздің белсенділігі тым төмен екенін айту керек. Шығармашылық қауымның бағын ашатын БАҚ туралы заңға журналистер ерекше назар аударуы тиіс. Өйткені қаламгер қауымның тағдыры осы заң арқылы шешілмей ме? Баршамыз жұмылып, заңда журналистерді әлеуметтік, құқықтық тұрғыда қорғайтын деңгейге жеткізу міндеті тұр. Бұған барша журналистер атсалысуы керек-ақ. Өздеріңіз білетіндей, полиция, дәрігер, мұғалім, прокуратура туралы заңда олардың міндеті мен құқығы айқын көрсетілген.

Егер БАҚ туралы заңда журналистер қауымының мәртебесі анықталып, құзыреті, рөлі, міндеті дәл бекітілген жағдайда ғана бағы ашылады.

Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары:

Еркіндік берсе, елдің сөзін сөйлейді

– Газет пен гаджеттің айтысы үдеп тұрғаны рас. Блогерлер мен журналистер, «квн-щиктер» мен сатира театры, эстрада мен опера айтысып жатқан заман. «Атамның шоты аса-аса тиеді» дегендей, блогерлер «журналистика деген мамандықты оқып керегі жоқ, біз кез келген уақытта, кез келген орында адамға керек ақпаратты бере аламыз» деп соғады. Олардың логикасына салсаң, Димашты да оқытудың керегі жоқ боп шығады. Білім қай салаға да керек. Жүйелі білім болмай, мәйекті мақала да жазылмайтыны – ол ақиқат. Бірақ солай болса тұрса да, қазір қоғамда блогерлердің десі басым, неге? Бәрі еркіндікке тіреледі. Мемлекеттік газеттің тілшілері цирктің аттары секілді, аренаны айнала шабады. Блогерлер сияқты біздің журналистер де шабады, бірақ олар кең далада еркін көсіліп шабады. Шын мәнінде, еркіне жіберсең, бөркіне жіберетін тебіні тентек журналистер бізде де бар. Қазір барлық БАҚ журналистері бір-бірінен аумайды, бәрінің жазып жатқаны бірдей. Өйткені қазір «пресс-релиздік журналистика» дәрендеп тұр. Тілшілер бір шараға барса, дайын баспасөз парақшасын алады да, соңына өзінің аты-жөнін жазып жібере салады. Бір баспасөз парақшасынан қате кетсе, барлық БАҚ-тың қателесетінінің сыры осында. Баспасөз баяны бойынша өзінше қорытып, жазатын баяғы дәуірдегі журналистер жоқ. Журналистка өзінің көркемдігінен, классикалық журналистика өзіндік қасиетінен айырылды.

Қайрат САҚ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы:

Халық мүддесі бәрінен биік

– Кез келген мәселе ғылыми негізде ғана қолға алынса нәтиже береді. Біздің БАҚ-та ғылыми сараптама жоқ. Әлемдік деңгейдегі редакциялардың тәжірибесін келтірсек, оларда ғылым салаларының мамандары жұмыс істейді. Басылымның аудиториясын, материалдардың өтімділігін талдайды. Алаш зиялыларының уақытында, алпысыншы жылдардағы жылымық кезеңі мен тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінде журналис­тердің беделі жоғары болды, баспасөз шын мәнінде өз функциясын толық атқара алды. Оның себебі – басылымдардың дербестігінде. Журналистика – дербес институт. Өркениетті елдерде БАҚ саясатына билік араласпайды. BBC-дің жұмысына бір шенеунік араласса, оның мансабы сонымен бітеді. Ал еліміздегі БАҚ керісінше құрылтайшыға, тапсырыс берушіге қызмет етіп келеді. Халықтан қол үзгеннен кейін аудиториямыз тарылды. Негізінде, журналист – халыққа қызмет ететін маман иесі. Бізде БАҚ емес, ТАҚ, яғни топтық ақпарат құралдары бар. Ақпарат бір топқа ғана шығарылады. Журналистикасы тоқыраған елдің өзі де тоқырайды. Ахмет Байтұрсынұлының «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегенін, журналистиканың дербестігін заңда бекітуіміз керек. Сол замандағы «Қазақ» газеті – өзін-өзі қаржыландырып, табыс тауып, сонымен қоса халыққа көмек берген газет. Биліктен бір теңге алмаған. Қайта газет шығарушыларына айыппұл салынған еді. Халықтың мүддесіне қызмет еткен «Қазақтың» оқырманы да, жарнамасы да, табысы да ұлғайды. Оған маркетингтік менеджменті мықты болғаны себеп. Яғни халықпен байланысы күшті болғаннан басылымның әлеуеті де мықты болды. Кешегі «қаңтар» журналистиканың артта қалғанын көрсетті. Егер журналистика өз функциясын толық атқармаса, қоғамдағы толып жатқан қоғамдық кеңес­тердің біреуінің де қажеті болмас еді. Барлық бұқаралық ақпарат құралдарын заң тұрғысынан, ғылыми негізде, білім мен біліктілік жағынан жетілдірсек, нәтиже береді деп ойлаймын.

Ысқақ ЕГЕМБЕРДІ, «Айқын-Литер» ЖШС директоры:

Газеттің көтеретін жүгі ауыр

– Қазіргі таңдағы бір мәселе – біз рейтинг қуып кеттік. Рейтингті көтеру үшін сайттар «анау өйтіп қапты, мынау бүйтіп қапты» деген сияқты мазмұндарды салып, қаралымды арттыруға тырысады. Сондықтан бәрін рейтингке байлауды тоқтатып, мазмұнға бағыну керек деп ойлаймын. Екінші бір мәселе – қағаз мәселесі. Бүгінгі таңда қағаздың бір орамы (рулоны) 146 мың теңге тұрады, келер жылы бұл баға өсіп, 530, 540 мың теңгеге дейін баруы мүмкін. «Айқын», «Литер» газеттерін басып шығаруға жылына 500 орам қағаз кетеді. Оның үстіне, қағаз сату саудасын «Дәуір» деген серіктестік монополиялап алған, бүкіл республикаға сол серіктестік қана таратады. Бағаны өздері белгілейді. Біз осы жағдайды өзгерту үшін министрлікке хат жаздық. Қытай, Ресей елдерінің қағаз өндіретін орындарымен сөйлесіп жатырмыз. Демек, қағаз саудасын бір серіктестік монополиялап алатын жағдайды өзгерту керек. Қағаз өндіретін зауыттардың өзімен сөйлесіп көрсек, бағасы екі есе арзан. Яғни 78 мың теңгеден алған қағазды бізге 146 мың теңгеден сатып, ортадан кім пайда көріп отыр?! Бұл – ескеретін мәселе. Газетті оқырманға жеткізуге қатысты да үлкен мәселе шешілмей отыр. Мәселен, «Қазпошта» газетті жеткізуге 40 теңге баға қойып отыр, ал газеттің өзіндік құны – 40 теңге. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе ғой! Сол газетті шығару үшін шығармашылық ұжым қаншама еңбектенді. Бұл да заңмен реттелуі керек сияқты.

Газет оқылмайды, қаралмай­ды, таралмайды деген сөз – бос әңгіме, негізі. Өз көзіммен көргенім, мысалы, Атырау облысында Құрманғазы, Азғыр деген адам аяғы баспайтын жер бар, әкімдердің өзі бармайды ол жерге. Себебі техника жете алмайды. Сол жерге дейін газеттер жетіп, бір Құрманғазы ауданының өзінде 8200 таралыммен газет шығып тұр. Тіпті республикалық басылымдар ондай деңгейге жете алған жоқ. Сондықтан газетті өлтіреміз, өшіреміз деп жүргендер қателеседі. Тағы бір айта кетерлігі – газет пен сайтты салыстыруға келмейді. Сайт ол жылдамдыққа және, өкінішке қарай, «хайпқа» жұмыс істейді. Өнер адамдарының жеке өміріне қатысты ақпараттарды шығарып, қаралым көбейтеді, сөйтіп рейтингін өсіреді. Біз рейтинг көтеруге емес, мазмұнға жұмыс істеуіміз керек. Ал газет – ол тарих. Мәселен, сайтта немесе әлеуметтік желіде шыққан ақпарат үшін ешкім соттаспайды, ал газетте шыққан дүние – ол нағыз ақпарат. Себебі бір мақаланың артында апталап жүретін үлкен еңбек жатыр. Сондықтан газеттің арқалайтын жүгі ауыр.

Ең өкініштісі, қазір газетке жазылу күрделі болып кетті. Мен осы мәселемен бетпе-бет келдім. Прокуратура тексеріп келеді, 1800 адам жұмыс істейтін мекемеде бар болғаны 3 газетке жазылады. Неге десең, жұмысшылар шағымданады дейді. Ал газетке жазылуға шақыру қылмыс па? Өткенде Amanat партиясының филиалдарындағы газетке жазылу мәселесіне мониторинг жүргіздік, сонда 2 ғана газетке жазылған облыстар бар екені белгілі болды. Бұл деген масқара ғой! Түркияда мынадай әдіс бар: бір мақаланы сайтта толық оқу ақылы, бір жақсы мақалаға тақырып қояды да, анонс ретінде береді, әрі қарай толығырақ оқу үшін мынша теңге төлеңіз дейді. Екіншіден, бір ТРТ алпауыт компаниясы бар, олар коммуналдық қызметтер қатарына газеттерге жазылуды да міндетті етіп кіргізіп жіберген. Газетті аласың ба, алмайсың ба, сенен сұрамайды. Бізге де осындай тәуекелге бару керек.

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ, «Aiqyn» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы:

Ақпараттық қауіпсіздік – қоғам қауіпсіздігі

– Цифрлық коммуникация құралдарының мүмкіндігі қаңтар оқиғасында көрінді. Бір сәтке интернетті кесіп тас­тағанда, дәстүрлі баспасөзден сайттарға жүгіндік. Цифрлық коммуникация құралдарын, оның ішінде дәстүрлі баспасөзді мемлекет тарапынан қолдауы дұрыс. Басылымды таратудан бастап, қаламақы, басылымдардың қағазына субсидия бергенге дейін дүниесін мемлекет арнайы қор арқылы не бір көзден қаржыландыру керек. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесін қолға алу – мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясына бағытталған, басылымдарды, журналистерді қолдаудың механизмі. Бұл мәселені заң жүзінде бекіту маңызды. Әлемдегі геосаяси ахуал журналистиканы бұрынғыдай ақпарат тарататын құрал емес екенін көрсетіп отыр. Қазіргі БАҚ – ашық соғыс алаңы. БАҚ туралы заңға «ақпараттық қауіпсіздік» деген арнайы пункт қосу керек, сонда журналистердің мәртебесі айқындала түседі.

 Дайындаған «Астана ақшамының» тілшілер тобы

Суреттерді түсірген Оңалхан ӨНЕРХАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button