Елорда тынысы

«Жүрекпен сезінуге» шақырды

Бүгінгі таңда Астана қаласы әкімдігінің бір ғана №1 психология­лық-педагогикалық түзеу кабинетінде соңғы 10 жыл ішінде 5 мыңнан астам бала мемлекеттік қызметпен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда олар қаланың жалпы білім беру ұйымдарында білім алуда. Алайда ата-аналар қалада осындай түзеу ұйымдары бар екенін және олардың қызметі туралы көп біле бермейді. Осы орайда аталған мекеме кеше мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Жүрекпен сезіну» фестивалін өткізді.

М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы маңындағы Арбат демалыс алаңында ұйымдастырылған іс-шараға Білім министрлігі, Алматы қаласы Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, Астана қаласы Білім басқармасы, Сарыарқа ауданы әкімдігі өкілдері, демеуші ұйымдар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың отбасылары қатысты.

– Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік бейімдеу және интеграциялау фестивалін өткізу арқылы қоғамның назарын мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселелері мен мүдделеріне аудару көзделіп отыр. Сонымен қатар бұл іс-шараны өткізудегі тағы бір сүбелі себеп – елордадағы осы «№1 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» КММ құрылғанына биыл 10 жыл толуы. Бұл мекеме Астана қаласы әкімінің қаулысымен 2013 жылы ашылып, 0-18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін алғашқы мемлекеттік ұйымдардың бірі болды. Содан бері қаншама ерекше баланың дамуына ықпал етіп, олардың ата-аналарының жанына жалау болып келеді, – деді білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбекова.

Фестиваль барысында мүгедек балалардың отбасылары мен қала тұрғындары әртүрлі сала мамандарынан, атап айт­қанда, сурдопедагог, педагог-психолог, тифлопедагог, логопед, дефектологтан балаларды ерте жастан оңалту мүмкіндігі туралы кәсіби кеңес алды.

Қаланың арнайы білім беру ұйымдарының қатысуымен балаларды түзету-дамыту процесінде қолданылатын оқу-әдістемелік құралдар мен инновациялық жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ қолөнершілер, суретшілер, аниматорлар ойын-сауық және танымдық бағдарламалар ұсынып, фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Ерекше қажеттіліктері бар балалар әртүрлі бағыттағы шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ балалардың ақыл-ойы мен физикалық дамуына ықпал ететін, асықпен және нейрогимнастикалық жаттығуларды орындайтын ұлттық ойындар өткізілді. Тірек-қозғалыс аппаратында ақауы бар адамдарға бейімделетін спорттық құрал-жабдықтар көрсетілді. Жалпы іс-шараға мақсатты топтағы 2000-нан астам балалар мен ата-аналар қатысты.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button