Басты ақпарат

Жүрек жұтқан Шерағаң

немесе «социалистіктен» қалай құтылдық?

Менің бүкіл саналы ғұмырым баспасөз саласында өтті. Еңбек жолымның әуелгі он жылын жас қаламгерлердің ұстаханасы «Лениншіл жаста» («Жас Алаш» газеті) шыңдасам, кейінгі отыз бес жыл табан аудармастан қазақ баспасөзінің қасиетті де, киелі қара шаңырағы – «Егемен Қазақстанда» тер төктім. Ширек ғасырға жуық жауапты хатшы лауазымын абыроймен атқардым.

Қызығы мен қиыншылығы қат-қабат журналистік өмірде он Бас редактормен, жүздеген қаламдас әріптестермен қоян-қолтық қызмет еткенімді ұдайы мақтан етемін. Газет шығару барысында талай-талай тарихи оқиғалар мен ұмытылмас елеулі жаңалықтардың бел ортасында жүрдік. Уақыт керуенінің куәгері ретінде сүйікті газетімнің ғасырлық шежіресі жайында тебірене қалам тербеу қандай ғанибет?! Әңгімеміз шашыраңқы болмас үшін тек Шерхан Мұртаза газет тізгінін ұстаған алмағайып кезеңнен сыр ақтарғанды жөн санадым. Өйткені бұл күнде ұлан-байтақ елімізде 90 жылдығы зор құрметпен, үлкен сағынышпен өтіп жатқан Шерағаң – менің тұңғыш редакторым. Соңғы курста жүргенімде «Ленжасқа» жұмысқа қабылдаса, жиырма жылдан кейін Отанымыздың бас басылымында қайта қауыштық. Опасыз жалған дүние-ай, Алаштың ардақтысы атанған Шерхан ағаның саңқылдаған өр даусының естілмегеніне де біраз жыл болыпты-ау. Ұлы ұстаздың жүрегі дамылдағанмен, оның ерлікке пара-пар ғаламат істері мен іздері ешқашан өшпей, елінің есінде әрдайым жаңғырып тұрса керек…

…Әр ұжым үшін есте қалар ерекше күн болады. Міне, бүгін сондай маңызды да, тарихи күн! 18 маусым, 1991 жыл. Газет аты өзгерді. 54 жыл бойы «Социалистік Қазақстан» болып шығып келе жатқан газетіміз «Егеменді Қазақстан» деген жаңа атпен жарық көріп отыр. Өмір-бақи «СҚ»-ның шекесінде тұратындай көрінетін девизі – ұрансөзі «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» орнына қорғасыннан құйылған «Егемен болмай – ел болмас!» шақыруы да өзгерді. «Егеменді Қазақстанның» №139 тұңғыш нөмірінің ұрансөзі айбарлана айқайлап тұр: «Азаттық. Теңдік. Туыстық!».

Жаңалықты жұрт тез көреді, бірден байқайды. Ертелі-кеш дамылсыз құттықтап жатыр. Телефон шалушылар да, аяғымен келіп бас сұғушылар да көп. Әрине, басылым атының өзгергені туралы редакциялық мақалада бүгіліп қалған біраз жайлар бар. Біз үшін үлкен оқиға саналған газет атын өзгерту барысындағы қалың көпшілік біле бермейтін кейбір қалтарыстарды ретті тұста ашық айта кеткенді жөн көрдім.

Ел еңсесін көтерген демократия дүмпуі жетпіс жыл бойы партияның қолшоқпары боп келген сықиған «СҚ»-ға да жеткен. Әсіресе соны сілкініс, бұлғақ мінез газет басына еменнің қарсы біткен иір бұтағындай Шерхан Мұртаза отырған сәттен айрықша аңғарылды. Шығармашылық ұжымды басқаруда өзіндік дара стилі бар қайтпас-қайсар редактор ә дегеннен «СҚ»-ның сірескен сеңін сөгуді батыл қолға алды. Жоғарыға жалтақтамай, Үлкен үймен «ақылдаспай», Кремльдің көңілін ауламай, партияның гүрзісінен қорықпай-ақ, тура ертеңгі газеттің материалдары жоспарланып жатқанда, макет сызылып, бет қатталу үстінде өз ойы мен талабын орындатып отырды. Сөйтіп газеттің мазмұны мен бет-бейнесін аз уақыттың ішінде түбірімен өзгертуге құлшынды. Әрине, мұндай қыруар істі, көтерілмеген тыңды, алынбаған асуды жалғыз редактор ғана тындыра алмасы анық. Ең ғажабы, Мұртаза қатып-семіп, бұйығы әрі жалтақтап қалған шығармашылық ұжымды қайта тірілтіп, жанартаудай дүр сілкіндірді. Редактордың құдіреттілігінің өзі, міне, осында!

Аз уақыттың ішінде талантты да жазғыш, қабілетті де іскер ұжымды қалыптастырды. Әрине, сазарып, безеріп, зілденіп, үркітіп-қорқытып емес. Мұртазаның талабы мен тегеурініне төзе алмаған салбөкселер мен дарынсыз жазармандар өз еріктерімен, өз арыздарын жазып табандарын жалтыратты. Жерлестерін, тамыр-таныстарын, үрім-бұтағын қасиетті де, киелі шаңырақтың есігінен сығалатпады. Айтуға оңай, бірақ… Тазалықты темірқазық нысана еткен реформатор-редактор ұстараның жүзінде отырса да жалтақтық көрсетпеді, жалпақшешейлік байқатпады. Журналистер қаламына еркіндік берді, жүрегіне от жақты. Сәт сайын демеп, қолдап отырды. Арыстанның көз алдында қайта түлеген басылым беделі қысқа мерзімде соқталана түсті.

Бірер ғана мысал: Қадым заманнан айтылып жүрген ай аттары қазақша жазылды. Мос­ква, КПСС, ТАСС, Указ, Секретарь, т.б. тікелей жоғары жақтың құзырына телінетін ресми терминдер газет бетінде, верстка үстінде батыл тәржімаланып берілді. Келімсектердің тілінде жазылып, шұбарланып кеткен елді мекен, жер-су атау­лары жөнінде жүрексінбей-ақ «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деген айдармен мәселені бүйірден қойды. «Ов», «ев» қамытынан құтқарған да «Алтын-күмістің үстінде отырсаң да өз қолың өз аузыңа жетпейді», «Өз астанасынан баспана бұйырмаған қазақ жастары тентіреп жүр» деп дабылдатқан да, «Кіші 37» емес пе?» деп бүкіл елді елең еткізген де – өзіміздің Шерағаң. Газеттің әділ сөзі мен өткір сыны текке кетпеді, Алматы, Талдықорған облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылары Меңдібаев, Жигулин, Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы Волчков креслоларынан ұшты. Бұрын-соңды мұндайды естіп-көрмеген қалың жұрт еңсесін тіктей бастады. Газет рейтингін көтерген материалдарды ондап санауға болады. Бірақ, қажеті шамалы. Айтпағымыз ол да емес. Әрине, сөз де естіді, ескерту де алды. Әйткенмен жүрек жұтқан редактор журналистерін жарға жығып, отқа күйдірмеген…

Айналдырған бірер жылдың бедерінде газеттің таралымын қиын-қыстау, алмағайып заманның өзінде бұрын-соңды болмаған биікке көтеріп, екі жүз мыңның үстіне шығарды. Іргесі сөгіліп құлауға таянған «ұлы» державаның сойылын соққан сұрғылт та, сүреңсіз басылымның беделін күрт көтерген Шерағаң маңызды да, жауапты шептегі ақмылтық журналистеріне арқа сүйеді. Мықты басшы бар жерде – мықты ұжым бар. Ортақ жеңіске ұмтылған басшысы мен қосшысы жарыса жазды.

Сүйікті оқырмандары әлі күнге дейін аңыз ғып, тамсана айтатын Шерхан ағаның алмас қаламұшына ілінген еске түскендерін ғана тізейікші. Олар – «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетер», «Сталинге не жетпейді?», «Қазақ қалай көбейеді?», «Тілі жоқ халық – судағы мылқау балық», «Құран сөзін құрметте», «Аш бала мен тоқ бала», «Ақшадағы алақан», «Сүлік те бұлай сормайды», «Кенесарының басы қайда?», «Мұрагерсіз патша», «Баға қайда барасың?», «Өз үйіңді қорлама», «Тарих қалай түзеледі?», «Талант сатылмайды», «Отарлау озбыры», «Жалғыз бала», «Оқымайтын бастықтар», «Таяқ лақтырсаң, академикке тиеді» т.б.

Қысы-жазы тізгін босатып, бел шешпеген Мұртаза командасы әдеттегі баспасөзге жазылу науқанын күтпестен, өз оқырмандары ортасында жүрді, кездесулер өткізді. Газет жанашырларымен жүздесіп, ой-пікірлерімен бөлісті. Газет сөзінің салмағы мен құдіретін жүректерге ұялатты. Сықырлаған кеңселердің есіктерін ашуға асықпай, талғампаз оқырмандар кеңесіне көбірек құлақ түрді. Бұл да тек жанкешті күрескер Шерхан Мұртазаға ғана тән үрдіс екенін бөлекше айтқанымыз жөн. Өйткені жеңіс пен жеміске жетудің жолы қашанда даңғыл болмаған.

Мерейі өскен Шерағаң «таяу арада жүзеге асырсам» деген арманын оқтын-оқтын сездіретін. Ол – газет атын өзгерту. Ақиқатын айту керек, қырдан лекіген алтынкүректің лебіндей, соңғы кездегі өзгерістер нышаны мен уақыттың өзі қылтитқан бұл мәселені лездемелерде жігіттер көтеріп жүрді. Толғағы жеткен проблеманы ұжым назарына алып шыққан бас редакторымыз Шерхан Мұртаза:

– Қашанғы «социалистік» боп жүре береміз. Газетіміздің атын өзгертуіміз тиіс. Кәне, қайсыңыз­да қандай ой бар? Ортаға салайық. Ақылдасайық. Мәселенки, мен «Азат Қазақстан» атауын ұсынар едім. Әрине, жүрегім сезеді. Саяси Бюро өткізбейді. Сөйтсе де «Торғайдан қорыққан тары екпейді» демекші…

Тұс-тұстан айтылған ұсыныс­тар, пікірлер мен қолдаулар ортақ арнаға құйылған.

– Кәне, Ержұман мырза, – деді Шерағаң бір кезде. – Шапшаңдатып Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Саяси Бюросы атына «Социалистік Қазақстан» газетінің атын өзгерту мәселесі туралы ұсыныс-хат әзірлеңіз. Ұжымның ұсынысы мен талап-тілегін тегіс көрсетіп жазайық. Егеменді елімізге социалистік атауы жараспайды.

* * *

…Көп ұзамай сүйінші хабарды бас редакторымыздың өзі жеткізді. 5 маусым күні түстен кейін бүкіл ұжымды кабинетіне жедел жинаған Шерағаң:

– Иә, халдеріңіз қалай? – деді жайраңдап. Үнінен де, керілген қабағынан да жақсылық белгісі аңғарылады. – Түнеугүні газеттің атын өзгерту жөнінде Орталық Комитетке ұсыныс бергендеріңіз естеріңізде шығар. Осы мәселені бүгін Саяси Бюрода қарады. Сіздердің тілектеріңіз қабыл болып, құдай бұйырса, бұдан былай газетіміз «Қазақстан» деп аталады.

Бастығымыздың сөзін аяқтатпастан шатырлата қол соғып жібердік. Қатар отырған жігіттер жымыңдасып, қол алысып бірін-бірі құттықтап жатыр.

Осы уақытта көп телефондардың бірі шар ете түсті.

– Ало-о!.. Иә, Өзеке… Коллективті жинап, жаңалықты айтып жатыр едім ғой… – Ілкі мезеттік үзілістен соң, іле тіл қатқан Шерағаңның даусы әлгіндегіден гөрі қатқыл шыққан. – Немене, сонда бізді қайтарып жіберіп, өздеріңіз шеше салғансыздар ма?.. Бұ қалай?.. Ендеше, девизін жаңаша өзгертіңіздер… Менің ұсынысым «Азаттық» деген сөзді кіргізу керек. Бірде-бір сөзіміз өтпесе неғып отырам. Онда отставкаға кетем…

Телефондағы әңгімеге құлақ түрген ұжым үн-түнсіз. Ашу буған редакторымыз кіммен сөйлесіп отырғанын әуелде-ақ аңғарғанбыз. Қателеспеппіз. Телефон құлақшасын сылқ еткізіп ұясына тастай салған ол:

– ЦК-дан, Жәнібеков звондап жатыр, – деді зілдене. – Газет аты «Қазақстан» емес, «Егеменді Қазақстан» деп өзгеретін болды. Ал ұраны: «Азаттық. Теңдік. Туыстық!». Өздерің де естідіңіздер. Зорға келісті. «Азат» сөзінен қорқады шетінен. Үрейленетін несі бар. Жаңа атауларың құтты болсын! Бұған да шүкір. Бабаларымыз аңсаған күнге де жетерміз…

Қабағы қайта жарқырап, құрыс-тырысы жазылған Шерхан аға орнынан байсалды түрегеліп бәріміздің қолымызды ықыластана қысып шықты. Ойының орындалғанына қуанғандай. Біздің де көңіліміз шат.

* * *

Адам жадында ұмытылмастай сақталып, оқта-текте жаңғыртып қоятын үлкенді-кішілі оқиғалар болады. Сондай елеулі мезеттердің бірі – жоғарыда өзім куә болып, өз құлағыммен естіген Шерхан Мұртазаның Орталық Комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековпен телефонмен тілдесуі.

Бұл бұлдыр әңгімеге қатысты жағдайды сол кезде Орталық Комитеттің идеология бөлімінде жауапты қызмет істеген, осыдан бірер жыл бұрын «Социалистік Қазақстанда» редактордың орынбасары болған белгілі қаламгер Ербол Шаймерденұлы талай жыл өткеннен кейін ашық жазды. Саяси Бюро отырысы жөнінде әріптесіміз өзінің «Газет қалай «Қазақстан» атана жаздады?» деген естелігінде егжей-тегжейлі баяндайды.

…Мәселе 1991 жылғы 5 маусымда қаралды. Қазақстан КП Орталық Комитеті Саяси Бюросының күн тәртібіне «Социалистік Қазақстан» газетінің атын және республикалық партия газеттерінің ұрансөздерін өзгерту туралы» деген мәселе қойылды. Әрі тарт та, бері тарт талқылаудан кейін, жөн бергенде, оң шешім қабылданып кетті. Тиісті қол да қойылды. Қаулыда: 1. «Социалистік Қазақстан» редакциялық ұжымының газеттің атын өзгерту туралы ұсынысы мақұлдансын және ол 1992 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан» деген атпен шығарылсын. 2. «Социалистік Қазақстан» газетінің ұрансөзі етіп «Егемен болмай – ел болмас!» деген қанатты сөз, «Казахстанская правда» газетінің ұрансөзі етіп «За гуманизм и демократию» сөзі бекітілсін» деп тайға таңба басқандай анық жазылған еді.

Бірақ бұл шешімнің ғұмыры өте қысқа болды. Әртүрлі себептермен сол күні-ақ қаулының басқа нұсқасы дүниеге келді. Газет «Егеменді Қазақстан» аталатын болды да, ұрансөзі «Азаттық. Теңдік. Туыстық!» деп қайта айқындалды. «Казахстанская правда» газетінің ұрансөзі өзгеріске ұшыраған жоқ.

Нақты істің ортасында жүрген, тікелей Өзағаңмен байланысып отырған бөлімнің жауапты қыз­меткерінің сөзі біраз жайдан хабар береді. Байқаған боларсыздар, біз білмейтін құпия. Қаулыда жаңа атқа ие болған газетіміз тек алдағы 1992 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Егеменді Қазақстан» боп тарауы керек екені тайға таңба басқандай анық көрсетілген.

Жарты жыл… Кім бар, кім жоқ?! Кетеуі кеткен ұлы державаның – қызыл империяның іргесі сөгіліп, шаңырағы шайқалып тұрған шақтың мүмкіндігін уыс­тан шығарып алмаған абзал. Жер бауырлап жеткен жаңалықтың әсері – әлсіз, мерейі – мәнсіз. Газеттің фирмасы дайын болған күні, ырғалып-жырғалмай бас редакторымыз тәуекелге бел буып батасын берді:

– Тектен-тек уақыт созбайық. Тура ертеңнен бастап жаңа атаумен, жаңа фирмамен шығуымыз керек, – деді Шерағаң макетті талқылап, бекіту үстінде Ержұман екеумізге назарын аударып. – Әзірге дабырлатпаңдар. Бәрін де өз мойныммен көтеріп алдым.

Неткен батылдық, неткен жүрекжұтқандық! Екінің бірінің қолынан келмесі және анық. Халқым деп туған нағыз наркес­кен, күрескер қаламгер Шерхан Мұртазаның ерлігі демей көріңіз.

Иә, Шерағаңның батырлығы – бұл!

Сөйтіп ЦК-ның шешіміне қарамастан «Егеменді Қазақстан» қалың оқырманына асыға жол тартқан. «Социалистік» тіркемесінен осылай құтылған едік. Тарихтың өзі шындығында, мәңгі ұмытылмас жарқылдардан құралса керек.

Ал менің санамда Шерағаңның жебе-қаламынан туған өшпес туындылары, құлағымда мәңгі өлмейтін өршіл даусы дабылдап тұрғандай.

Жанат ЕЛШІБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button